«Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған заң оның мәнін толық түсінбегендердің көңіліне қобалжу енгізген. Осындайда айқайға аттан қосатындар мемлекеттік мәселені ушықтырып, барлық жерді бөтен біреулерге пышақ үстінен қылдай бөліп беретіндей үрей шақырып жүр.
Шымкентте осы мәселеге байланысты Ұлттық экономика министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесе отырып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде Жер кодексінің және басқа заңнамалық актілерді түсіндіру бойынша кеңес өткізді. Кеңеске мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, ауылшаруашылық тауар өндірушілер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Кеңес барысында ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді тиімді пайдалану, ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерге құрылыс саласындағы жаңа енгізілімдер, сондай-ақ, салық заңнамасына енгізілетін жоспарланған өзгерістер сияқты мәселелер талқыланды.
Жиында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрлігі департамент басшысының орынбасары Гүлжаһан Бимендина мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшікке аукцион арқылы беру, жалға берілген жер учаскелерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттарын ұсыну, жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша шектеулерді алып тастау, ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін алып тастау сынды өзекті мәселелер бойынша түсінік берді.
Жиында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 44-45-інші қадамдарын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын, Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыру шеңберінде салық жүйесін түбегейлі реформалау көзделгендігі айтылды.
Жер кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруға байланысты жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Енді шаруалар өз жерін елу пайыз жеңілдікпен жекеменшігіне сатылап төлеу арқылы алуға мүмкіндігі бар. Ал шетелден келгендерге жер жалға берілгені болмаса, сатып алуға рұқсат жоқ.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы