Алматыда БҰҰ-ның Қоғамдық ақпарат департаменті мен Қазақстан Спорт даму қорының бірлесуімен Халықаралық спорт күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Оған қаладағы төрт балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, өзара бақ сынасты. Спорт күнін ресми мерекелеу Қазақстан Республикасының Әнұраны және Туын көтерумен басталды.
Халықаралық Спорт күні өзара түсіністік пен толеранттық атмосфераны, бейбітшілік пен дамуды нығайтуға ықпал етеді. Командалық рух, адалдық, тәртіп, қарсыласты құрметтеу сияқты спорттың ішкі құндылықтары бүкіл әлемде ойын ережелері ретінде қабылданады және қоғамдық, татулық пен бейбіт өмір сүруге ынтымақтастырады. Міне, осындай мақсатта өткізілген әртүрлі спорт және демалыс іс-шарасына Алматы облыстық №1, Алматы қаласының №1, №2 және «Жанұя» балалар үйлерінің 80-ге жуық тәрбиеленушілері қатысып, алғашқы көмек көрсету тренингтері, футбол бойынша турнир, көңілді эстафета, бишілер мен әншілер көрсетілімдері, сондай-ақ зумба әсерлі биі мен бразилиялық капоэйра жауынгерлік өнері көрсетілді.
Іс-шараның ашылу салтанатында БҰҰ-ның Ақпараттық бюросы, ЮНЕСКО, Қазақстан Спорт даму қорының өкілдері қатысушыларды құттықтап, кішкене спортшыларға жарыста сәттілік тіледі.
Шақырылған іс-шара қонағы Zumba фитнес биі жаттықтырушысы жарыс басталғанға дейін балаларды билетіп, футбол турнирі және эстафеталарға қатысуына күш-жігер берсе, Қазақстанның Қызыл Ай қоғамының жаттықтырушылары оларға алғашқы медициналық көмек ережелерін көрсетті. Жарыс аяқталған соң балалар «Манеж» кешені жанында орналасқан «Қайрат» спорт барында тамақтанды. Сонан соң ҚМЭБИ университеті студенттері және капоэйристер өнерлерін көрсетіп, артынша марапаттау рәсімі өтті.
Сонымен, жарыста Алматы қалалық №2 балалар үйінің футбол командасы жеңіске ие болды. Ал іс-шараның демеушілері мен серіктестері, атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросы, БҰҰ Халықтың қоныстану даму қоры, Қазақстанның Қызыл Ай қоғамы мен Fitness Line, Kind Burger, ToiMart, UDprint, Almaty Mall, Raimbek bottlers компаниялары әрбір қатысушы балақайға сертификат беріп, сыйлықтар табыс етті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»