19 Сәуір, 2016

Әлемдік додада доп тебеміз

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әлемдік додада допФутзалдан Қазақстанның ұлттық құрама командасы әлем чемпионатына жолдама алды. Алматыда Қазақстан құрамасы іріктеу турнирінің соңғы матчында Польша командасымен кездесіп, қарсыластарын 7:0 есебімен ұтты. Осы жеңіс отандастарымызға әлем чемпионатына жолдама алып берді. Польшамен кездесуде алғашқы голды матчтың екінші минутында Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита соқты. Оның алыстан тепкен добы қарсыластар қақпасынан бір-ақ шықты. Одан кейін құрама капитаны Серік Жаманқұлов пен Дуглас екеуі дубль жасады. Екінші таймда Лео мен Арнольд Кнауд бір-бір голдың авторы атанды. Ұлттық құрамада гол соққан футбол­шылар – Қазақстанның аза­мат­тығын алған Бразилияның бұрынғы ойыншылары. Енді еліміздің бас командасы әлем чемпионатына дейін тамыз айында Таиландта жаттығып, осы елдің құрамасымен кездеседі. Одан кейін Бразилияға барып, Өзбекстан құрамасымен жол­дастық матч өткізеді. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы осымен екінші рет арада 16 жыл өткен соң әлемдік додаға жолдама алды. Дүбірлі доп бәсекесі 10 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Колумбияда өтеді. Оған 24 елдің ұлттық құрамасы қатысады. Алғаш рет Қазақстан командасы 2000 жылы Гватемалада өткен әлем кубогына қатысқан болатын. Сол кезде жарысты ерте аяқтаған отандастарымыз топтық кезеңде Бразилиядан 1:12, Португалиядан 2:6, Гватемаладан 5:6 есебімен жеңілген. Биыл Қазақстан құрамасы Сербияда өткен Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, қола медаль жеңіп алды. Тоқетерін айтқанда, Қазақстан футзал құрамасы мен «Қайрат» клубының Еуропа төріндегі жеңістері қазіргі қазақ футзал жарысының ренесcансы деуге болады. Ал футзалдан Алматы клубы соңғы жылдары еліміздің халықаралық аренадағы жетістіктерін толтырып, беделіне бедел қосып келеді. Өткен жылдың өзінде «Қайрат» елішілік жарыстардың барлығын жеңіп алса, арада көп уақыт өтпей Еуропа төрінен төбе көрсетіп, УЕФА кубогының иегері атанды. Одан кейін әлемнің клубтық чемпионатында екінші орыннан көрініп, қазақ футзалының бұрын-соңды болмаған жетістігіне, биі­гіне жетті. Сөйтіп, қазіргі қазақ теңбіл доп өнерінің қарқыны ешбір елден кем еместігін көрсетті. Жақында футзалдан «Қайрат» клубы спорт сүйер қауымға та­ғы бір қуанышты хабарды жет­кізді. Алматының «Қайрат» фут­зал клубы «Әлемнің ең үз­дік клубы-2015» атағынан үміткер­лер тізіміне қосылды. Бұл жаңа­лықты халықаралық футзал қау­ым­дастығы өзінің ресми сайты арқылы AGLA Futsal Awards 2015 by futsalplanet.com тұжырымы бойынша «Қайраттың» әлемнің ең үздік клубы атағынан үміткер командалар тізіміне қосылғаны туралы хабарлады. Өткен жылы Қазақстан чемпионы, Қазақстан кубогы мен су­перкубогының иегері атанған «Қайратты» әлемнің үздік клубы атағына әбден лайық деп білеміз. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»