Ұлы Отан соғысының 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының «Мәдениет» бастауыш партия ұйымы «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» тақырыбында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды.
Кездесу 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында қазақстандықтардың майданда және тылда көрсеткен батырлығы мен ержүректігі туралы жастарға жеткізу, патриотизмге тәрбиелеу, олардың бойында еліміздің өткен тарихына құрмет сезімі мен тарихты білуге деген қызығушылығын арттыру мақсатын көздеді.
Шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Социалистік Еңбек Ері, І дәрежелі Даңқ, «Құрмет» ордендерінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері Леонид Картаузов, Еңбек Қызыл Ту, ІІІ дәрежелі Даңқ, «Құрмет» ордендерінің және «Жауынгерлік қызметі үшін» медалінің иегері Қадам Бекен, еңбек ардагері, тыл еңбеккері, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Бостан Шахманов, еңбек ардагері, тыл еңбеккері, «Үздік еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Ысқақова және партия мүшелері қатысты.
Қонақтарға арналған сөзінде «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының «Мәдениет» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары, Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин ардагерлерге жеңіске қол жеткізуде жауынгерлік еңбегі мен қаһармандық күш-жігері және өскелең ұрпақтың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге қосқан баға жетпес үлесі үшін өз алғысын білдірді. Оның айтуынша, алдыңғы қатарлы жетістіктерде және қазіргі заманғы Қазақстанның табысты дамуында соғыста және соғыстан кейінгі мемлекеттің құрылысында қиыншылықты бастан өткерген аға ұрпақтың үлесі айрықша бағалы. Сондықтан, Қазақстанның бүгінгі ұрпағы осыны есте ұстап, елімізде бейбітшілікті сақтау үшін барлығын жасау керек деп, өз ойын жеткізді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері Леонид Картаузов пен Қадам Бекен соғысқан жерлерін, Мәскеу, Сталинград, Тирасполь, Минск, Кишинев, Варшава қалаларын азат ету бойынша әскери операциялар туралы баяндап берді. Сонымен қатар, қонақтар 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласында Жеңіс күнін тойлап, Рейхстагқа Жеңіс туын тігуі туралы өз ойларымен бөлісіп, қазақстандық жас ұрпақтарға бейбітшілік, тұрақтылық және елімізге тыныштық тіледі.
Л.Картаузов тың игеру кезінде атқарған жұмыстары туралы айтып берді. Соғыста екі аяғынан айырылғанына қарамастан, тракторға отырып, өзінің қажырлы еңбегі үшін еліміздің ең жоғары марапатына ие болғанын жеткізді.
Тыл еңбеккерлері Б.Шахманов пен К.Ысқақова ауыл шаруашылығы саласында балалар мен әйелдердің тәулік бойы барлық халықпен бірге майданға қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету кезеңіндегі еңбек тылында болған өмір қиындықтарын айтты. Олар жақындары мен туыстарынан айырған әскери және әскерден кейінгі өмірде орын алған тағдырларындағы қиындықтары туралы да айтты.
Кездесуге шақырылған ардагерлер қазақстандық ұрпақтың сабақтастығын тағы да атап, өз қолдарымен «Нұр Отан» партиясының жаңадан қабылданған мүшелеріне партиялық билеттерді тапсырды. Ардагерлер жас партия мүшелеріне өз баталарын беріп, Қазақстан Президенті – «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын жүзеге асыруда табыстар тіледі.
Кездесу соңында «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының басшылары ардагерлерді келе жатқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығымен тағы да құттықтап, естелікке сыйлықтар тапсырды.
«Егемен-ақпарат».