18 Сәуір, 2016

Таэквондошы Руслан Жапаров Олимпиада лицензиясын жеңіп алды

248 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
18.04.2016 AST-1 АСТАНА. 18 сәуір. Филиппиннің Манила қаласында таэквондодан Азиялық лицензиялық турнир өтті. Осы сында таэквондошы Рсулан Жапаров Олимпиадаға лицензияны жеңіп алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жартылай финалдық жекпе-жекте 80 килодан аса салмақта сынға түскен Армия орталық спорт клубының спортшысы, спорт шебері, ефрейтор Руслан Жапаров пәкістандық таэквондошы Аршад Атиефті жеңді. Осы жеңіс лицензиялық турнирдің ережесі бойынша отандасымызға Олимпиадаға лицензия алып берді. Финалда Жапаров Қытайдың спортшысынан жеңіліп, күміс жүлдегер атанды. «Бұл жолдама – спортшымыз бен бүкіл жаттықтырушылар штабының қажырлы еңбегінің жемісі. 2015 жылдан бастап Руслан жолдаманы жеңіп алу үшін ұпай жинай отырып, әртүрлі халықаралық додаларға қатысты. Үйге оралысымен Жапаровты Алматы қаласында өтетін жиындар күтіп тұр. Одан кейін Корея мен Бразилиядағы жиындарда Олимпиадаға қызу дайындықты бастаймыз», деді АОСК командасының аға жаттықтырушысы, капитан Әнуар Үсенов айтып берді. Руслан Жапаров – Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының қоржынына Олимпиаданың сегізінші жолдамасын жеңіп алған спортшы. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: Қорғаныс министрлігі. 18.04.2016 AST-2