13 Сәуір, 2016

Көкбөрі

2257 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бинашев-3«Бөрілі менің байрағым!» Сүйінбай. «Қазақ елі» атты композициям­ның ең биік шыңына Көкбөрінің бейнесін сомдадым. Өйткені, бұ­рын Түркі қағанаты кезінде біздің байрағымызда Көкбөрі, яғни, қас­қыр бейнеленген. Көкбөрі – батырлықтың, өжеттіліктің символы. Халқымыз бойында оты бар, ержүрек, батыр жігіттерді Көк­бөріге теңеген. Аң патшасы – Арыс­тан, жүректі жолбарыс, айбарлы аю да конфет үшін цирк аренасында билейді. Ал қасқыр – өте текті жануар. Ол ешкімге бағынбайды. Ешкімнің ықпалына көнбейді. Композицияда Көкбөріден тө­мен тұста халық ақ киізге көтеріп сайлаған, ел басқарған ханды көреміз. Одан кейін адамзатты имандылыққа баулыған ғұлама, ең алғаш ислам дінін таратушы ғалым Қожа Ахмет Ясауи бейнесі. Күш атасы Қажымұқанның иы­ғында Франциядағы ең биік Эйфель мұнарасы тұр. Бұл – палуанның Францияда өткен жарыста әлем чемпионы болып, қазақ халқының абыройын асқақтатып, өзін дүние­жүзіне мойындатқанын көрсетеді. Оң жағынан қарағанда, адамға дос, жанашыр болып жүретін киелі құс – қарлығашты көреміз. Қарлығаш қонған жерде бақ-береке орнап, құт келеді деген ырым бар. Үш үй – үш жүздің отауын біл­діреді. Оның астында тұрған би қамшысын көтеріп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып тұр. Сол жағынан қарағанда, тастағы таңбаларды (пет­роглифті) көреміз. Ежелгі адамдардың таңбалаған тастары олардың өмірінен өзіндік сыр шер­теді. Оның астында – бабалар жасаған балбал тастар мүсіні. Қорқыт ата – аңыз бо­йын­ша алғашқы қобызды жасап, күй тартқан жырау. Өлмеудің амалын өнер­­ден, өмірден өмірбақи іздеген қобызшы. Алдыңғы жағынан қара­ғанда, ата-бабамыз аң­саған егемендіктің бел­гісі, көк Туымызға рух бе­ріп тұрған қыран құс бей­несі көрінеді. Қыран бүркіт – қайсарлықтың, еркін­діктің, тәуелсіздіктің, мықтылықтың белгісі. «Алып анадан туады» дегендей, батыр да, ғұлама да анадан туған. Ананың бірінші тұруы осы ұғым­ды білдіреді. Ал бала – болашағымыз, өмі­рі­міздің жалғасы. Оның астында әлемге әй­гілі ойшыл, философ әл-Фараби бейнеленген. Мұнда батыр образында Сұлтан Бейбарыстың бейнесі тұр. Ол – бүкіл Мысырды билеген қа­зақтан шыққан қып­шақ батыры. Пирамида десе, бірден әлемге әйгілі Мы­сыр еске түседі. Қасқырды Құдай шөп емес, ет жейтін етіп жаратқан. Оның жазығы не? Қазір, өкінішке қарай, жер бетінде табиғатпен табиғи тепе-теңдік жоғалып барады. Қарны тойып қампиған, бақайшағына дейін қаруланып шетелдің неше түрлі қаруларын асынған, табанында шаңғысы бар мотоцикл мен джип мінген қаскөйлер ас таппай жүрген аш қасқырларға қорлық көрсетуде. Мен бірде теледидардан бір қазақ жігітінің машинасымен қасқырдың құйрығын мыжып, екіншісі басынан теуіп жатқанын көріп, төбе шашым тік тұрды. Одан кейін тағы, қасқырдың жаңа туған бөлтіріктерін қылқындырып, жерге ұрып жатқан жастарды көріп, жағамды ұстадым. Бұл не деген сұмдық?! Мұнымен қоймай, ерсі іс-әрекеттерін ұялы телефондарына түсіріп, оны әлеу­меттік желілерге жариялап, өздерін батыр етіп көрсетіп жүр, көргенсіздер. Егер шынымен батыр болса, қасқырмен қарусыз айқаспай ма? Оның батыл екенін сол кезде көрер едім, қаруына сенген қорқақтың. Біздің сенім артып жүрген жастарымыздың осындай қылықтарын көріп, олардан келешекте қандай үміт күтеміз?! Кеңес Одағы кезінде «Ну, погоди» деген мультфильмде қоянға қасқырды күлкі қылып, ақылды қасқырды ақымақ етіп көрсеткен. Оны кейбір тексіздер рахаттана тамашалайтын. Мұны біздің рухымызды төмендету үшін шығарылған саяси сайқымазақтың бір түрі екенін олар қайдан білсін?! Мұны біз кеш түсіндік. Әлемге дамыған өнерімен, мәдение­тімен таныс Рим қаласында қасқырдың адам баласын анасындай асырап, емізіп тұрған ескерткіші сонау Х ғасырларда қойылған. Сол қаланың символына айналған, Көкжал жануар мен адамзаттың бір-біріне деген мейірімділігін осы ескерт­кіштен сезесіз. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған туристер осы бейнені көруге, жанында суретке түсуге асық. Бала кезімде бір ақсақалдың қасқыр тура­лы айтқан әңгімесі әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сыр өзенінің бір жағында тоғай, ал екінші жағы мал бағуға қолайлы, жазық жайылым. Сол жерде Сырбай аңшы мен әйелі Айша екеуі тұрыпты. Аң­шының жары Айша талай жылдар бойы жүкті бола алмай, бір сәбиге зар болып жүргенде түсіне марқұм батыр бабасы Қасқырбай кіріп, аян беріп: «Қызым, Сырдың арғы бетінен бергі жағасына арлан азық іздеп жүзіп келетін болады. Сен одан қорықпа. Оған жейтін қорегін апарып, жерге көміп тұр. Ол азығын өзі алып кетеді. Аңшы күйеуің мұны білмесін, атып қояр. Айтқанымды орындасаң, өмір­ге ұл бала әкелесің» дейді. Айша іштей жүрексінгенмен, батыр бабасының айтқанын орындайды. Күйеуіне білдіртпеуге тырысып, мал сойылғанда итке бергенсіп қойдың ішек-қарнын жасырып алып кетіп, арлан келетін жерге көміп тұрады. Көмген бойда арлан азығын әкетіп тұрады. Арада біраз күн өткен соң, Айша өзінің аяғы ауырлағанын байқайды. Айы-күні жетіп, босанатын уақыты да жақындайды. Бұл кезде арлан әдеттегіше көмулі тұратын қорегін із­дей бастайды. Сәби күтіп, толғатып отырған әйел оған азық апарып бере алмай, үйден шыға алмай қиналады. Ертесіне тоғайдан шыққан қасқыр өзеннен жүзіп өтіп, қорегін іздеп, аңшының көзіне түседі. Қасқырдың бұл әрекетін аңдып жүріп, байқаған мерген ашуға мініп, дереу оны мылтығымен атып түсіреді. Терісін сыпырып алып, төріне іліп қойып, келген қонақтарға «Міне, мен атып алған арлан, қараңдар!» деп мақтанышпен айтып отырады екен. Айша аман-есен босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Үйінің төрінде ілулі тұрған қасқырдың терісін көзімен көріп, өз көзіне өзі сенбей, мән-жайды түсініп, күйеуінің бұл ісіне күйініп, оған іштегі сырын, наразылығын айта алмай, қатты қынжылады. Сәбилі болуына себебі бол­ған киелі арланнан іштей кешірім сұрап, аянышын білдіреді. Енді ұлымның атын Арлан қоямын деп үміттеніп, бұл шешімін күйеуіне айтады. Ал күйеуі кенеттен: «Үйдің қожайыны мен емес пе, ұлымның есімін өзім қоямын», деп