19 Сәуір, 2016

Тұла бойы намыстан жаратылған

364 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
18-04-2016-Abdisalan 01Сексен жылдан астам тарихы бар қазақ боксында қол жеткізілген толағай табыстар ұшан-теңіз. Сол жемісті жетістіктерді жетелеп жеткізген ерен ерле­ріміз де жетерлік. Олардың қатарын Олимпиада, Уни­версиада және Азия ойындары, әлем, Еуропа, Азия және КСРО чемпионаттары секілді бәсірелі бәсекелердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері толтырады. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбдісалан Нұрмаханов осы аталған дүбірлі дүрмектердің бірде-бірінде мойнына алтыннан алқа тақпады. Бірде-бір Олимпиялық ойындарға, әлем және құрлық чемпионатына қатысқан жоқ. Оның спортшылық мансабындағы бар биігі Кеңес Одағы біріншілігінде 2 рет күміс, 2 рет қола (мұның бірі Спартакиаданың да жүлдесі болды) медальдар жеңіп алу­мен шектелді. Біз «алтын алқа» дегенде, тек қаһарман қан­дасымыздың Азия және Африка спортшыларының небәрі екі кезек өткізіліп, жалғасын таппай қалған ГАНЕФО ойындарының бірінші турнирінде чемпион болға­нын ғана айта аламыз. Бірақ Әбдісалан ағаның ұлттық боксымыздағы орны өзінен бұрын КСРО чемпионатында республикаға тұңғыш қола, күміс және алтын медальдарды алып берген алдындағы ағаларынан да, жоғарыда айтылған айтулы аламандарда бірнеше мәрте топ жарған кейінгі інілерінен де ешқашан төмен болған емес. Себебі, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған ол тұтас бір дәуірдің кескін-келбетін танытатын толымды тұлғасы, спорттың осы түрінің нағыз қозғаушы күші ретінде халқының жадында мәңгіге қалып қойды. Қалың еліне «қазақ боксының қаһарманы» ретінде танылған Әбдісалан аға, бұдан 14 жыл бұрын қапияда көз жұмып кетпегенде, бүгін тура сексеннің сеңгіріне шығып отырған болар еді... Тегінде бардың тегі озары белгілі. Балалық шағы қасиетті Түркістан топырағында өткен Кеңес Одағы секілді алып елдің болашақ атан жығар айбынды ұланының сойы да сондай сұрапыл күші бар атадан еді. Арғы бабаларының бәрі арыс­тандай айбатты, жолбарыстай жүректі жандар есебінде ел есінде қалған оның өз әкесі Нұрмахан да бойы екі метрге жететін апайтөс адам болған екен. Ол заманында аты әлемге әйгілі Қажымұқанның жанына ілескен атқосшы-серік­те­рінің біріне айналыпты. Көне Торғай өңірінде өсіп-өнген Нұрмахан өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында қазақ жерін жегі құрттай жалмаған ашаршылық салдары­нан бір түнде түп көтеріліп, оң­түстік өлкеге қарай үдере кө­шеді. Бір бел асып бекімей, екі бел асып екілей қозғалған көш жолай еш жерге аялдап, тұрақтай алмай, Өзбекстанның ең түпкі түстігіндегі Әмудария аумағына барып табан тіреп, бір-ақ тоқ­тайды. Осында балықшылық деген өзі үшін мүл­де жаңа кәсіпке ден қойған Нұрмаханның отбасы біртіндеп ес жиып, ел қатарына қосыла бастайды. Соның арқа­сында бұрыннан қара-құрасы құралып қалған ба­лаларының соңынан тағы да жеткіншектер ере түседі. Келешек қазақ боксының  нағыз арқасүйер айбыны мен мадақ тұтар мақтанышы атанатын Әбдісалан 1936 жылдың 19 сәуірі күні осы Сұрхандария облысына қарасты Шурчи деген ауданның Күлтафа атты елді мекенінде шаңырақтағы тоғыз баланың