16 Сәуір, 2016

Әлем үшін де, еліміз үшін де маңызды

393 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
ҚайыроллаС.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы, профессор Қайыролла АХАЖАНОВПЕН әңгіме – Жуырда АҚШ-та Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит өт­ті. АҚШ-тың ядролық қауіпсіздік мә­селелері бойынша осындай жоғары дең­гей­дегі саммит шақыруының себебі неде? – Өйткені, бұл саммит ядролық қарулануға қарсы тұрып, ядролық терроризм әрекеттеріне тоқтау салынғанын және ядролық материалдардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалғасқанын қалайды. Ал біздің еліміздің де дәл осы мәселеге байланысты айтары баршылық. Еліміз дүниежүзінде антиядролық қоз­ғалыс жетекшісі. Бүгінгі күнгі басты мақсат – дүниежүзінде ядролық қауіпті азайту және сол мақсатта қауіпсіз қой-малар ашу. Мәселе осында. Бұл мәселе әлем үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Сондықтан, бұл бас­тамаға ешкім де бейжай қарай алмайды. Дүниежүзінде ядролық қалдықтарды таратпауда біздің еліміз алдыңғы қатарда тұр. Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы Төмен байытылған уран банкін құру туралы шарт халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. АҚШ президенті де Қазақстанның аталған саладағы жетекші рөлін атап өтті. – Еліміз егемендігін алған күн­нен ядролық қарудан бас тартты. Семей полигоны жабылған күн халқы­мыздың мәңгі есінде. Ал полигон зардаптарының жойылу барысы туралы не айтасыз? – Семей полигонының жабылуы арқасында Қытайдағы Лобнор полигоны, АҚШ-тағы Невада полигоны, Франция мен Ұлыбританияның Тынық мұхитты аралдарындағы сынақ алаңдары да жұмыстарын тоқтатты. Жер бетіндегі тыныштық жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартуға байланыс­ты екені түсінікті. Елбасы Н.Назарбаев саммитте жарияланған манифесінде адамзатқа ортақ «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттігіне назар аудартты. «Біріншіден, қазіргі кездегі қандай да бір соғыста ешкім жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксио­ма ретінде түсінуі тиіс. Үшіншіден, мем­лекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске аралас­пау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек», – деді Елбасы. Бұдан асырып айту әсте де мүмкін емес. – Ал атом қару ретінде жойылып, бейбіт мақсат үшін пайдаланылуы керек дейсіз ғой? – Ядролық қаруды таратпау қоз­ғалысында ядролық қарудан бас тартқан бірінші елдің басшысы ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Бұл жаһанға еліміздің бейбітшіл мақсатын көрсетті. Ядролық қауіпсіздікті сақтауда әлемдік күшті біріктіретін саммит өт­кізудің маңызы зор. Екіншіден, терроризм қаупі де үрейлендіре бастады. Қазір әлемде ешқандай ел терроризмнен қауіпсізбіз деп айта алмайды. Елбасы Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жарияланған «Әлем. ХХІ ға­сыр» манифесінің де осы тұрғыдан ма­ңызы зор. Алғашқы 2010 жылы өткен саммитте-ақ АҚШ президенті Барак Обама Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласында жетекші рөл атқарып келе жатқанын айтқан болатын. Сеулде өткен екінші саммитте Қазақстан, АҚШ, Ресей мемлекеттерінің басшылары Семей ядролық сынақ полигонындағы жағдай бойынша біріккен мәлімдеме де жасады. Яғни, Семейдің полигон аймағы саналатын Дегелең тауының сілеміндегі ядролық сынақтар өткізілген және радиа­циялық белсенді материалдардың қалдықтары қалған туннельдерді жабу ісі бойынша көпжылдық біріккен опе­рацияның аяқталғаны жария етіл­­ді. Үшінші Гаагадағы саммитте дүние­жүзіндегі қауіпті ядролық ма­териал­дардың санын қысқарту, бар­лық ядролық материалдардың және радиациялық белсенді көздердің қауіпсіздік деңгейін көтеру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту секілді ауқымды жаһандық мақсаттардың орындалуы сөз болды. Осы саммитте Елбасы елімізде ядро­­лық қауіпсіздікті сақтау бойынша ядролық материалдарды экспорттық бақылау жүйесі жетілдірілгенін айтты. Ядролық және радиоактивті материалдарды біріздендіру орталығын құру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Алматыдағы Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары төмен байытылған отын­ға көшірілді. Ең маңыздысы – біздің еліміздегі ядролық нысандар МАГАТЭ-нің бақылауында. – Қайыролла Хасенұлы, еліміз уран қоры, уран кенін өндіру жөні­нен әлемдік көшбасшы саналады. Ядролық отын өндіруді бейбіт мақсатқа пайдалануға қол жеткенін осыдан-ақ көруге болады ғой? – Елбасы еліміздің бейбіт мақсат үшін ядролық отын өндірудің жаһандық технологиялық тізбегінен өз орнын ала алатынын айтты. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру ту­ралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. МАГАТЭ-мен бірлесіп, Төмен байытылған ядролық отын банкін құру біздің маңызды үлесіміз болғанын Елбасы атап көрсетті. Бұл Иранның ядролық проблемасын шешу үшін де маңызды болды. Болашақта ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдаланғысы келетіндер осы банк ресурсын қолдануына болады. Біз төмен байытылған ядролық отынның Халықаралық депозитарийі болып саналамыз. Бізде МАГАТЭ-мен бірлесіп уранды өндіру және байытудың барлық циклын автоматты түрде тіркеу, бақылау және қорғаудың қанатқақты жобасы табысты іске асырылуда. Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттердің азаматтық ядро­лық технологияларға қолжетімділігі тең болуын қолдайды. – Мұндай банктің құрылуы қауіп­сіздіктің бірегей тетігі деуге бола ма? – Әрине, өйткені, банк МАГАТЭ-ге мүше елдерге Төмен байытылған уранға кепілдік беретін бірегей орталыққа айналады. Яғни, Төмен байытылған уран банкі атом энергетикасының бейбіт түр­де дамуына қызмет етіп, жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады. 2015 жылдың 27 тамызында Астанада Қазақстан Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) еліміздің аумағында Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойды. Қол қою рәсіміне Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция, Ресей өкілдері, сондай-ақ, осы жобаның доноры болып табылатын Еуропалық одақ елдері, Кувейт, БАӘ өкілдері қатысты. Банк Шығыс Қазақстан об­лысындағы Үлбі металлургиялық зауы­тының аумағында орналаспақшы. Онда атом энергетикасының қажеттілігі үшін пайдаланылатын төмен байытылған уран сақталады. Қатысушылар Қазақстанның ядролық қаруды таратпауға және халықаралық бейбітшілікке қатысты жоғары дең­гейдегі қызметтер атқарғанын, бұған қоса, Төмен байытылған уран банкін құру жөніндегі мәселелер Қазақстан тарапынан оң шешім тапқанын атап айтты. Халықаралық қоғамдастық банк өз қызметін қауіпсіздік пен сенімділік жағ­дайында жүзеге асыратынына үміт білдірді. – Семей полигоны жерлерін ауыл шаруашылығына пайдалану үшін қайтару мәселесі туындады. Осы жерлер зерттеліп болды ма сонда? – Жалпы, жарылыстардан көз ашпаған Семей полигонының тағдыры БҰҰ қарарымен мойындалған. 1949-1989 жылдар аралығында полигон жерлерінде мал бағуға, егістік жұмыстар өткізуге тыйым салынды. Әрине, осы күнге дейін еліміздегі Ұлттық ядролық орталық по­ли­­гон аймақтарының радиациялық жағдайын зерттеуде. Әсіресе, полигонның Павлодар облысына қарасты солтүстік аймағының ауыл шаруашылығына пай­далануға болатындығын немесе әзір­ше болмайтындығын зерттеу жұ­мыстары айрықша назар аудартады. Қазіргі күндері полигон аймағында мал бағатын шаруа қожалықтары бар. Жүргізілген зерттеулер бойынша, егер бұл жерлер радиациямен уланбаған болса, онда ауыл шаруашылығына толық қайтарылуы тиіс. Ұлттық ядролық орта­лық ғалымдарының айтуынша, полигон жерлерінің кейбір бөлігін ауыл шаруашылығына қайтаруға болады. Бұл – біз үшін Семей полигоны зардабынан шығудың бір мүмкіндігі. Кешенді экологиялық зерттеу және оңалту іс-шараларынан кейін ол жерлер бірте-бірте ауыл шаруашылығы мақсатына берілетін болса, шаруа қожалықтары да көбейеді. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы дамиды. – Мұның қандай да бір ғылыми түрде сенімді негізі бар ма? – Әрине. Жүргізілген көпжылдық зерттеулеріміз полигон маңындағы азық­тың және ауыл шаруашылығы дақылдарының химиялық құрамы мен нәрлілігін дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни, «Полигон аймағындағы азықтың химиялық құрамы мен нәрлілігі» туралы алғашқы кітап биыл баспадан шығады деп жоспарланып отыр. Бұл монография Павлодар мем­лекеттік университеті мен Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының тығыз байланысының арқасында жүзеге асып отырған жоба. Және Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналып жазылған алғашқы ғылыми жұмыс­тардың бірі. Аталған еңбекке үлесін қосқан – «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев. Осы адам­­ның басқаруымен облыс орта­лығында «Қазақстан жолы – ядролық қарусыз әлем» атты ғылыми конференция өткізілді. Бүгін біздің еліміз бен АҚШ қарым-қатынастары стратегиялық сипатқа ие және жоғары деңгейде дамып келеді. Бұл кезінде Семей полигонын жабу және ядролық сынақтарға халықаралық мораторий жариялау­дан басталған болатын. Полигон жабыл­ғанына 25 жыл болса, мораторийге 20 жыл толып отыр. Осының бәрі еліміздің жетістіктері, біздің бастамаларымыз. – «Полигон аймағындағы азықтың химиялық құрамы мен нәрлілігі» деп аталатын монографияңыздың тақы­рыбы маңызды. Полигон аумағын зерттеумен айналысып жүрсіз. Жазған еңбектеріңіздің жемісін бүкіл өңір халқы көрсін. – Рахмет. Жазған, зерттеген жұмы­сымыз – көпжылдық еңбектің нәтижесі. Полигон тақырыбы – ғалымдар, зерт­теушілер, журналистер үшін қажетті, зерттеуді керек ететін ауыр да қызықты тақырып. Өзің де «Егеменде» жаздың. Студенттеріміз де бейбіт атомды ел игілігіне пайдалану үшін көп оқып, көп білулері керек. Полигон аймағындағы мал жейтін жемшөп, су таза болса, адам денсаулығы мықты. Халық сол жерлерге мыңғыртып малын бақсын. МАГАТЭ Қазақстанға үлкен сенім білдіріп отыр. Төмен байытылған уран банкін құру туралы шешімнің қа­былдануы да содан. Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту тұрғысынан Қазақстанда банкті орналастыруға бар­лық қажетті инфрақұрылымдар қалыптасқан.  Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР