Үстіміздегі жылдың 16 сәуірінде ұзаққа созылған науқастан кейін 76 жасқа қараған шағында ғалым, этнограф, еліміздің тұңғыш демографы, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Байғалиұлы Тәтімов қайтыс болды.
М.Тәтімов 1940 жылы 30 сәуірде Алматы облысының Талғар қаласында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1958-1959 жылдары Украинаның Днепродзержинск қаласында металлург мамандығы бойынша оқыды. Осыдан кейін ол 1966 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық университетін, 1969 жылы Мәскеу экономикалық статистика институтының аспирантурасын бітірді. 1970-1993 жылдары республика Ғылым академиясындағы Философия және құқық институтының ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығында кіші, аға және жетекші ғылыми қызметкер болып істеді. Осы уақыт аралығында ғалым 1931-1933 жылдардағы «голощекиндік геноцидтің», 1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннің, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақтар шығынын, тоталитаризм үшін «сенімсіз» халықтардың Қазақстанға қоныс аударылуының саяси себептерін ашып көрсету жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды саяси-құқықтық ақтау үдерісіне қатысты. Халықаралық статистика деректеріне сүйене отырып, алғаш рет дүниежүзіндегі түркітілдес халықтардың жалпы санын жариялады. Сөйтіп, демография саласындағы көптеген құнды ғылыми еңбектердің авторы атанды.
М.Тәтімов 1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысын құруға қатысып, оның тең төрағасының бірі болып сайланды. 1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аппаратында Ақпарат және талдау бөлімінің аға сарапшысы қызметін атқарды. Ол елдегі көші-қон саясатын талдап жасаушылардың, шетелдердегі қазақтардың елге оралуын алғаш ұйымдастырушылардың бірі болды. Сөйтіп, 1992-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат жөніндегі гендерлік кеңестің, 1992 жылдан Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі қызметтерін атқарды. 1997 жылдан бастап Орталық Азия университетінің ректоры болды. «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды.
Мақаш Байғалиұлы Тәтімовтің қазақтың тұңғыш демограф-ғалымы ретіндегі тәуелсіз елімізге сіңірген еңбегі ұмытылмайды. Азаматтың жарқын бейнесі, мейірбан жүрегі оны білетіндердің есінде әрдайым сақталады.
Бір топ жолдастары мен әріптестері
Сабақтастық ұғымының туын көтеруші еді
Мақаш Тәтімов – қазақ ғылымында есімі үлкен әріптермен жазылған, қоғамда ойып тұрып алған өз орны бар ірі тұлға еді... Ойлы азамат 60-шы жылдардағы интеллектуалды қозғалыстың көш басында жүрген буынның өкілі ретінде Мәскеуде ту тіккен «Жас тұлпар» ұйымының белсендісі болды. Біз сол кезеңдегі Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Советқазы Ақатаев, Жәмила Намазбаева секілді тегеурінді буынның батыл да байыпты қадамдарын қалай ұмытамыз?! Тарихта сабақтастық деген ұғым бар. Қазақ қоғамының басында сол сабақтастық деген ұғымның үзіліп қалу қаупі тұрды. Олар сол сабақтастықты ту еткен, зиялы түрде жалғастырған ұлағатты ұрпақ өкілдері еді. Мұның сыртында Мақаш Тәтімов қазақтың демографиялық қоғамында ерекше танымал ғалым саналады. Сол 80-90-шы жылдары Қазақстанда Мақаштың еңбегін білмейтін сауатты азаматтар болмаған шығар деп ойлаймын. Ғалым тірнектеп жиған демографиялық зор еңбегі арқылы халқымыздың бүгініне және болашағына ғажайып болжам жасады. Өткен жылдардағы орын алған демографиялық қозғалыстарды сараптап, тиянақты талдау жүргізді. Ғалымның бұл еңбегін ғылымдағы ағартушылық сипаттағы атқарған абыройлы ісі деп бағалауға тиістіміз. Сол арқылы Мақаш қазақтарға халықтық-демографиялық тарихын таныта білді. Демографиялық дағдарыстан қалай шығудың жолдарын көрсетіп берді. Қадап айтатын бір жайт – үлкен ғалым Мақаш Тәтімов өзінің демографиялық талдаулары арқылы қазақ халқына сенім берді. Халықтың жасампаз болашағы бар екенін атап көрсетті. Кеңестік құлдырау кезеңінің ақырғы сәтінде басынан үлкен рухани дағдарысты кешіріп жатқан халыққа дем бергені, айтқан жұбатуы, жазып берген сенімі ешуақытта ұмытылмайды деп ойлаймын. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, Мақа! Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫАяулы аға, ақылгөй ұстаздан айырылдық
Аяулы аға, ақылгөй ұстаздан айырылу қиын екен... Суық хабарды естіп, осыдан үш-төрт күн бұрын университеттің атынан көңіл сұрай барғанымыз, Мақаш ағамен ең соңғы кездесуіміз өкінішпен еске түсті. Мақаш Байғалиұлы – біздің Орталық Азия университетінің 1997 жылдан бірінші ректоры қызметін атқарып келді. Соңғы үш жылда «Құрметті ректорымыз» саналды. Демография ғылымының асқан білгірі – академик, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Байғалиұлы Тәтімов біздің оқу орнының мақтанышы, шәкірттерге тәлімді дәріс оқыған құрметті профессорымыз деп білеміз. Ол – тәуелсіздік жылдары дүниеге келген оқу орнының – біздің университеттің аяғынан тік тұрып, өріс алуына, қанатын жаюына көп үлес қосқан абыройлы азамат. Мен әріптес ретінде Мақаш Байғалиұлының баршамызға үлгі болар ұстаздық қасиеті туралы әркезде де ерекше тебіреніспен еске алар едім. Оның ғылымдағы демографиялық ілімі бір төбе, еліміздің ғылымына осы сала бойынша алғаш түрен салған тұңғыш ғалым саналуы да тектен-тек емес деп ойлаймын. Соңғы он жыл ішінде Мақаш Байғалиұлымен оқу орнында бірлесе, жұптаса қызмет атқардық. Ол кісінің халық санағына, ұлт санының көбеюіне келгенде алдына жан салмайтын ғылыми еңбекқорлық қасиетін қалай ұмытармыз?! Мақаш ағаның әріптестері, қазақтың көрнекті ғалымдары университеттің жиі қонағы болатыны да көз алдымызда. Ағамыз оқушы-профессорлар құрамымен тез тіл табыса білетін, азаматтық мінезі ерекше жаратылған кеңпейіл жан болатын. Жастық шағында жүрек қалауымен алысқа аттанып, Днепродзержинск (Украина) қаласында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқығаны да біз үшін зор мақтаныш саналар еді. Абыройлы ағамыздың қазақ ғылымына қосқан ұшан-теңіз еңбегі елеусіз қалмайтынына сенемін. Жаныңыз жәннатта болып, нұрыңыз пейіште шалқысын, Мақаш аға! Назымгүл ЖАНҒАРАШЕВА, Орталық Азия университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