сегізіншісі болып дүние есігінен аттайды. Отбасындағы басқа балалардан бір ерекшелігі, араларында Әміров деген текті алмай, өз әкесінің атына жазылған жалғыз Әбдісалан болыпты. БОКСБұдан кейін көп ұзамай Нұр­махан әулеті мұнда селбесіп келген ағайындарымен бірге «елге жетіп алу» деген мақсатпен кері қарай көш түзейді. Соңында олардың күн-түн демей жүріп отырғанда жетіп тоқтаған жері Түркістан ма­ңайы болады. Бала Әбдісалан осында жүріп өзі құралыптас құрдастарымен алысып-жұлысып ойнап, күреске де түсе бас­тайды. Бірақ оның спорттың алуан түрінен сайысқа түсіп, өзін әр салада сынап көруі 50-ші жыл­дардың басында Нұрмахан отбасының Түркістан қаласына біржола қоныс аударып, тұрақтап қалуынан кейін ғана жүзеге асады. Әдепкіде біраз уақытын бас­кетболға жұмсаған Әбдісалан күн­дердің күнінде керілген арқан, кел­саптай қолғапқа бағынған бокс атты құдіретті спорт түрі бар екенін білген кезінде бәрін тастай салып, осылай қарай ауып кетеді. Бұған өзінен бірнеше жас үлкендігі бар Молдабек Құрал­баев есімді жасөспірім жігітпен көшеде кездесіп, шекісіп қалуы бірінші себеп болған сияқты. Сол Молдабек жаңа танысқан жас досына бокстың ең алғашқы әліппесін үйретіп, өзінше ма­шыққа баулиды. Осында жүріп бірінші рет бокс қолғабын ки­іп, құмға толтырылған қапты соқ­қылайды. Екеуі кейінірек Кон­стантин Градополовтың бокс туралы оқулық кітабын қолға түсіріп, сол бойынша тәлім алуға кіріседі. Дегенмен, Әбдісалан нағыз бокс­пен 1953 жылдың күзінде Алматыға оқуға келген кезінде ғана шындап шұғылдана бас­тады. Әуелгіде машинист ма­ман­дығын меңгеру үшін те­мір­жол техникумының табал­ды­рығынан аттаған ол тап осы бокс­­тың салдарынан оны үшінші курсқа жеткенінде тастап ке­тіп, оқуды денешынықтыру тех­никумының екінші курсынан жалғастырды. Бұған Қазақ мем­лекеттік университетінің заң фа­культетінде оқитын Әпсемет деген ауылдас ағасының ықпалы күшті болды. Бір күні ол Әбдісаланды қо­лынан жетектеп, сол кездің өзін­де атағы дүрілдеп тұрған жат­тықтырушы Давлеткерей Мул­лаевтың өзіне әкелді. Сөйтсе, Сол­­түстік Кавказдан қуғын-сүр­гін лаңымен Қазақстанға келіп қалған малқар маманымен жақсы таныстығы бар екен. Басында Талдықорғанға түскен бапкердің спорт жетекшілері алғауымен Алматыға ауысқанына да біршама уақыт болған екен. Әпсемет алдын ала айтып қойса керек, екеуі жаяулап «Динамо» спорт залына келгенде, 36 жастағы ұстаз 17-ден жаңа асқан, бойы 190 сантиметр, салмағы 80 килограмнан асатын қалың қабақты сылыңғыр қара жігітті қуана қарсы алады. Олардың соңынан біраз жылға созылған, кейін Давлеткерей Ма­гометұлы Белоруссияға қыз­метке ауысып кеткенге дейін жал­ғасатын жаттықтырушы мен шәкірт арасындағы барынша жа­расымды тандем осылайша емен-жарқын қалыпта алымды арнаға түсті. Жаңа ортадағы жа­ңарған жаттығулар жүйесі Әбдісаланға салған жерден қатты ұнады. Сол кезде мұның алдында даңқты жерлес ағасы Октябрь Жарылғаповтың үгіттеуімен во­лей­болдың жолына түсіп кет­пегеніне шын көңілден қуанды. Енді сәл болмағанда, таспа доп­тың торына шырмала кетуге тым жақын да қалып еді. Ал бокс жаттығу залына енгеннен бойын ерекше бір күш пен ға­­ламат сезімнің кернеп бара жатқанын бірден байқады. Ол бокс­­тың қыры мен сыры көп екенін, оны шебер меңгеріп шығу үшін ащы терді тамшылатып төгетін жанкешті жаттығудың да жеткіліксіз екенін айтпай ұғынды. Сондықтан, шаршы алаңда қиян-кескі ұрыс салып, төбелесті төске шығаруды емес, ойлы ойын көр­сете білуге үйренуді әу бас­тан ал­дына мұнаралы мақсат етіп қой­ды. Осы жолда бір соққыны бірнеше күн қайталап жасап, мұқият дағдыланған кездері де аз болған жоқ. Бұған, шамасы, боксқа келгеніне айға толмай тұрған кезінде ұстазының бір додаға қосып жібергені тағы бір дүмпу берген. Жаттықтырушы Муллаев сол тәуекелімен екі бірдей міндетті жүзеге асырды. Біріншіден, аса ауыр салмақта жоқ боксшысының орнын жапты, екіншіден, батырға – айғақ, балуанға куә болатын шынайы шайқаста үкілі үмітінің алғашқы аяқ алысын аңдап көрді. Ал ата баласының ат меңіндей белгісі болатыны рас екен, Әбдісалан өзінің рингтегі ең бірінші ұрысын сәтті өткеріп, қарсыласын бірінші раундтың өзінде-ақ іске алғысыз етіп тастады. Арада екі жыл өткенде, 1955 жылы Әбдісалан Нұрма­ха­­нов Қазақстанның жекелей біріншілігінде барлық қар­сы­ласын бет қаратпай жеңіп, тұң­ғыш рет чемпиондық тұғыр­ға көтерілді. Тағы бір-екі жыл­дан соң Кеңес Одағы чемпио­на­тындағы тұсаукесер жекпе-жектерінің өрнегін түзіп, аты айдай әлемге жайыла бастады. Мұның алдында Дондағы Рос­товта өткен «Буревестник» қоғамы чемпионатының финалында кейін өзімен үлкен рингтерде бірнеше рет жолығатын Мельбурн Олимпиадасының кү­міс жүлдегері, жергілікті бокс­шы Лев Мухинге есе беріп қойғаны бар. Ал Мәскеуде 1957 жылдың 3-6 сәуірі күндері жалау желбіреткен әдепкі чемпионатында екі қарсыласын емін-еркін жеңіп, ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткен. Кіл атан жілік, арқар мүйізді алыптар бас қосқан жиында бұрын аты-жөні көпшілікке кеңінен танылмаған 21 жасар жігіттен мұндай батылдықты ешкім күт­пеген. Алтын медаль үшін талас осыдан бастап Одақтың кейін 6 дүркін, Еуропаның 3 рет чемпионы атанатын мәс­кеулік Андрей Абрамовпен өтті. Қазақстандық жас қабылан өзіне қарағанда, бір пұтқа жуық ауыр салмағы бар, тәжірибесі де мол қарсыласымен қайтпай шайқасты. Бірақ теңге пара-пар айқастың қорытындысында төрешілер ақылдаса келе, жеңісті аздаған басымдығы байқалған Кремльді қаланың өкіліне беріп жіберді. Ал Әбдісалан осы жолы тұңғыш рет жеңіп алған күміс медалінің арқасында омырауына «КСРО спорт шеберінің» жетонын тағып қайтты. Әбдісалан Нұрмаханов келесі медаліне 1959 жылдың тамыз айында қол жеткізді. Бұл жолы Спар­такиада шеңберінде ту кө­терген чемпионатта біздің батырымыз алғашқы ұрыстарын сәтті өткеріп, жартылай финалда краснодарлық Александр Изо­си­мовпен беттесті. Тартысты өт­кен жекпе-жекте сәл ілкімділік көр­сеткен қарсыластың жолы болып кетті. Осылайша, ұзын саны 5 рет Одақ чемпионы болатын Кубань өлкесінің бағланы да Әбдісаланмен ұрыс салғаннан кейін өзінің ең алғашқы алтын медаліне аяқ артты. Бұл екі қарсылас арада 2 жыл өткеннен кейін Мәскеуде кәсіподақтардың бүкілодақтық спартакиадасының ақтық сынында тағы кездесті. Осы жолы Әбдісалан бұрыннан кеткен есесін жақсы қайтарып, жеңіске жетуге тым жақын қалған. Бірақ соң­ғы раундта кенет қабағы жа­рылып кетті де, дәрігердің