21 Қаңтар, 2011

Хибаксуя

650 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Хибаксуяның есік алдына шығып, екі иығы салбырап, белі бүгіліп, бүкшиіп отырғанына тұп-тура бір сағат болды. Уақытты тық-тық еткен са­ғат тілімен есептеп, өмірдің бір сәтін де не ары, не бері босқа өткізбейтін адам үшін бұл тәулікке пара-пар мерзім. Бос уақыт, сенделбай жүріс деген жаратқанның осы бір қарапайым пен­де­лерінде бола қоймайды. Бола қалған күнде тау­ға шығу, теңізге түсу, теннис ойнау, әйтеуір, бос уа­қыт дегенің жер басып жүрген жанның жақ­сы өмір сүруі үшін қызмет етуі керек. Хи­ба­к­суя­ның шын аты – Тәкеши. Хибаксуя – үкімет бер­ген аты. Бұл – қанында аса қауіпті элемент бол­ған­дықтан үкіметтің тексерістен кейінгі тіркеуі. Нөмірі – 45. Қоғамға зияны тимеу үшін атын атап айтып, алдын-ала жұртты хабардар қыл­ға­нына ол ырза. Өйткені, бұл елде ешкім де біл­мес­тіктен баз кешпеуі керек, қауіпті элемент­ке ескерту жасау мемлекеттің мүддесі. Хибаксуялар көп емес, «арпа ішінде бір бидай» ғана. Олардың қандары жазылмас кеселге ұшы­рап, ұрпақтың аман-саулығы үшін өмір сүре ал­майды деген қорытынды бар. Бір тәуірі, ол үй­ленгеннен кейін берді бұл нөмірді. Әлеуметтік қам­сыздандыру мекемесінің өкілі үйге кеп қол қойдырып ап, алғашқы қамқорақысын төледі жә­не үкімет атынан кешірім өтінді. «Өмір бойы үкімет қамқорлығында боласыз», – деді үріп ауызға салғандай сидам қыз. Сосын қос ала­қа­нын маңдайына тақап, иіліп, көткеншектеп шы­ғып кетті. Бұл елде әйел баласы еркектің ал­дын­да шалт бұрылып, сыртын беріп шықпайды. Ережеге бергісіз салтты ешкім де бұзбайды. Ер­те­ңіне келген психолог: «Сіздің қаныңыз улан­ған­мен перзентсіз емессіз, ұлыңыз бар, бірақ сіздің қа­­ныңыздағы зардаптың үшінші ұрпақта қай­та­ла­нуы анық, сол себепті ешкіммен құда бола ал­май­тыныңызды ашып айтуға тура келеді. Өйт­кені, бұл мемлекеттің өсіп-өркендеуіне зиянды. Император атынан кешірім сұраймын», – деп иіліп шығып кетті. «Әкемнің өлгенін де естігенмін, ашығын айтқанның өзі жақсы», – деп Тә­кеши келіп-кеткен өрімдей қыздың сөзіне ырза боп, аңтарылып, артында қалды. – Біздің Мацуеде қанша Хибаксуя бар екен? Біліп алып, үй ішінен үй тігіп, болашақ үшін солармен ғана қарым-қа­тынас жасасақ... Өмірдің қызығы деген бала көріп, немере сүю емес пе?!» Тәкеши тағатсыз күткен ақпарат ұзамай газетке шықты. Мацуеде үш Хибаксуя бар екен. «Демек, біз бір-бірімізге жақынбыз. «Кемедегінің жаны бір» емес пе. Енді бізге өздігінен ешкім де жолай қоймас». Сол бурыл бомба жарылғанда Тәкеши өмірге келіпті. Саңырауқұлақ боп аспанға өрлеген тү­тін­ді көрген жоқ, бірақ улы зат қорғанышы жоқ сәби қанына ананың сүтімен кіріп, тотығып, тұ­рып қалыпты. Шешесі Нагасакидегі әке-шеше­сі­нің қолында еді, шал мен кемпір өлгесін Мацуеге келді. Бұл – ескі астана Киотоға жақын облыс орталығы. Нағашыларына жақын Нагасакидің қы­зына үйленіп еді, жұбайы дертті боп ілініп-салынып жүріп, былтыр жіңішкенің үзілер шағы жетті. Ұл қалды артында. «Алтын асықтай өзі, – деп Тәкеши тісі ақсия күлімсіреді. – Алтын асық­тай ғой». Екі жыл бұрын жиырмаға толды. Жиырма жылдықты атау – бұл елдегі ерекше сал­танат. Шешесі байғұс та көріп кетті ба­ла­сының кәмелетке толғанын. Сондағы өзінің өліп-өшіп билегені ше. Өмірінде дәл солай терлемеген шығар. Тіпті, техника жетілмей тұрған қалыс заманда да иіліп күріш орып жүріп, дәл