ашуланады. Сол кезде ақылды Айша: «Сен тура мен босанған уақытта арланды атып, терісін төрімізге тұмардай іліп қойдың. Бұған себепші өзің болғасын айтып отырғаным ғой, отағасы» дейді. Күйеуі сол кезде барып ойланып, амалсыздан: «Е-е, онда мұның жөн екен. Арлан болса, Арлан болсын» деп келіседі. Арада көп күндер, айлар өтіп, Айша тағы да жүкті болады. Сөйтіп, балықтың етіне жерік болады. Киік, қоян, қырғауыл сынды аңдардың етін жеп жүрген аңшы амалсыздан баласы екеуі балық аулауға барады. Кенет баласы ағысы қатты Сырдария өзеніне құлап, ағып кетеді. Суда жүзе білмейтін аңшы жар дегенде жалғыз баласын құтқаруға қауқары жетпей, шарасыз күйге түседі. Осы кезде өзі атып өлтірген қасқырдың серігі (қаншығы) арғы беттегі тоғайдан атып шығып, өзенге секіреді. Жүзіп келіп, өзенге ағып бара жатқан баланы тістеп алып, тоғайға еніп кетеді. Елге келіп жар салған аңшы «Қасқыр баламды жеуге алып кетті, қасқырдың азығы болған баламның ең болмаса сүйегін алып келейік», деп қайықшыға жалынады. Қайықпен арғы бетке өтеді. Тоғайдың етегінде, Сырдың жағасында тірі жатқан баласын көріп, аң-таң болады. Өзі жалғыз жауызым, дұшпаным деп жүрген көкжал қасқырдың жақсылығына таңғалады. Осыдан кейін ол аңшылық кәсібін тас­тап, бұдан былай мылтық ұстамауға серт береді. Үйіне келіп, төрінде ілулі тұрған көкжалдың терісін жерге көміп, Көк бөріге дұға бағыштайды. Осылайша баланың әкесі жыл сайын туған күніне орай қасқыр қалдырып кеткен жағаға барып, қой сойып, құрбандық шалады екен. Содан кейін қасқырлар көзден ғайып болады. Жер ауыстырды ма, әлде біреулер атып алды ма, ол жағы белгісіз, жұмбақ күйінде қалды. Екінші сәбиін күтіп жүрген Ай­ша уақыты келіп, өмірге қыз ба­ла алып келеді. Әйел бұл жолы сәби­дің есімін қоюды күйеуіне тап­­сы­рады. Аңшы Сырбай ойланбас­тан: «Қыздың атын «Бөрікүл» деп қойсақ, қалай болады?» дейді. Аңсаған арманы орындалған Айша күйеуінің бұл сөзін қуана құптайды. Арада сырғып айлар, жылжып жылдар өтеді. Арлан ержетіп, Бө­рікүл бойжетеді. Осы уақытта әке-шешесі оларға барлық сырды баян етеді. Болған оқиғаны түсінген қос бала Көкбөрінің басына барып, көк тас қояды. Сөйтіп, Көк тасқа мынадай жазуды ойып жазады: «Бабамыздың байрағы болған, балалық шағымыздың қорғаны болған Көкжал қасқырға мәңгілік бас иеміз». Кім біледі, мүмкін, қасқыр боп көрінген Қыдыр болар, бәлкім... Ол тек Аллаға ғана аян. Шіркін-ай, адамзат та арлан сияқ­ты текті болса екен! Қазіргі таңда Ұлы Даланың арланы атанған қасқырлардың жейтін азықтарын қаруланған қаскөй жауыздар қырып жоюда. Кең даладағы жейтін азығы қалмаған соң, амалсыздан қорамыздағы төрт түлігімізге шабуға мәжбүр. Қайтсін енді?! Текті Көкбөріні бейшара халге түсіріп жібердік қой, адамзат! Қасқырға қиянат көрсетпейік, қазақы қауым! Біздің баба байрағымыздың символы болған Көкбөріні, көк­жалды аялайық, ағайын. Қалталы азаматтар қолдаса немесе қалтама қомақты қаржы түссе, Қазақстанда қасқырға ескерткіш қояр едім. Тілеуберді БИНАШЕВ, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.