16 Сәуір, 2016

Бауыр – өте қайырымды ағза

716 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
БауырАлматылық дәрігерлер екі балақайға екінші өмір сыйлады Алматы қаласында тұңғыш рет бала ағзасын ауыстыру операциясы жасалып, сәтті аяқталды. Ота Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында (ҰҒХО) дүниежүзіне танымал Аполло (Нью-Дели) ауруханасының профессоры Субаш Губтаның жетекшілігімен, сондай-ақ профессор Болатбек Баймаханов, хирургтер Данияр Тоқсанбаев, Бақытжан Шыртаев, анестезиологтар Тілеуберді Қуандықов пен Владимир Мутагирдың қатысуымен өтті. Айта кету керек, бұған дейін Қа­зақстанда 6 баланың бауыры ауыс­­тырылған. Алғашқы рет 6 жастағы науқас баланың бауыры Астанадағы Же­дел медициналық көмек көрсету орталығында хирург О.Руммоның (Беларусь) жетекшілігімен ауыстырылса, 2014-2015 жылдары Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында 5 бауыр трансплантациясының 3-еуін Башкент университеті клиникасының (Түркия), екеуін Аполло ауруханасының мамандары жасаған болатын. Ал осы жылдың 26-27 наурыз күндері ҰҒХО-да өт жолдары артрезиясына, яғни туабітті өт шығару жолдары толық бітелген 5 айлық Асылай Мұратбековаға тірі донордың бауы­ры ауыстырылып салынды. До­нор болып, бауырын бөліп беруге анасының туған әпкесі, 32 жастағы Күлпан тәтесі келіскен. Операцияға екі команда қатысып, ол 8 сағатқа созылған. Бірі донордың мүшесін алумен айналысса, екіншісі ре­цепиенттің басы-қасында болған. Ал криптогенді циррозға шал­дыққан 7 жастағы Исмаил Бос­тандыққа әкесінің әпкесі Гауһардың 24 жастағы қызы Аида Асылбекова донор болған. Бүгінде екі науқастың да денсаулығы қалыпты, жансақтау бөлімінен шығарылған. Отадан кейінгі 12 күн ішінде баланың ден­саулығында ешқандай асқыну жоқ. Донорлардың да денсаулығы өте жақсы. Олар ауруханадан шық­­­қан. Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын дүниеге келген 350 мыңнан астам сәбидің 20 шақтысының өт жолы бітеу болып туылады екен. Əдетте, олар 8-10 айдан артық өмір сүрмейді. Ондай жағдайда бауыр ауыстырғаннан басқа әдіс, амал жоқ. Егер трансплантация дұрыс жасалып, еш­қандай асқыну болмаса балалар қалыпты өмір сүреді. – Биылдан бастап Ұлттық орта­лық «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында балаларға бауыр трансплантациясын жасауды жолға қоюды мақсат етіп отырмыз, – дей­­­ді Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймаханов. – Өйт­кені, мұндай оталар Қазақстан ме­ди­­цинасының даму деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Қазір ТМД елдерінің ішінде мұндай оталар тек Украина, Беларусь, Ре­сейде жасалады. 4 жыл ішінде Қазақстанда барлығы 800-ден аса трансплантациялық ота жасалған. Бұл өте жоғары нәтиже. Оның басым көпшілігі бүйрек, одан кейінгі ке­­­зекте бауыр, сосын жүрек ауыс­тыру. Профессордың айтуынша, ба­ла­­­­ларға негізінен тірі донордан алып жасаған тиімді. Орталықта ота тұңғыш рет жасалған соң дү­ние жүзінде ең тәжірибесі мол үндістандықтарды тартқан. Әрі донор туысқаны болса, жауапкершілік екі есеге артады. Өйткені, ол адамға ешқандай зиян келмеуі тиіс. – Бауыр – тамыры ең көп ағза. Сондықтан, өте мұқият болу керек. Бес айлық балаға бауырдың 25 па­йы­зын алдық. Алынған бауыр қаннан жақсылап жуылып, баланың қылдай тамырларына он бес жерден тігілді. Балақайды құтқармаған жағдайда бір апта ғана өмірі қалған. Бауыр – өте қайырымды ағза. Біраз уақыттан кейін өсіп, қалпына ке­леді. Қазір балада ешқандай сарғаю жоқ, қалыпты жағдайға келді. Екін­ші балаға бауырдың 40 пайызын ал­дық. – Асылай екінші балам, – деді Тараздан келген ұстаз Құралай Қазақбаева. – Диагнозы екі айында анықталып, қалыпты белорубин 18-20 болса, бізде 600-ге жетіп, бала мүлдем сарғайып кетті. Бармаған жеріміз жоқ. Мәскеуге барсақ, онда мұндай ота елу мың доллардан жоғары екен. Содан осы орталыққа келгенімізде көмек беретінін айтты. Құдайға шүкір, бүгінде донордың да, баланың да жағдайы жақсы. Бізге екінші өмір сыйлаған орталықтың барлық қызметкерлеріне, әсіресе, қысқа мерзімде осындай шешім қа­былдаған орталық басшысы Бо­латбек Баймахановқа аналық алғысымды білдіремін. Өзін науқастың немере әп­кесімін деп таныстырған Гүлсім Қалжанова інісінің өмірін сақтап қалған барлық дәрігерлерге рахметін жаудырып, көзіне жас алды. Орталық басшысының айтуынша, қазір кезекте Алматыда осындай отаға мұқтаж екі бала тұр. Олардың біріне əкесі өз бауырының жартысын бермек. Ота келесі аптаға жоспарлануда. Бір айта кетерлігі, елімізде мұндай ота мен отадан кейінгі кезеңдердің барлығы тегін. Бізде ота құны өте арзан әрі нәтиже жоғары болғандықтан Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен транс­плантацияға мұқтаж адамдар келуде. Соңғы кезде олардың саны күрт өскен. Мәселен, бізде 10 мың АҚШ доллары болса, Еуропада 150 мың еуро. Орталық дәрігерлері жыл соңына дейін 30 бауыр, 90 бүйрек трансплантациясын жасауды, бұдан бөлек, жүрек және ұйқы безін ал­мас­тыруды жос­парлап отыр. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Алматы