бұлай тер­лемеген болар. «Мына хабардың Кэндидің жиырма жылдығын тойлағаннан кейін жеткені қан­дай жақсы болды. Әйтпесе, баланың сағын сындырып... Бірақ, біздің Кэнди анау-мынауға сын­байды. Өзіме тартқан ғой, – деп мақтанып қойды. – Әйтеуір, соның қаны таза болсын. Үкі­мет маған ешкіммен құда болма деп, келер ұрпақтың қамын ескертіп отыр. Екі жақ бірдей өкінішке қалмасын дегендері ғой. Әзір Кэнди дін аман. Шетелге шығып жүр». Тәкеши үкіметке ырза болды. Ашып айтып, кімнің кім екенін ал­дын-ала ескерткеніне жүдә көңілі қунақ. «Ертең біреумен жібек жіп жалғап, құда болып жатса, арғы күні менің Хибаксуя екенімді біліп, теріс айналып жүрсе, өмірдегі өкініш деген сол ғой. Үкіметке рахмет, бәрінің алдын алған». Хибак­суя­ның тізімі шыққан сол газетті оқығаннан кейін, көңілжақын боп жүрген көп адам қатынас­пай қойды. Кездесе қалса, қолын бермейді, қо­лың­ды созсаң, алмайды. Тәкешидің терісі арқы­лы бірдеңе жұқтырып алам деп секемденеді, сірә. Адам ғой, адамнан ештеңе артылмаған. Әй­теуір, иілуде шек жоқ. «Жұртым иілуден жазбаса болғаны» деп өз көңілі өзіне тоқ. Ең бастысы, еліне ырза. Сол бурыл түтін атомның түсуі елім­нің әлсіздігінен бе деп ойлаушы еді, сөйтсе бұл туған елінің бетіне тура қарай алмай тайсақ­та­ған­дардың тірлігі екен. Әлсіздердің әрекеті. Бұ­ның елінен таңдай қаға отырып тайсақтай­тын­дар аз емес. «Осыған жеткізген халқыма шүкір» деп есік алдындағы сары егіске шаттана қарады. Би­ылғы егін жаман болған жоқ. Су жеткілікті. То­пырақ таза. Үйдің төбесіне де екті күрішті. «Балам екеумізге жетіп артылады, қалғанын үкі­метке өткіземіз. Кэнди көбіне шетте жүр ғой. Қа­зақстан деген жақсы болды өзіне. Сондай етек-же­ңі кең халық дейді...». Тәкеши қайың сапты кет­пенінің жүзін алақанымен сипап, шұғамен орап, үйдің бір бұрышына тігінен қойды. «Келесі жылға дейін демал», деп көңілі кемсеңдеді. – «Келесі маусымға дейін аман-есен жеткізе гөр», деп аспанға қарады. Жаңа туған ай сызық боп тар­тылып, көңілін демдеді. Үй төбесі де жай­қа­лып тұр. Бітік егінге тек жүзі өткір орақ керек. Тә­кеши туа бітті диқан. Аты да, заты да топы­рақ­пен бір туған. Өнімді сепкеннен бастап орғанға дейін қасынан егіс мамандары мен егін егуді жа­ңа бастаған жастар шықпайды. Солар қазір сиреді. Бәріне кінәлі сол газеттегі Хибаксуяның тізімі мен теледидардан айтылған ақпарат. «Оларға ыр­за­мын, – деп Тәкеши көңілін тоқ санады, – ертең біреуі болмаса біреуі жаманатқа ұшырап қап жүрсе... Қан тазалығын сақтау керек». Осы мезет Кэндимен мектепте бірге оқыған жан досы Киудоси қақпадан жайраңдап кіріп келе жатты. Қос қолын көкірегіне қойып иілді де, «Ертең Кэнди келеді», – деді. Жүзі жайдары. Жақын­дық­тан алыстамай жүрген жалғыз өзі. Әке-шешесі анда-санда болса да келіп-кетіп тұрады. Қалта телефон арқылы байланысты үзбейді. «Кел­се келсін, – деп мәз болды әке. – Кеткеніне жарты жыл болды. Қалта телефонмен күнәра хабарласады. Бірде Байқоңыр, бірде Семей, бірде Астана деген қалаларда жүреді. Сол жақты жұрт қылғанына бас-аяғы үш жыл болды. Сол жақ­тың шеккен зардабын бірлесіп зерттейміз, дейді. «Тілдері ұқсас, біз «пан» десек, олар «нан» дейді деп, былтыр тіпті жақын тартып келді. Біздің тұтқын жапондардың сол жақта сүйегі қа­лып­ты. Біздің үкімет солардың сүйегін осында әкелмекші, дейді. «Ата» деген сөз оларда ақсақал, біз­де басшы деген мағынаны білдіреді. Бәрі атадан