«Қазақтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетінің экономикалық және құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты,
доцент Болат СЫЗДЫҚПЕН арадағы әңгіме негізінен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит туралы болғанымен, Адам, Әлем және Атом атты ұлы ұғымдар арасындағы шым-шытырық байланыстың ауылына да ат шалдырылған еді.
– Әлем таразысының бір басында адам, екінші басында атом тұр. Адам жеңсе, атом әлемге бейбіт қызмет атқармақ. Атомның дүлей күші жеңсе, әлемге ажал зәрі себілмек, – деп бастады әңгімесін ғалым. – Ядролық сынақ полигондарының ең бір қуаттысы да, қасіреттісі де Кеңестер Одағы басшылығының шешімімен Қазақстанда орналасты. Қазақтың еркі ескерілген де, сұралған да жоқ. Ұлы Абайды дүниеге әкелген Семей-Шыңғыстау өңірінде әуелі жер бетінде, содан соң жер астында және әуеде 50 жыл бойы жиі-жиі сынақтар жасалып, жан-жағына радиациялық зәр шашып тұрды. Тек Қазақстанда миллионнан астам адам радиацияға ұшырады...
Қазақстан ядролық сынақтар алаңына түбегейлі айналып, ядролық қатер көзі болып тұрған шақта ұлы зерттеуші Ақжан әл-Машани әл-Фарабидің 1100 жылдығын әлемдік ауқымда Алматыда атап өткізуге қол жеткізді. Сол кезде Қазақстан бұдан да басқа әлемдік ауқымдағы маңызды шаралар өткізе білді. Соларға мұрындық болған тұғырлы тұлғалар әлемге танымал. Кеңестік құрсауда тұншыққан Қазақ елінің бұл әрекеттері оның өзінің шынайы келбетін, оның ұландарының ой-әлемінің тереңдігін, қазақы ой мен әрекеттің әлеуетін Жаһанға танытуға деген табиғи талпыныстар еді. Бұл талпыныстар тарих еншісінде қалған жоқ, келешекте өзінің жалғасын тапты.
– Елбасының Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі мен күні кеше өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінің арасындағы ұлт мүддесі тұрғысынан алғандағы сабақтастық жайында ой қозғасаңыз...
– ХХ ғасырдың соңғы ширегінде алып империялардың үнсіз де үзіліссіз үдеген үрейлі жарысы шегінен шыға өршіді. Әлемдік қауіпсіздіктің нәзік жүйесі шытынады. Осы кезде әлемдік ауқымдағы тығырықтан шығудың соны жолын ұсынған тағы да қазақ ұланы болды. Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың ұлылық ұлағатына сайма-сай келетін шымыр шешім қабылдады. Бір Жарлықтың пәрменімен атом сынағын тоқтатты. Зарлаған қазақтың көз жасын, көшеге шыққан шерудің толқуын ғана емес, атомдық ыдыраудың адамды аздыруға алып келетін ырықтан тыс дүлей тасқынын бірден бөгеді. Семей полигонын жапты. Невада мен Лобнордағы полигондар содан соң жабылды.
Жаратқанның тылсым пәрмені адамзат жолын сынақтармен шегендеген. Ендігі сынақтар жарылыстар жолындағы атомдық емес, жасампаздық жолындағы адамдық сынақтар, рухани жетілу, кемелдену сынақтары болса игі! Ядролық қауіпсіздік жөніндегі әлемдік саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жобалардың негізінде адамзаттың адамдық келбетін сақтау философиясы жатса, келешегінде атомды бейбіт қолдану мұраты тұр және бұл нақты қадамдармен бекіген.
Әлемнің кейбір елдері ядролық қоқан-лоқы жасаудан әлі де бас тартпай отырғанын, әлемдік дәрежедегі саясаткерлердің арасында ядролық қауіпсіздік тетіктері жөнінде бірауыздылық жоқ екенін, әлемдік ауқымның өзінде адамдық пейілден гөрі пенделік пиғыл басым түсіп жатқанын, бұл самитте де біраз мәселе түйткілді болып, кейінге шегерілгенін ескерсек, қазақстандық ұсыныстардың құндылығы, олардың конструктивтік мәні арта түседі.
– Мемлекет басшысының саммитте АҚШ президентіне полигон құрбаны Кәріпбек Күйіковтің картинасын тарту еткенінен қандай ой түйдіңіз?
– Қазақ елі Президентінің тарапынан саммитте айтылған сөз бен атқарылған істер қатарында бойына ұлы ишараны сыйдырған тағы бір әрекет ел назарына түсті. Елбасы Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» картинасын АҚШ президенті Барак Обамаға сыйлады. Атом жарылыстары салдарынан екі қолы жоқ болып туған Кәріпбектің қылқаламды аузымен тістей отырып салған картинасында дала төсіндегі жарылыс, адам және олардың арасын бөле әуеге көтерілген қос алақан бейнеленген. Картинаның негізгі жүгін арқалап тұрған атом жарылысы да емес, адамның өзі емес, Алладан пана сұрай жалбарына көкке көтеріле жайылған осы алақандар. Алақанға зәру суретші алақанға әлемдік ауқым бере білген. «Әлем тағдыры адамның алақанында», дейді сурет. Әлем қауіпсіздігін алақаннан шығарып алмайық дейді Президент. «Әлемді әр адамның Алақаны аяласын!» – дейміз біз де.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