21 Қаңтар, 2011

Үдемелі даму – айрықша назарда

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қызылжар өңірінде  үдемелі индустриялық-ин­но­­вациялық дамудың алғашқы қорытын­ды­ла­ры мен алдағы міндеттерді шешуге арналған   жи­ын­ға Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі­нің бірінші орынбасары Альберт Рау қа­ты­сып, Үкімет та­рапынан атқарылып жатқан шара­лар­ды тарқатып берді. Вице-министрдің облыстағы жұмыс сапары ауыр өнеркәсіп саласының тыныс-тіршілігін зерделеуден басталды. Алдымен «ЗИКСТО» АҚ-қа атбасын бұрды. Кәсіпорын озық технологиялармен жұмыс істеуде. Бүгінде  жүк вагондарының төрт түрін құрас­тырумен айналысуда. Жуырда астық тасымалдайтын вагон-хоппердің үлгісі сынақтан өтті. Биыл алты жүз жартылай жүк вагонын өз тұтынушыларына жөнелтуге тапсырма алған. А.Рау бастаған топ бұ­дан кейін «Мұнаймаш» АҚ-та болды. Ірі өндіріс орны  газ-мұнай саласына құрал-жабдықтар мен қондырғылар шығаруға маманданған. Былтыр екі миллиард теңгенің өнімдерін мұнайшыларға жеткізіпті. Енді өндіріс орындарын ұлғайтып, қуатын арттыру  мәселелерін қарастыруда. Мұнда арнаулы  конструкторлық-технологиялық бюроның отырысы өтіп, оған жетекші мәшине жасау кәсіпорындары­ның жетекшілері қатысты. Олар өздерін толғантқан проблемалар төңірегінде ой-пікірлер алмасты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөнін­дегі  өңірлік үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында озық технологияларды игеру, ұшқыр жобаларды іске қосу, жаңа жұмыс орындарымен қамту мәселелері сөз болды. Облыс әкімі Серік Біләлов  Елбасы Н.­Ә.На­зарбаевтың тікелей  тапсыр­ма­сымен қолға алынған бағ­дарлама  ел экономикасын дамытудағы маңызды қадам болып табылатынын, өткен жылы он жоба іске қосыл­ғанын жеткізді. А.Рау әрбір индустриялық жобаның қатаң бақылауда тұрғанын, алға қойған міндеттерді жү­зеге асыруға барлық мүмкіндіктердің жасалып жатқанын атап көрсетті. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.