тәлім алады емес пе. Жасымыз алпыс үште. Ата жасына өзіміз де жеттік қой деп, оның жан сарайы күңгір ете қалды. – Айтса Кэндиде сөз көп. Адаммен тіл табысу, елге жағу – бәрі өзіне байланысты. Адам тағдырды өзі жасайды». Тәкеши тұңғиық ойға берілді. «Мен дүниеге келгенде бұ жерде атом жарылса, олар беті жаман жауды жеңіпті. Сонан бері жарты ғасырдан аса су ағып, шөп көктепті. Жарты ғасырда жер жаңармай ма, қан тазармай ма? Біздің Кэндиді ол жаққа бұлар қалай жіберді екен? Сірә, кеш қимылдаса керек. Мен қармақтарына кеш іліксем керек. Қармаққа іліккен балықтың бәрі алтын емес. Оның ішінде сазаны да, шортаны да, лақасы да бар. Патша-балық жүзетін су бөлек бо­лады» деп, тумысында қарапайым диқан шал күдіктеніп қалды. Көңілін күпті қылған өзіне берілген сол нөмір. №45. «Өзім туған жыл – өзімнің қауіпті нөмірім. Бұл жалпы, біздің жұрттың жеріндегі нөмір болса керек. Мацуеде үшеу-ақпыз ғой. Мен нөмірлі адам болғаныммен балам нөмірсіз. Сондықтан ол Жер шарын шарлап жүр», деп ас­пан­ға қарады. Жі­ңіш­ке Ай жыл­жып келеді. Бір сағат тап­жылмай отыру деген – қылмыс. Он сау­сақты қи­мыл­дат­пай бос­тан-бос ома­­­лып оты­ру мү­гедекке ғана жа­расатын кө­рініс, бұл жерде арбаға таңулы мү­гедектің де өзі­не тән жұ­мысы бар. «Бірақ, бос отыр­ған жоқ­пын ғой», деп ол тәтті қиял­дың қа­йығын қайта есіп, артына қарады. Кең қақпаны серпіп ашып, иіліп, емен-жарқын жүзбен бір тамшы қаны Кэнди кіріп келе жатқандай көрінді. «Бүгін болмаса ертең келеді. Досы арнайы кеп айтып кетті ғой». Шал нөмірлі адам екенін ұмы­тып, өзін жер бетіндегі ең бақытты жан сезініп, орнынан тұрып, құлшына адымдады. Қолына ора­ғын алды. Тәтті қиялға беріліп, биылғы егіске құл­шынып орақ салғысы кеп тұрды-тұрды да, «ертең балам екеуміз бірге салайық», деп ап­ты­ғып, ала­бұртқан көңілін әспеттеп орнына түсірді. 45-ші нөмірлі Хибаксуя дәл бүгінгідей ешқашан арнасынан асып-таспаған шығар. *** Жұмыр жердің тағы бір бұрышында Құдайға қой айтып алған біреудің жалғыз қызы Санагүл егіліп, езіліп отыр. Ет жүрегі борша-борша боп сонша егілетіні – адамзаттың аярлығы, бетпе-бет көз түйістіруден қашқан тұрақсыздығы мен арзан сөзге алдануы. Жеті ай қол ұстасып жүрген жігіті Кішібектің табалдырығын аттап, ата-анасын көрді. Әкесі дүңкиген біреу екен. Не де болса әкесі ғой. Сол ғой бәрін бүлдірген. Қызылжардың көп әкім­дерінің бірі дейді. «Мықты болса, адамға жақ­сы­лық жасаса, сол Петропавловскінің атауын Қы­зылжар ғып өзгертпей ме, ең болмаса, қала ішін­дегі Мир көшесінің атауын да алып тастай алмай жалтақтап отырғанын айтсаңшы. Тіпті болмаса, Бейбітшілік көшесі деп қазақыламай ма?!». Қыз бір күн саяхаттаған қаланы көз алдына әкелді, ызасы шоқтай қозып, әлдекімнен өш алмақ та ойы бар. «Өзінен туған баласының тағдырын өзгерт­кен­ше, мықты болса, халыққа керек нәрселерді өзгертпей ме?!» Санагүл болмай қалған қайына­та­сына күйе жаға бастады. «Менің кінәм... – дей бергенде, «Сәламатсыз ба!» – деп орта бойлыдан сәл жо­ғары, дөңгелек жүзді, қысық көз жігіт кіріп келіп, бір тал сакура гүлін қолына ұстатты. – Осында кеп қалып ем... Санагүл, бүгін асығыспын. Біздің жұ­мыс Байқоңыр мен Абыралының арасында ғой», – деп таза қазақша сөйлеп, бұрыла берді. Дөңгелек жүзі, қысықтау көзі мейірімге толы. «Жүзі жылы екен» деген осындай-ақ болар. Біреуді қара есекке теріс мінгізіп отырған қыз қиялы су сепкендей басылды. «Асығыспын. Тағы да келем», – дейді таза қазақша. Сөйтті де, жүре берді. Жон арқасы ашы­лып-жабылған есіктің арғы бетінде қалды. «Осыдан үш ай бұрын қазақшаны теріп сөйлеуші еді. Үйреніп қалыпты. «Компьютермен үйреніп жүр­­мін» деді ғой. «Сіз қазақ тілінің маманысыз, өзіңізден де үйренем», – деп ыржиып күліп, әзіл­деген болды. Қыз терезеден ұзын плащының етегі де­леңдеп, машинаға мініп бара жатқан жігітке қолына сакура гүлін ұстаған күйі қарап қалды. Бұл сәт көңілінен жігіті Кішібек те, оның әкесі де көлең етіп сытылып кетті. Тағы да жеті ай бірге жүрген жігітінің жіңішкеге де, жуанға да жат­пайтын біртүрлі дауысы құлағына кеп, дүңкиген әкесінің өзі естімеген үкімшіл үні, оның алдында оқушыдай тік тұрып, сөзін тыңдаған перзенті елестеді. Әкесіне ләм-мим деп жауап қата алмаған жі­гітінің ынжық бейнесін қиялымен көргенде тез-тез басып қырлы стаканмен су әкеліп, қолына ұстап жүрген сакура гүлін салып қойды. Бар мұңын жер түбіндегі жапон жерінен Абыралыға әкеп, өзіне қарай иіліп тұрған табиғаттың осы бір титімдей өскініне шаққандай сүйір саусақтарымен иегін сүйеп, гүлден көзін алмай бүгіліп отыр. ... – Абыралыдан де. Бұл – Курчатовтың түбі ғой. Еуразия орталығы. Біз Жидебайға белгі ор­натқанбыз Еуразияның дәл кіндігі деп. Мәскеуден кісілер келген. Сонда мен де болғанмын. Сол Еуразия кіндігіне қазық қағарда Санагүл Жидебай мектебінен оқушыларды апарып, қаз-қа­тар сап түзеп тұрғызып, Абай өлеңдерін оқыт­қан, ән салдырған. Мәңгілік достық пен жігі бұзылмас бауырластықты жырлаған сол жерге әлгіндегі жапон жігіті Кэнди де келген. Семей полигонын зерттеушінің бірімен сол жерде танысқан. Мектепке кеп, қамқорлық көмек көрсетіп кеткен. Бір-бірінің есімін сұраған, енді ұмытпай қайта келгенін қарашы. – Бұл дәл Курчатовтың түбі. Ол жердегілер сексен сегіз пайыз қан ауруына шалдыққандар. Әзір ешкім де атомның зардабынан қашып құтыла ал­майды. Ұрпағың мүгедек болады. Сенің де, менің де ұрпағым мүгедек болады, – деп Кішібектің әкесі томардай дүңкиген күйі креслосын шыр айналдырып, баласының бетіне бетін тақап: – Басқа қыз құрып қалды ма?! – деді. – Орыстан алсаң да Абыралыдан алма. Әкесінің дауысын өзгертпей баласы да перзенттік парызын өтеп тұрып, Санагүлге сол сөзді бұл­жытпай жеткізді. Қыз жыламады, жалынбады. Тек: «Сен мені үйіңе бекер апардың, мен сені үй­де­гілермен бекер таныстырдым», – деді. Кішібек: «Қай­тем енді, папам көнбей тұр ғой», – деп қоңыздай дүңкиіп келе жатқан желкесін қасыды. «Па­паң әлдеқашан үйленіп, сендей ұл тап­қыз­ған...». Журналын қолтығына қысып, еденді ыза­лана басып, келесі сабағын өткізуге бет алды. Сонан қайтып әкесінің тіл алғыш ұлын көрген жоқ. Жа­пон жігітімен екі рет жүздесті. Алдында сол әкелген шие гүлі, жапонның рәміз ағашының гүлі. Әр маусымда әртүрлі гүл ашады. Көктемде қан­қызыл, жазда жасыл немесе қызғылтсары, күзде күлгін немесе қоңыр түске енеді. «Маған әдейі жасыл түсін сыйлап отыр ма екен мына жігіт? Көк­тей сол­ғанымды сезген-ау деймін», деп қиялының соңын өзін-өзі іштей мүжіген әзілге шаптырды. Қырлы стакандағы жап-жасыл боп төмен иілген гүлге қарап, кірпік қақпай меңіреу күйде отырып қалды. *** Досы дәл айтқандай, Кэнди араға тәулік салып, туған үйіне келді. Жүзі жайдары, жан-дүниесінде торығудың табы жоқ, ағынан ақтарылып отыр. «Ол жақ қалай?» дегенде, «Ғарышқа алғаш адам ұшыр­ған жерде