15 Сәуір, 2016

Еңбек нарығындағы жұмыссыздық

3563 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шпанов Еркин (3х4)Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 30 қарашасындағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлемдік дағдарыс жағдайында елдің дамуына арналған мемлекеттік бағдарламаларды ұсынды. Бұл бағдарламалар ел экономикасының дамуына әсер етіп, халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздар санының артпауына мүмкіндік береді. Жұмыссыздық проблемасын шешу­дің баламалы тұжырымдамасы бар. Осы орайда Елбасының жұмыссыздық мәселесін экономиканы жаңғырту, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы шешуі білгірлікпен жасалған іс болып табылады. Ол тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсетті. Тіпті, дағдарыс жағдайына қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2016 жылы әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын жөндеу, шағын несиелеуді арттыруға мүмкіндік беретін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру үшін Үкіметтің арнайы қорынан 63 млрд. теңге бөлінеді. Бағдарлама өз кезегінде 60 мың адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Оның ішінде бір мыңға жуық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы 18 мың жұмыс орны ашылады. Президентіміз қазір әлемнің көптеген елдері экономикалық қиын жағдайға тап болып, әлеуметтік шығындар мен жүзеге асырылып жатқан жобаларды тоқтатуға мәжбүр болып отырғанын атап өтті. Бұл жұмыссыздар санын арттыратыны анық. Ал біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарыққа шығудамыз. Дағдарысқа қарсы экономикалық саясатымыз экономикалық өсімнің жаңа көздерін іздеуге және табуға жайдан-жай бағытталмаған. Басты назарда қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және болашаққа деген сенімін нығайту мәселесі тұр. Биылғы жылғы әлеуметтік еңбек саласы қызметінің басты бағыты халықты жұмыспен қамту және жұмыс орындарын сақтау болмақ. Біздің облысымыздың мұнайлы өңір екендігін ескеретін бол­сақ, бұл мәселені шешудің өзіндік қиындықтары бар, ол аса жауаптылықты қажет етеді. Облыста халықты жұмыспен қамту шаралары 2015 жылы ойдағыдай жүзеге асырылып, жақсы нәтиже берді. Мәселен, өткен жылы «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» мем­лекеттік бағдарламасы аясында 3,0 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Олардың 2,5 мыңы тұрақты жұмыс орындарын тапты. Бағдарламаға қатысушы 337 адам кәсіп ашу немесе өз бизнестерін кеңейту үшін шағын несие алды, 528 адам белгілі бір кәсіп бойынша оқыды. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін өңірлік кешенді жоспарды жүзеге асыруға 16 мыңнан астам адам қатысты. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 108 пайызы. Қабылданған осындай шаралардың нәтижесінде облыста жұмыссыздар деңгейі 0,1%-ға төмендеп, 4,9%-ды құрады. Біздің болжауымызша, Атырау облы­сындағы мұнай-газ жобаларын есепке алғанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізінде жұмыс күшіне деген сұраныс 17,0 мың адамға жетеді. «ТШО» ЖШС-нің өндірістік қуатын кеңейту жобасы бойынша қажеттілік 10,0 мың адам. Үкіметтік және мемлекеттік бағдарламалар мен өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында сұраныс 5,5 мың адамға артып отыр. Ал «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша мұнай-химия саласында жұмысшы күшіне сұраныс артады деп күтілуде. Бұған қазірден бастап дайындалу қажет. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаңа бас­тамаларды жүзеге асыру үшін қосымша 1412,1 млн. теңге бөлу қолға алынуда. Нәтижесінде 667 адам мемлекет қолдауына ие болмақ. Сонымен қатар, әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2014 жылдан бері аз қамтылған азаматтарға қаржылай көмек көрсететін «Өрлеу» республикалық қанатқақты жобасы ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Мысалы, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап осы жоба Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Бірақ, қолға алынған шараларға қарамастан, жергілікті нарықтағы жағдай әлі де күрделі болып тұр. Бұған бірінші кезекте мұнай бағасының арзандауы әсер