13 Сәуір, 2016

Жерді тиімді пайдалану қажет

498 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
100 нақты қадамОсы жылдың 1 шілдесінен бастап Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, еліміздің ауыл шаруашылығына арналған жерлері тұрғындар мен заңды тұлғаларға аукцион арқылы сатылмақ. Ал, сатып алынған жерлер мақсатты пайдаланылмайтын болса мемлекет иелігіне қайтарылады. Ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдігімен бірлесе «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде Жер кодексінің нормаларын және басқа заңнамалық актілерді түсіндіру бойынша кеңес өткізді. Кеңеске мемлекеттік, жергілікті атқа­рушы органдар, ауылшаруашылық тауар өндірушілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында ауылшаруашылық мақсатындағы жер­лерді тиімді пайдалану, сонымен бірге, құрылыс саласындағы салық заң­нама­сына енгізілетін жоспарланған өзгерістер мәселелері талқыланды. Ұлттық экономика министрлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурс­тарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Смағұловтың айтуынша, жалпы, ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізу үшін ұсынылған жердің жалпы ауданы қазіргі уақытта 100,8 миллион га құрайды, бұл ретте ауылшаруашылық мақсаттағы жердің тек 1,3%-ы (1,3 млн.га) жеке меншікте. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 35-36 қадамдарын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке берудің жаңа механизмін енгізу мақсатында өткен жылы қарашада Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жер ко­дек­сіне енгізілген түзетулер мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсат­ындағы жер учаскелерін жекеменшікке аукцион арқылы беруді қарастырады. Бауыржан Смағұловтың баян­дауынша, егер екі аукционның қоры­тын­дылары бо­йынша учаске сатылмаса, онда ол учаскенің бағасын кадастрлық құ­нының белгіленген ең төменгі шегіне (ка­дастрлық құнының 50 %) дейін төмен­детуді көздейтін аукционға қойылатын болады. Екінші жаңашылдық – ол жалға берілген жер учаскелерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттарын ұсыну. Бұл норма қазіргі жалға алушылардың мүдделерін ескереді және оларға бұдан бұрын берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау мерзімі аяқталғанға дейін 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы, олардың кадастрлық құнының 50 % мөлшерінде айқындалатын жеңiлдiк бағамен жекеменшікке сатып алуға құқық береді. Келесі мәселе – жалға алынған ауыл­ша­руашылық мақсатындағы жерлерді пайда­лану бойынша шектеулерді алып тастау. Ұсынылып отырған норма жер­ді пайдаланушыларға жалға алу құқы­ғымен құқықтық мәмілелер жасасуға, атап айтқанда, банкке кепілге беруге, жалдау мерзімі ішінде иеліктен шыға­руға мүмкіндік береді. Төртінші, ауылшаруа­шылық жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін алып тастау. Ауыл шаруа­шылығымен айналысатындар үшін әкімшілік кедергілерді жою және шы­ғыстарды қысқарту арқылы қолайлы жағдай жасау мақсатында ауыл шаруа­шылығын жүргізуге байланысты объектілерді салу кезінде және шаруа­шылық жүргізу нысанын ауыстырған кезде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі алып тасталады. – Бұл шаралар ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді нарықтық айна­лымға енгізу үшін қажетті жағ­дайлар туғызады. Бұл жер ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша жер пайдала­ну­шылардың жауапкершілігі мен ынтасын көтереді деп, – атап өтті Бауыржан Смағұлов. Бүгінгі таңда облыста айналымдағы 4,5 млн. гектар ауылшаруашылық мақсат­тағы жерлердің жалпы ауданы 5,2 мың га болатын 57 жер учаскесі жекеменшікке сатылған. Бұл күндері ауыл шаруашылығына пайдаланылмай бостан-босқа жерлерге қатысты мемлекет меншігіне қайтару және нарықтық айналымға енгізу бойынша шаралар қолданылуда. Ағымдағы жылдың бес айы ішінде облыстың жер инспекциясы мамандары жер пайдаланушыларға 70 тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында 12 шаруа қожалығы өз еркімен мемлекет меншігіне 4936 га жерді қайтарған. Жоғарыда аталған 70 тексерістің 48-і аяқталып, оның 23-і бойынша жер заңнамасын бұзушылық фактілері анық­талған. 15 тексеріс бойынша бұзушылық анықталған жоқ. 10 тексеріс бойынша субъектісінің жоқ болуына байланыс­ты жерлер есептен алынған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 16  іс қозғалған. Олар бойынша жалпы сомасы 1 млн. 506 мың теңге болатын айыппұл түрінде жаза қолданылған. Жер заңнамасын бұзу­шы­лықты жою туралы 22 нұсқама берілген. Ұлттық экономика министрлігі өткіз­ген алқалы жиында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 44-45 қадамдарын, сон­дай-ақ, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Елбасы Жолдауын, Үкімет пен Ұлт­тық банктің экономикалық және әлеу­меттік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға арнал­ған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жос­парын іске асыру шеңберінде салық жүйесін түбегейлі реформалауға қатысты көптеген мәселелер айтылды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.