жүрмін», – деді. Әкесі мырс етті. «Өзің адам­затқа атом бомбасын ашық сынаған жерденсің ғой» дегенді айтпады. Кэндидің де айтпай ішіне бүгіп қалғаны аз емес. Ғарышқа тұңғыш адам ұш­қан қазақтың жеріндегі айлақты иемденуші жат­жұрт­тықтардың әжетхананың қалдығын тұрғы­лықты халық су ішіп отырған Сырдария өзеніне ағызуы секілді ол жақтың астамшылықтарын іркіп қалды. – Мен күрішке орақ салуға сені күттім, – деп, өзі бірінші боп айдай иілген орақ жүзін бырт еткізіп, сары сабаққа тигізді. Бір бауды орып, баулап бо­лып: «Бұны шешеңнің аруағына арнайық. Биыл­ғы науқанның қызығын көре алмай кетті», – деді. Баласы күрішке орақ салып жүріп, бырт-бырт ет­кен мұңлы дыбыстың астында көрген-білгенін біраз әңгіме қылды. – Тілдері де, қандары да біздің топқа жататын халық екен, – деп қазақты өзіне тартты. Көңілдері кең жайлау, жандары жайбарақат... Ол сол жақтың бір қызына көңілі кетіп жүр­генін қанша жеткізейін десе де, өңі-жүзі қабыр­шық­танып, кесел жеңе бастаған әкесіне тісінен шығарып айта алмады. Тіпті, қыздың туған жері де атом бомбасы сыналған полигон екенін ойлағанда жүрегі май ішкендей кілкіп, аузына тығылды. Сол асыққан күйі қайтар жолдың арбасына отырды. Әкесінің айтпай қалған құпиясы – Хибаксуя нөмірін алғандығы еді. «Білсе өзі біле жатар, жа­панға жар салатын жаңалық емес қой», деп перзентін өзімен тең санады. Кетпей жатып жаны тызылдап, жолын тосқан да жайы бар. *** Мектеп жанына бір «Джип» кеп тоқтап, ішінен көктемдегі етегі делеңдеген пальтосын ақ костюмге ауыстырған жапон жігіті шықты да, бері қарай аяңдады. «Қолындағысы не? Гүл ғой. Сакура. Тағы да сакура». – Сәламатсыз ба? – деп сәл иіліп кіріп келді. «Иілу бұлардың үрдісі. Бірақ, еркектің иілгені бүртүрлі секілді. Иілмейтін Кішібегің анау ма?» Қо­лында үш тал сакура. Қызғылт түске оранған жапырақтар. – Сізге арнайы Мацуеден алып келдім. Біздің жақта сакура гүлдеді, – деп қолын созып, ұсына берді. Ол сабағынан иіліп, сола бастаса да тастауға қимай отырған гүлдің суын ауыстырып, орнына жапырағы қызғылт түсті жаңа гүл қойды. Әрлі-берлі жүргенде көзін алмаған жігіттен ыңғай­сыз­данып, аяғын әзер басты. – Елге барып келдім. Әкем аман. Егінін жинап алды, – дегенде Санагүл күліп жіберді. – Тағы қандай жаңалық бар ауылыңда? – Сабантой өткіздік. Әкем той болса қуанады. Сен туралы айта алмадым, – деп жан-тәнімен беріле сөйлеген жігітке бір қарағанда үш тал саку­раның қызғылт түсі күнмен шағылысып, бойынан бір алтын сәуле шашырап, бөлме іші айқұш-ұйқыш сәулелі сызыққа малынды. – Кэнди, қазір менің сабағым. Бүгін кешке кел. Мына жерде, мұғалімдер бөлмесінде ыңғайсыз... – Махаббатқа педагогика кедергі келтіре ал­майды, – дегенде, батыл жігіттің сөзіне сүйсініп, кешкі алтыда клуб алдында кездесуге уәде берді. Шығып бара жатқанда үстел үстіндегі үш тал гүлге тағы да көзінің астымен қарады. Білегіндегі 8-ші наурызда Кішібек сыйлаған білезік қырлы стакандағы қызғылт гүлдің астында шырмалып, маталып, білегінен бырт-бырт үзіліп, түсіп жат­қандай көрінді. Шешіп алып, алақанымен уыстады. «Бұны қайда қойсам екен? Өткен жолы бір тал еді, бұл жолы үш тал. Бұл гүл олар үшін алтын білезік пен күміс жүзіктен артық қой». – Күтемін, – деп дөңгелек жүзді жігіт күріш тісі ақсия күлімсіреді. – Жетіден бір минөт кешікпеймін. *** Уәде – Алланың атымен айтылар ант. Бұл жігіт Алланың атын айтпаса да бір Тәңірдің барлығына