Елбасының тапсырмалары негізінде және заңнамамен жүктелген міндеттерді орындау мақсатында қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу қызметі өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа және «көлеңкелі экономикаға» қарсы күресуге, азаматтар мен мемлекеттің құқықтарын қорғауға, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға, азаматтардың тарапынан сенімді арттыруға бағытталды. Бұл туралы қаржы полициясы органдарының басшылығы толық құрамда бас қосқан ведомствоның 2010 жылғы қызметінің нәтижелері қорытындыланған агенттіктің кеңейтілген алқа отырысында сөз болды.
Өткен жылға көз жүгіртер болсақ, қаржы полициясы органдарының жұмыс сапасы мен қызметінің ашықтығы халық пен кәсіпкерлердің оларға деген сенімінің артуына жағдай жасады. Бұл азаматтар мен ұйымдардың тарапынан келіп түскен арыздар санының көбеюінен көрініс тауып отыр. Мәселен, жеке және заңды тұлғалардан 40 мыңдай арыз келіп түсті. Аталған кезеңде 6 мыңнан астам экономикалық қылмыс анықталды, олардың үштен бірін салық төлеуден жалтару және жалған кәсіпкерлік фактілері құрады. Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 2,4 млн.теңге тұратын жалған бухгалтерлік құжаттарды сатқан адам ұсталды. Оның 7 жалған кәсіпорын тіркеп, коммерциялық ұйымдарға қаражатты қолма-қол ақшаға ауыстыруға қызмет жасайтын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі екендігі дәлелденді.
Қолдан жасалған спиртті ішімдіктерді дайындайтын астыртын цехтардың қызметі халықтың денсаулығы үшін аса қауіпті болып табылады. Осы орайда спиртті ішімдіктер жасаумен айналысқан 22 астыртын цехтың және есепке алынбаған алкоголь өнімін шығарған 2 зауыттың заңсыз қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 28,5 млн.теңгенің арақ-шарабы және жарты миллионнан астам жалған маркалар тәркіленді.
Елбасының Жарлығымен жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оның ішінде жемқорлыққа жүйелі түрде қарсы тұру қаржы полициясының айрықша құзыретіне жатқызылғаны белгілі. Бұл орайда қаржы полициясы органдары 1568 сыбайлас жемқорлық қылмысты анықтады, 1,5 мыңнан астам осындай қылмыстық іс сотқа жолданды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жартысынан көбін парақорлық және бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері құрап отыр. Мысалы, парақорлық үшін Индустрия және сауда министрлігінің басқарма бастығы Тұрмахан, Ақтөбе облысындағы Тобыл-Торғай экология департаментінің бастығы Дадин, Ақмола облысының Шортанды аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бастығы Көптілеуов, Атырау облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Мусин, бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар Атырау қалалық бөлімінің бастығы Баязитова, Қарағанды облысының кедендік бақылау департаментінің бас бухгалтері Миленкова, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін Қостанай облысының Денисов ауданының әкімі Кушнир, Маңғыстау облысының Қарақия ауданының құрылыс бөлімінің бастығы Тажаяқов, Қарағанды облысының көші-қон басқармасының бөлім бастығы Табылды сотталды.
Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысында Табиғи монополияларды реттеу облыстық департаменті бастығының орынбасары Қоқырбаев қамауға алынды. Ол жанар жағар май сату лицензиясын тездетіп ресімдеу үшін кәсіпкерден 450 мың теңге алу үстінде ұсталды. Бизнеске заңсыз араласу фактілерін анықтау қаржы полициясы органдарында да жүргізіледі. Өткен жылы аталмыш фактілер бойынша 5 қызметкер қылмыстық жауапқа, 44 қызметкер тәртіптік жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 17 қызметкер лауазымынан босатылды, олардың 3-еуі облыстық департамент бастығы. Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салған мораторий мерзімінің біткендігіне қарамастан, Агенттік төрағасының бұйрығымен қаржы полициясы органдарының жеке құрамы өз қызметін мораторий жағдайында да жалғастыруда. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеру халық денсаулығына зиянды дәрі-дәрмек пен азық-түліктің заңсыз айналымына байланысты болса әр кезде де жүргізіле бермек.
Александр ТАСБОЛАТОВ.