етуде. Соның салдарынан кейбір компаниялар жұмысшылардың еңбек күнін 8 сағаттан 4 сағатқа дейін қысқартуға немесе ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болып отыр. Өткен жылы 2 523 жұмыс берушімен меморандумға қол қойылды. Олардың арасында «ЕмбіМұнайГаз», «АМӨЗ», «ТШО», «КазТрансОйл», «ЮРСС», «Сайпем», «АтырауЖарык», «KisOrion» секілді ірі компаниялар бар. Үшжақты құжатқа қол қойған компанияларға жұмыс көлемін қысқарту кезінде кәсіп­одақтармен бірлесіп жартылай жұмыс күні есептелсе де жұмыс орнын сақтаудың бар мүмкіндігін қарас­тыру міндеттері қойылды. Осының арқасында 114,9 мың жұмысшының құқығын қорғауға мүмкіндік туды. Меморандумдар аясында өндірістік үдерістерді тұрақтандыру мәселелері жөнінде және жұмысшылардың еңбек құқығын қамтамасыз ету, сонымен қатар, жұмыс берушілердің міндеттемелерді сақтауы бағытында жұмыстар жалғасуда. Облыстық жұмыспен қамтуды үй­лестіру басқармасына компаниялар тарапынан жұмысшыларды қысқарту туралы ескертулер де келіп түседі. Әзірге ТШО және NCOC компанияларынан жұмысшыларды қысқарту жөніндегі ескертудің түспеуі үміттендіріп отыр. Жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесінде белгілі бір қиындықтардан өзге, әлемдік мұнай нарығындағы жағдайға байланысты өзіміз шешім қабылдай алмайтын бірқатар проблемалар да бар Жалпы алғанда, облыстың артықшылығы, мұнда мұнай-газ саласына қатысты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың біліктілігі жоғары мамандарға деген сұранысы төмендеген емес. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өзін өзі жұмыспен қамту, аз қамтылғандар мен жұмыссыздарға жаңа кәсіпті тегін игерту, даярлықтан және қайта даярлықтан өтуге мүмкіндік бар. Ол үшін мемлекет жұмыссыздардың мамандықтар алуы­на қаржы бөледі. Мысалы, өткен жылы жергілікті бюджет және жұмыс берушінің қаржысы есебінен 742 адам оқытылды. Сол азаматтардың барлығы жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның маңызды бағытының тағы бірі – жеңілдетілген несие есебінен кәсіпкерлікті дамыту. Біз өткен жылы жасалған іс-шаралардан мол тәжірибе жинадық. Бағдарламаға қатысқан 337 адам өздерінің жеке бизнестерін ашып, жаңа жұмыс орындарын ұсынды. Бұл әлемдік тәжірибеден алынған басты бағыт. Дамыған елдердің, мәселен, АҚШ-тың бюджетіне түсетін негізгі салық әлемге танымал ірі компания­лар үшін жұмсалмайды, керісінше, шағын кәсіпорындар жұмысын дамытуға жұмсалады. Өйткені, нарықта шағын кәсіпорындардың үлесі мол. Аталған бағдарламаның осы бағыты облыста белсенді жүзеге асырылуда. Әр жыл сайын несие түрлері көбейіп, жеке кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Егер бұған дейін несие тек мал шаруашылығын дамыту мен егін өсіруге берілсе, қазір жаңа бағыттарға берілуде. Мысалы, оқу орталықтары мен жеке балабақшалар ашу, жиһаз жасау өндірісіне, тіпті, ағаштан қайық жасауды дамыту үшін де несие беріліп отыр. Бұл 1319 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Дегенмен, мемлекетке әлі де әлеу­меттік масылдық саясатын ұстана­тын азаматтар бар. Өмірдің әртүрлі жағ­дайларында қиындыққа тап болған азаматтар өз тағдыры өздерінің қолында екенін түсінулері керек. Мемлекет әр азаматтың сұранысын өтеп беруге міндетті емес. Тек мүмкіндік береді, оны әрі қарай қолданып, іске асыру әр азаматтың өз қолында. Осыған байланысты Шығыс даналығын келтіре кетейін. «Өзен жағасында отырған аш адамды тамақ беріп тойдырмау керек, керісінше, қолына қармақ беріп, оған балық аулауды үйрету қажет». Аталған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы да осы іспетті. Өзінің өміріне біреуді кінәламайтын, керісінше, кез келген қиындықтан, ты­ғырықтан шығатын жол іздеп жүрген жанға мүмкіндік береді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіз Қазақстан әркезде сыртқы экономикалық ахуалдарға қарамастан дамып отырды. Біз бұл жолғы әлемдік дағдарысты да жеңетін боламыз Ол үшін бізде халықтың бірлігі, дәстүрі бар. Біз Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосамыз», деді. Президенттің бұл сенімділігі еліміздің болашағы жолындағы біздің ісімізге қуат береді.  Еркін ШПАНОВ, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Атырау