сенеді, адамдықтың ала жібін аттамауға, ата-ба­балары өсиет еткен өнегені кері бұрмауға барын салады. Бір елдің нанын жеп, суын ішкесін сол елдің тілінде сөйлеуді де адамдық парыз санап, өзгенің көңілін табуға талпынып келеді. – Әкем бар. Сіздерше айтқанда пайғамбар жасында. Шешем жоқ. Әкем зейнетте. Менің қызығымды, жеңісімді көргісі келеді. Сен ма­ған тұрмысқа шық, Са­на­гүл. Арғы тегіміз алыс емес, адамбыз ғой. Адам боп түсінісе білсек, бір өмір бәрімізге ортақ емес пе? – Кэнди, сонда қай­да тұрамыз, сенің ауы­лыңда ма, менің ауы­лым­да ма? – деп шол­жың қыз тілінің бізін сұғып, қаракөлеңкеде сынай қарады. – Екі жақта да тұрамыз. Әуелі әкемнің алғысын алып, біздің елде, қаласаң осында. Менің мұн­дағы жұмысым ұзаққа созылады. Сіздің жерді зерттеу менің еншіме тиді ғой. – Әкең, менің болашақ қайынатам, батасын бере қояр ма екен?! – Мен үшін бәрін істейді. Мен оның жалғасымын. Біз қайда жүр­сек те адамға жақсы болсын деп қызмет етеміз. Қыз ойланып қалды. Жігіт жан-тәнімен сөйлеп келеді, оның көкірегінде қазақтың кең даласын көрген салқар көсіліс бар. – Өмірде бәрі де адам үшін емес пе. Онда болашақ атам келіп, құда түссін. Бізде сондай салт бар, – деп қыз көкірегіндегі орын­далмай қалған арманның тұ­сауын тағы бір ағытып, ыза аралас тіл қатты. – Ондай салт бізде де бар. Сіздерде шәйнек дейді, біздерде шәй­­некті ошақ дейді. Құдалар шәй­некті отқа қойып, ошақты ай­налып отырып бір-біріне шәй береді. Көңіліміз оттай ыстық бол­сын дегеннен шыққан. Қыз үнсіз қалды, жігіт те сөзін доғарды. – Бізге қоржын арқалап келеді, қазақ қоржының тоқ болмаса өкпелейді. – Сана, мен үш жылдан бері осындамын ғой. Бәрін де білем. Жігіт «Сана» деп атын қысқартып айтып, еркелете сөйлегенде ол жалт қарады. Мұғалімдер бөл­месінде қалған үш тал сакура гүлі қараңғыда көз алдын кес-кестеп өтті. – Онда болашақ қайынатам қоржынын тоқ қылып дайындай берсін. Жігіт терең демалып, қыздың нәзік саусағын ұстады. – Біздің жақтың ауа райы ұнай ма? – деді Санагүл. – Ауа райын болжау бір Тәңірдің қолында. Телерадиодағы ауа райын болжаушылардың сө­зінде әбестік көп. Ауаны таза ұстау адамдардың өз қолында. Біздің үй де Киотаға жақын. Әкем 45-ші жылы туған. Екеуі қою түнге сүңгіп көрінбей кетті. Қыз Кэндиден бір қарама-қарсылық көргендей болды. Ол жеті ай жанында жүрген бұрынғы жігітін ойлады. Жігіт болса бұ қыздың жан тазалығы мен өр көңілін бір көргеннен ұнатып еді. Екі пікірдің басы түйісіп, екі нәсілдің қос жүрегі бірге соғып, екі құрлықтан асып, қол ұстаспаққа бекінді. Жігіттің қалам ұстауға бейім жіңішке саусағы қыз саусағын қыса ұстағанда қарсылық білдірмей бір-бірін белгісіз терең иірім тартып бара жатты. *** Қазақтар құданы Еуразияның кіндігі – Жидебайда күтіп алды. Қыздың әкесі қасына ауылдың әкімін ертіп еді, ол кіндік-қазыққа қол тигізіп тұрып, бұның біздің ел үшін маңызы зор екендігін құдаға тәптіштеп түсіндіріп берді. Сәл еңкіш тартып, өң-жүзі қабыршақтанып, қартая бастаған Тәкеши ұлан-ғайыр кең далаға қарап: «Тәңір бере салған ел екен де», деп құдаларының жері қандай кең болса, көңілдері де сондай екен деп, әбден тәнті боп тұрды. Сол сәт тамның төбесіне еккен күріштігі, келер жылы биікке шығып, сол жерді баптауға шамам келер ме екен деген тіміскі ой да қу жанын тінтіп өтті; келмесе Кэнди мен келін бар ғой деп, айналасына бір қарап қойып, көңілін тоқ санады. Құданы