ұйға­рымымен ұрыс тоқтатылып, ұтыс тағы да краснодарлық жігіт­тің қанжығасына байланды. Деген­мен, Александр да ер екен, арнайы бұрылып келіп, бұл кезекте Әбдісаланның басым болғанын өз аузынан айтып кетті. Сол Саша 1963 жылы Индонезия астанасы – Джакарта қаласында бірінші рет өткізілгелі тұрған Азия және Африка елдері спортшыларының ГАНЕФО ойындарына баратын құраманы іріктеу жаттығулары жүріп жатқан кезде де мәрттік көрсетті. Аса ауыр салмақта Әбді­саланмен бәсекелес болған ол екі рет өткізілген спарринг-айқаста да өзінің жеңіліп қалғанын жаттық­тырушыларға естірте ашықтан-ашық айтты. Осылайша, Әбдісалан кеңес спортшылары алғаш және соңғы рет қатысқан Ойындарға жанын сала кірісті. Балдағы алтын ақберен мұнда да өзіне аса көп қамшы салдырмай, қар­сыластарының бәрін әлдінің кеуір қырған зүлперіндей тас-тал­қан етіп жеңіп шықты. «Бәрі» болғанда, жеребеге сай, кездесуін жартылай финал шегінен бастаған тарлан өзінен дене пішімі ана­ғұрлым үлкен, соған орай салма­ғы да айтарлықтай көп екі бәсе­келесінің әптер-тәптерін шы­ғарып, ұрыстарды мерзімінен бұрын бітірді. Әуелі гвинеялық Карама Мамиді бірінші раундтың 20 секундында нокаутқа жіберді. Соңында алтын медаль үшін таласта египеттік Мухаммад Сайед әл-Киланиді үшінші раундта екі соққымен орнынан тұрғызбай тастады. Сөйтіп, Әбдісалан бокс­шылардың осы Ойындардағы соңғы нүктесін әдемілеп қойып берді. Кеңес құрамасы онда 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медальға қол жеткізді. «Қазақ боксының қабыланы» өзінің боксшылық мансабы жылдарында екі спорт қоғамы атынан сынға түсті. Соның біріншісі – «Буревестниктің» 7 мәрте, «Еңбек резервтерінің» 5 рет чемпионы атанды. Бұдан бөлек, ВЦСПС-тің 2 рет жеңімпазы болып үлгерді. Ал Қазақстан біріншілігінде 11 мәрте тұғырдың ең биігінен қол бұлғап тұрды. Осы кезеңдері ол республиканың ішкі жарыстарында Семен Либерман, Иосиф Гильдин секілді саңлақтармен ұдайы бәсекелес болды. Әсіресе, соңғысымен шайқас нағыз жан алысып, жан беріскендей кес­кілескен сипатта өтетін. Ба­сын­да жасы үлкен қарсыласына бі­раз есесі кетіп жүрген Әбдісалан кейін оны екі шайнап, бір жұ­татындай шамаға келіп қалды. Ол ең соңғы жолғысында рес­публиканың Шымкент қаласында өткен біріншілігінде Гильдиннің әлем-тапырығын шығарды. Осымен қатарынан үшінші рет жүні жығылып қалған Иосиф бокс қолғабын да шегеге ерте ілуге мәжбүр болып еді. Ал Одақ көлеміндегі турнирлерде біздің даңқты боксшымыздың жолы ригалық Янис Ланцерс, ленинградтық Вадим Емельянов, ростовтықтар Лев Мухинмен және Николай Сухаревпен, сондай-ақ жоғарыда айтылған Александр Изосимовпен және Андрей Аб­ра­мовпен жиірек түйісті. Осы шайқастар бір жағы оның абыройын асқақ ете түссе, бір жағы шеберліктің шыңына жетуге жетелеп отырды. Сол сынақтарда Андрей Абрамов бағын көбірек байлады. Мұның ішінде Әбді­салан мен Андрейдің 1962 жыл­дың мамыр айының 27-сі күні Киевте КСРО чемпионатының финалындағы айқасы кейін көп уақытқа дейін жанкүйер жұрт пен мамандардың аузында жүр­ді. Кезінде бұл жекпе-жекте қазақстандық спортшының айқын басымдық танытқанын, бірақ жеңістің әділетсіздікпен оның қарсыласына беріліп кеткенін «Советский спорт» газеті