16 Сәуір, 2016

Мақсат айқын, бағыт анық

342 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
DSC_4891-2stЕлбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған әрбір Жолдауы, саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыда аса терең мәні мен мазмұны бар тарихи құжат. Өйткені, онда өткен белестер зерделеніп, алынар асу сараланады. Сондықтан да, біз, он жеті жарым миллионнан астам әрбір қазақстандық Жолдауды асыға күтеміз, оған үлкен үміт артамыз. Ал, үмітіміз әрдайым да ақталып келеді. Себебі, Елбасының қай Жолдауы болмасын бағдарлы бағдарлама: нақты да айқын, тиісті қаржымен қамтылған, тиянақты тұжырымдалған, ең бастысы, халықтың көңіліне жақын. Ел халқының айрандай ұйы­ған бірлігі қоғам дамуының негіз­гі кепілі екендігін ескерте келіп, Елбасы өз Жолдауында бы­лай деді: «Жауапты сәтте бір­лігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағида, біз­дің басты ұстанымымыз болуы тиіс». Біздің пайымдауымыз­ша, бірлік ең бірінші кезекте, барша қазақстандықтардың жұды­рықтай жұмылуына ұйыт­қы болып отырған қазақ ұлты үшін қажет. Бұл орайда Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында: «Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана алға басамыз» деп шегелей айтқан болатын. Ал, біз өз тарапымыздан «алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер» дейтін халық на­қы­лын әр кез есте ұстауымыз керек. Жасыратыны жоқ, еліміз тәуел­сіздік алған алғашқы жылдары халық түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Бірақ, Елба­сы­мыз­дың салиқалы саясаты мен көрегендігінің арқасында халық тығырықтан жол тауып, еңсесін көтерді. Ендеше, қазіргі дағдарысты да еңсеруге еліміздің әлеуеті жетеді. Өйткені, Қазақстан халқының мақсаты айқын, болашақ бағыты анық. Елбасымыздың ширек ғасыр бойы жүргізген осындай парасатты саясатының нәтижесінде, Қазақстан бүгінгі таңда Давос экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі көрсеткіші бойынша 42-ші орынды, ал бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар қалыптастыратын елдердің әлемдік рейтингінде 41-ші позицияны иемденіп отыр. Ал енді, еліміздің әлеуметтік саладағы жетістіктеріне келер болсақ, Елбасы өз Жолдауында: «Біздің халқымыз дәл қазіргідей өмір сүрген емес, халықтың тұрмыс деңгейінің, денсаулығының жақ­саруының нәтижесінде, қазақ­стандықтардың орташа өмір сүру деңгейі 72 жасқа жуықтады», деп орынды атап өтті. Президент өз Жолдауында, әлемдік дағдарыстан туындаған еліміздегі экономикалық және қаржылық іркілістерге қарсы бағытталған үш стратегиялық міндеттерді айқындап берді: олар – өсім, реформалар және даму. Бұл міндеттердің түпкі мақсаты «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт Жоспарын жүзеге асырып, асқақ мақсатымыз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену, Мәңгілік Ел идеясының салтанат құруын қамтамасыз ету. Осынау айрықша мәні бар стратегиялық жоспарларды жүзеге асыру үшін терең білімді, әрі жоғары білікті кадрлардың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Инновациялық экономика мен шикізаттық емес секторды құрудың негізгі тетігі – жоғары білікті кадр­лар. Сондықтан да Елбасы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге арналған бұған дейінгі бағдарламалардың орындалу керектігін айта келіп, «Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім бағдарламасы басталатынын жариялаймын», деп түйіндеді. Бұл дегеніміз еліміздегі тапшылыққа айналған техникалық кадрлар мәселесін шешудің төте жолы болатындығының анық дәлелі. Әйтпесе, дүниежүзінде жастарына орта білім бере алмай отырған мемлекеттер жоқ емес. Ал Елбасының жастарға кәсіптік-техникалық мамандық алуына толық жағдай жасауын ел дамуындағы тарихи биік белес деп айтуға болады. Осының барлығына біз тәуелсіздік арқылы, Елбасының сарабдал саясатының арқасында жеттік. Президент, өз Жолдауында бюджетке түсіп жатқан салықтық түсімдердің 20 пайызға дейін төмендеп кеткенін ескерте келіп, барлық мемлекеттік ұжымдарды қаражатты мейлінше үнемдеп жаратуға шақырды. «Көрпеміздің көлеміне қарап көсілейік», деді Елбасы. Бұл мәселе әрбір отбасыға да қатысты. Өйткені, мемлекет дегеніміздің өзі миллиондаған отбасылардың жиынтығы емес пе? Бүгінгі таңда, әр отбасы кіріс-шығысын мұқият есептеп, қаражатын барынша үнемдеуге көшуі керек. «Тарта жесең тай қалар» деген қазақ нақылы негізгі қағидаға айналуы тиіс. Ұлы бабамыз Абайдың өзі адам атты ардақ­ты атқа ие болу жолындағы бөгет­терді – «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп, бес дұшпаның ретінде ескертіп кеткен жоқ па еді?! Ал бабамыздың «бекер мал шашпақ» деп отырғаны біздің күнделікті өміріміздегі ысырапшылдық. Банктерге басымыздағы құтхана, яғни бас­панамызды кепілдікке қойып тұрып несие аламыз, бәсекеге түскендей той өткіземіз. Одан қалса, шектен тыс дастарқан жайып, «қонақтарымыз тойда рухани ләззат алып отырсын» деген оймен арнайы әнші шақыртып, олардың жол кіресі мен жатар орнын төлеп, жарты сағат немесе бір сағат еріндерін жыбырлатып тұрғаны үшін ақша төлейміз. Ақша болғанда да, АҚШ президенттерінің бейнелерімен безендірілген қыруар қаражат. Меніңше, осының бәрі де көлденең шығындар. Сөздің реті келгенде айта кетейік, осы біздің той өткізу үрдісімізді де реформалау керек сияқты. Бұл мәселеге өкілетті және атқарушы органдар назар аударса, тіпті жақсы болар еді. Сонымен Жолдау жарияланды. Бүкіл әлемді шарпыған саяси-эко­номикалық дағдарыс жағ­да­йынд­ағы атқарылар міндеттер сараланды. «Дағдарыс­тардың бәрі де өткінші, өтеді де кетеді. Біз бұл дағ­дарыстан да жеңімпаз болып шы­ға­мыз. Мен өз халқыма сене­мін», деп түйіндеді өз Жол­дауын Елбасы. Ал біз, «бұдан да жаман кезіміз­де тойға барғанбыз» дейтін төзімді де еңбекқор халық емеспіз бе? Ендеше, Президент сенімін ақтау үшін шаршамай-талмай еңбек етейік, алға адымдай берейік!  Саттар ҚУАШБАЙ,  Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты,  «Нұр Отан» партиясы әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор  ШЫМКЕНТ