әдейі атқа мінгізді. Аяғын үзеңгіге са­лып, тақымы ерге тиісімен жылқы жануар желе жөнелді. Әуелі іші ауыра бастаған Тәкеши бір кезде сары желіске жаны елтіп, кең даланың тау­сылмас сары жазығына тояттана қарады. «Осыны көрсеткен Тәңірге ырзамын, ұл берген Тәңірге мың да бір ырзамын, Кэнди болмаса осы жерді көрер ме едім», деп осыншама жазық даланың бостан бос ақтарылып, алақан жайып жатқанына таңғалды. Әкімнің аузы бір жабылар емес. «Үш күндік жол­дың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын сал­ды» дейтін Абай жүрген жол – осы», – деп тағы да та­ныстырды. «Иә, Жидебай осы, Абай шешесіне асығып жеткенде, «Әуелі әкеңе барып сәлем бер» дейді ғой анасы», деп құда әрі кітапты оқығанын, әрі темірдей қатаң тәртіпке тәнті болғанын білдірді. Оны Кэнди қазақша мінсіз аударып берді. Ба­ласы әкесін ұзақ жолға ұзақ дайындады. Көрмеген елдің салт-дәстүрінен хабардар етті. Сосын «Оқиға өткен жер осы жер, ұлылардың шыққан жері осы жер» деп, «Абай жолының» төрт кітабын тауып беріп, Тәкеши төрт ай кітаптан бас алмады. Енді сол кітаптағы майы шыққан жаз жайлау көз алдына елестесе, мынау бұтасы қурап, топырағы тозған кең жазық көңіліне біртүрлі көрініс береді. Бі­рақ, оң жақтағы әкім мен сол жақтағы ау­дармашы ұлы, артындағы бауыздау құдасы мен жекжат-жұрағаттардың дауысы топырақты борп-борп басқан ат тұяғына ілесіп, көңілдің кеңдігі де жердің кеңдігіне ұқсас екенін көріп келеді. «Біздің жеріміз тар болса да көңіліміз кең», деп өз хал-күйлерін айтпаса да ат үстінде сараптан өткізіп қойды. Ауыл әкімі бәрін жеткізгенмен, бұл жерде жарты ғасырға жуық зардапты жа­рылыс болғанын айтпады, аузын ашып үңірейіп жатқан қазан шұңқырлар айтпаса да бұ жерде бір сұмдықтың болғанын құданың көңіліне тайға таңба басқандай көрсетіп тұрды. Ол өз жа­нындағы құпияның да бүктеуін жазбай бұқпан­тайлай берді. «Ол жат-жұртқа айтылмайтын сыр» деп қиялын қымтап, қуыстана бергенде орта жолда аттан түсірді. – Кең далада отырып дәмнен ауыз тиейік, – деді әкім. Құда қара жерге жайылған дастарқан үс­тін­дегі ішекке сыймай тұрған қазыны көріп: «Апыр­май, не деген молшылық» деп таңғалды. – Біз де көңілімізді көрсетіп бағармыз, бірақ жері тар елдің саусақ сорған сидаңдығы көрініп қал­маса... – деп өзін-өзі тез тоқтатты. – Әркім ба­рымен базар болады да». Әкім сөйлеп отыр. Өзгелер үнсіз. Ол құда күткендерге: «Бұл жерде атом полигоны болға­нын тістеріңнен шығармаңдар» деп айтып қойған-ды. Көзінің астымен қарап, тістеніп қойғаны. – «Менің сөзім сөз, қой аузынан шөп алмай отырыстарың отырыс-ақ» дегенді білдіргені еді. *** Құда құлқын сәріде тұрады екен. Есік алдына шығып, арлы-берлі жүріп, таңғы шәйге келгенше бірнеше шақырым жолдың төлеуін алмаса не­ғылсын. Бұлар құданың ұйқысы қансын, әбден тынықсын деп, алыстан ат терлетіп келген адам­ның жан тыныштығын ойласа, құда ешкім оянбай тұрғанда таңғы тынық ауаны жұтып-жұтып алып, жан сарайын кеңітіп жүргенді көңілі қалайды екен. Кеше де естіп еді, сол дауыс бүгін де қайта­ланды. «Сірә, өздерінің салттары болар» деп ойын тұйықтай бергенде қақпадан кіріп келе жат­қан көзтаныс ауыл әкімін көрді. Қасында тұрған Кэндиден «Бұл не дауыс?» – деп сұрады. – Бұл – мешіттен шыққан дауыс. Азан ша­қырып жатыр. Намаз осылай басталады. – Онда баруға бола ма? – Тек сыртында тұрасыз. Дінің бөлек, дәретің жоқ, – деп ескертті. Кэнди әкесіне өз тілінде сөй­леді. Әлден соң құда дәрет құманды қолына ұстап, әжетханаға қарай құнжыңдап кетіп бара жатты. Жолай әкім тағы да сөйледі. – Лев Толстой деген орыс жазушысы нәсілі христиан бола тұра мұсылман дініне кірген. Оны сол үшін шіркеуден қуған. – Лев Толстой. «Война и мир», – деп Тәкеши орысша айтып, кітапты оқығанын білдірді. – Мен де 1945-ші жылы туыппын. Сіздерде сол жы­лы жаһан соғысы аяқталды ғой. – Пайғамбар жасынан асыпсыз, – деді әкім. – Иә, сіздерде Пайғамбар, біздерде Будда. Діннің тазалығына не жетсін, – деген кезде, «Алла» деген дауыстан кілт тұра қалды. «Қандай таза дауыс!» – Алла! – деп бауыздау құдасына қарады. – Қандай таза дауыс! – Памдат қой, – деді мешітке баратын құдасы. Тәкеши кемсеңдеп, асығып, алға озды. Көз жасын алақанымен сүртіп тастады. Ол адамзаттың тазалығына тәнті еді. Сондай адамдардың қасында жүргеніне өзін-өзі ұстай алмай көңілі босап, көз жасына ерік берді. – Құданың көңілі бос екен, – деп әкім Санагүлдің әкесіне қарады. – Қайтсін. Бұның да жалғызы ғой, – деп, бауыздау құдасын сырттай жұбатты. *** Санагүлді сыңсытып алып келгесін Мацуэде олардың қосылу тойы болды. Храмда сакэ ұрт­татып, некелерін қиды. Тойда қырық бес адам болуы керек еді, қара-құраның басы қырық беске жетпеді. Тәкеши тектес нөмірлі үш Хибаксуя келді, сосынғысы Кэндидің достары мен туған-туыстары. Абыралыдан келген құдалар қырық бес түрлі тойтамақтың бірінен кейін бірін күтіп, төзімдері таусылды. Асап жейтін тоқ қазы мен қойдың кілкілдеген құйрығы, сораптап ішер сүт қатқан қою шай болмағасын теңіздің қарын тойдырмас шөп-шаламынан әуелі көңілдері пәс тартты, сосын бұлардың тісінің суын сорған сараң тіршілігіне қарап, аңтарыла ойға шомып, «осы біздікі ысырап емес пе?», деп өздерін күт­кендердің ығына жығылып, ыңғайына көне берді. Көбіне күріштен жасалған тұзсыз тамақ алыстан келгендердің асқазанын шыласа, қайда бар­са да аз сөйлеп, иіліп тұрған ақ еден көңіл­дерге тәнті боп құдалар елге қайтты. Тәкешиге тойдан кейін көп жұрт келіп, «құтты болсын» айтты. Хибаксуяға жолауға бол­майды дегенді желеу ғып, оның тойына қа­тыс­пай­мыз дегендер құдасын жер түбінен тапқан ди­қан азаматқа кешірім сұрап келді, бір жа­ғы­нан, зардапты адамнан аулақ жүріңдер деп өз­де­рін бақылауға алған биліктен сескеніп, көзге түс­кісі келмегендерін айтып, ағынан жарылды. Ке­лін­нің көрімдігін беріп, адам­ның күні адаммен екендігін көрсетті. Санагүл білек сыбанып, үй тірлігіне кірісіп кетті. Тәкеши келер жылдың егістік жерін өң­деуге бүгін бірінші боп кетпен ұрып, «қалғанын өздерің атқарыңдар» деп айтуға келін мен ба­ланы есік алдына шақырды. «Ендігі егісті өз­де­рің өңдеп, өз­дерің егіңдер, мен мұсылманша пай­ғам­бар жасынан астым», деп алыстағы құ­да­ларын да еске алып қойды. Кетпен сабын қолына қыса ұстады. «Менен кейін Кэнди мен Сана ұстайды, сонан кейін кім ұстар екен? Бүгін осында кетпен ұстап, ертең қайда жүр­сең­дер де Тәкеши ұрпағы екендіктеріңді ұмыт­па­саңдар болғаны». Үйден әуелі Кэнди шықты. Еркектің алда жүруі ата салты. Артында Са­нагүл. Келіннің аяғы ауыр. Хибаксуя келінінің қазандай төң­ке­рілген құрсағына көз астымен қа­рап қойды. «Аман-есен қол-аяғын бауырына алса екен, – деп тіледі. – Алла оң кө­зі­мен қа­раса екен, ұл тапса екен», деп құдалары сы­йынар Тә­ңірді аузына алды. Хибаксуя кем­сең­деп отыр. Бар үміті келінінде. Қуандық ТҮМЕНБАЙ.