де, жер­гілікті басылымдар да ашық жазды. Чемпионатқа ширек финалдан қосылған Әбдісалан аға алдымен мәскеулік армияшы Владимир Гришинді талассыз тізе бүктірді. Жартылай финалда мәскеулік динамошы Виктор Селезневті тырапай асырды. Ол ақтық ай­қаста Абрамовты да бесінші бұрыш іздейтіндей дәрежеге жеткізіп еді. Алайда, көрер көзге бүйрек бұрып жіберген арбитрлар алқасы 3:2 деген есеппен ұтысты ұрыста сілікпесі шығып тұрған Андрейдің қолына ұстатып жібере салды. Сол-ақ екен, Киевтің кең спорт сарайының іші дуылдасқан айқай мен жаңғырыққан ысқырық үніне толып кетті... Украина астанасының бокс­сүйер қауымы қазақ спорт­шы­сының өнерімен бұдан бір жыл бұрын жақсы таныс болып қалған еді. Атап айтқанда, 1961 жылдың күзінде осы қа­лада КСРО және Германия құра­маларының матчтық кезде­су­лері өтіп, Әбдісалан өзінің Виль Бранденбургер есімді қар­сыласын үш раунд бойы қуалап жүріп сабаған еді. Енді, міне, осы Киевтен кейін қайтадан ба­тыс­тағы немістер еліне тағы да сапар шекті. Құрама бұл сапары алдымен Данияның ор­талығы – Копенгагенге аялдап, бір жолдастық кездесу өт­кізді. Нұрмаханов жергілікті жан­күйерлердің көтермелеуімен жел­пініп алға ұмтылған өзінің виза­виін бірінші раундта-ақ жалпасынан құлатты. Ал Кельн­де Вилли Регенаур деген қар­сыласын үшінші раундта естен тандырған Әбдісалан Боннда бұдан бір жыл бұрын ұшырасқан Бранденбургерді ұрыс басталар-басталмастан үш соққымен талдырып түсірді. Бұдан басқа, біздің батырымыз Югославия, Румыния, Венгрия секілді елдердің рингтері төрінде сәтті өнер көрсетті. Жал­пы, Әбдісалан Нұрмаханов өзі­нің 14 жылға жуық уақытқа со­зылған спортшылық дәуірінде 239 рет ұрыс алаңына шығып, соның 222-сінде жеңіске жетті. Ол 1968 жылы үлкен бокспен қош айтысқаннан кейін «КСРО-ға еңбегі сіңген шебер» атанып, Қазақстан боксшылары арасында бұл атаққа қол жеткізген бірінші саңлақ болды. Әбекең тәуелсіз Қазақ елі бокс­­шылар құрамасының бірін­ші бас жаттықтырушысы деген құрметті де еншілей білді. Ол құрама команданы 1993-1997 жылдары басқарып, оның жеке жасақ ретінде 1996 жылы Атланта Олимпиялық ойындарына қатысуының да басында тұрды. «Қазақстан қабыланы» бастап барған республика былғары қолғап шеберлері сол айтулы ала­маннан 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальдар жеңіп алып, Куба мен АҚШ жамағаттарынан кейінгі үшінші орынға жайғасып, сенсациялық жеңіске қол жет­кізді.  Ал мұның алдында, 1994 жылы Азия чемпионатында бес бірдей шәкірті алтын медаль алып, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Міне, осы төлбасы жеңіс болып өмірімізге енген осы даңқты жол­дан бастау алған Қазақстан құрамасының боксшылары бұдан кейінгі жылдары турнирден турнирге өрлеумен келеді. Осының бәрі Әбдісалан Нұрмаханов сынды шын мәнінде де ертегінің кейіпкері бола алатындай нағыз алып адамның кезінде Қазақ дене тәрбиесі институтында кафедра меңгерушісі болып та, ғылым жолын қуып та, шәкірт тәрбиелейтін бапкер болып та, бокс әліппесін үйрететін бірнеше оқулық кітап шығарып та спорттың осы өзіне төл түрін елімізде дамыта түсуге орасан зор үлес қосқанына айқын айғақ бола алады. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА