19 Сәуір, 2016

Үш тұғырлы тіл – ұлттың келешегі

404 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ERA_6105Білім сапасын жаңа деңгейге көтереді

Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға әрбір қазақстандық жауапты. Өйткені, осы маңызды құжатта көрсетілген бағыттар біздің қатысуымызбен жүзеге асырылады. Еліміздің даму жолын нақтылаған стратегиялық құжатқа Ұлт Жоспары деген атау берудің де сыры осында. Өркениетке бастайтын нақты қадамдарды жүзеге асыруға тұтас ұлттың, халықтың мүдделі болуы – оның басты ерекшелігі. Дарья ҚожамжароваДария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлт Жоспарының 76, 77, 78, 79-қадам­дарында білім саласын жаңғыр­татын нақты міндеттер белгіленген. Соның бірі – жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі. 79-қадамда көзделген мақсат қалай жүзеге асырылады? Алдымен осыған тоқталсақ. Еліміздегі оқу орындарында жаратылыстану бағытындағы оқытылатын мамандықтар бойынша ғылыми кітаптар аз. Көпшілігі аударма. Егер жаратылыстану ғылымдары ағылшын тілінде оқытылатын болса, теориялық білім беру тұрғысында жеңілдік болар еді. Ал бұл қажеттілік бізден нені талап етеді? Әрине, даярланатын кадрлардың бәсекеге қабілетті болуын. Бұл міндетті орындауда басты жауап­кершілік педагогикалық оқу орын­дарына артылатыны белгілі. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты – педагог кадрлар дайындайтын іргелі оқу орны. Іргетасының қаланғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен оқу ордасында күні бүгінге дейін мыңдаған маман даярланды. Кәсіби шеберлігі жоғары ұстазға сұраныстың да жоғары болатыны мәлім. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – сапалы маман даярлау. Үш тілді білім беру – бүгінгі заман талабы, бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Осы арқылы құзыретті һәм заманауи тұлғаны қалыптастыра аламыз. Қазақ тілі – Отанымыздың тілі, мемлекеттік тіліміз, біздің патриоттығымыздың белгісі болса, ал ағылшын және орыс тілдерін үйретудегі мақсат – XXI ғасырда өмір сүріп жатқан жастардың ертеңгі күні еңбек нарығындағы сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету. Осы талапты орындау үшін Тараз мемлекеттік педагогикалық институты 2015-2020 жылдарға арналған Үш тілді білім беруді дамыту Жол картасы бойынша үш жақты меморандумға қол қойды. Үш жақты келісім институт пен Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту және жастар саясаты мәселелері басқармасының арасында жасалды. Алдағы уақытта аталған меморандум аясында үш тілді дамытудың негізгі қағидаларын түсіндіру шеңберінде іс-шаралар өткізу, жастарға мемлекеттік бағдарламалар, құқықтық, психологиялық, әлеуметтік бағыттар бойынша кеңес беру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің деңгейлік курстарын ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ, жасалған келісімнің іс-шаралар жоспарында тілдерді оқыту орталығы оқытушыларының сапалық құрамының деңгейін арттыру мақсатында жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын тарту, жергілікті баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үш тұғырлы тіл саясатын түсіндіру секілді нақты жұмыстар бар. Ағылшын тілін үйрену тек қажеттілік деп түсіну – қате ұғым. Бұл алдымен білім сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болмақ. Сондықтан, 2016 жылдан бастап мектептерде жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту қолға алынбақшы. Жалпы, оқушылардың білім көрсеткішіне тікелей әсер ететіндіктен, бұл бағытта атқарылатын жұмыстар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Білім және ғылым» сарапшы тобының бақылауында болады. Ұлт Жоспары – әлеуметтің әлеуетін арттыратын реформа, мемлекетті одан әрі дамытып, тәуелсіздік тұғырын бекіте түсетін нақты қадамдар екені даусыз. Ол – әлемдегі бүгінгі тұрақсыздық жағ­дайында халықтың қауіпсіздігін қам­тамасыз ететін құжат. «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары ұлттың ерік-жі­герін ұштап, заманның жаңа талаптарын қабылдай отырып, алға ұмтылуға жетелейді. Ортақ жауапкершілік жүктеп, ұлы істерге бастайды. Сондықтан да, болашағымызды бағдарлап, кемел келе­ше­гіміздің көкжиегін айқындайтын ілкімді іске әрқайсымыз жұдырықтай жұмылып, өз үлесімізді қоса берейік. Жамбыл облысы  

«Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекеттік тіл – мемлекет құрушы ұлттық тілі,

ал орыс тілін білу ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Ағылшын тілін қайткенде тиімді үйретеміз

Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, мектептің әр күні көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы. Бұрын оқу үрдісінде мұғалім басты рөл атқарған болса, қазір оқушының белсенділік көрсететін кезі туды. Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық. Солардың бірі сын тұрғысынан ойлау технологиясы. Ағылшын тілі сабақтарында бұл технологияны пайдалану өте тиімді болып отыр. Назарбаев зияткерлік мектебімен Кембридж университетінің бірлесіп жасаған бағ­дарламасы бойынша 3 айлық курстан өтіп жаңа әдіс-тәсілі негізінде білім алдым. Осы кезеңде жеті модуль аясында білім алып, үйренгенімді өз тәжірибемде байқап көрдім. Мектепте оқытуға өзгеріс енгізу барысында осы идеялардың тиімділігін байқадым. Мен сабақ беруде жеті модульді қолдана отырып, терең түсінуге тырыстым. Осы жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып өткізген сабақтарым өзгеше болды. Себебі, тапсырмалар сабақ барысында оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалана отырып сабақ жүргізу, талантты және дарынды балалардың қабілеттерін ашу, оқушылардың басқару және көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру, оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдерді қолдану, сыни тұрғысынан ойлауға үйрету бойынша ұйымдастырылды. Сабақ үнемі топ ережесін еске түсірумен басталып отырды. Оқушылардың топтық жұмысқа толық тартылуын бақылап отырдым. Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушыға бағытталған тәуелсіз оқуға тәуекел ету оқытуға біраз өзгеріс енгізді. Жалпы, сыни тұрғыдан ойлау технологиясын ағылшын тілі сабақтарында қолдану өте тиімді болып табылады. Сабақ барысында оқушының қызығушылығы жоғарылайды, топтық жұмыс кезінде сабаққа қатыспайтын оқушы болмайды. Оқушылар өз бетінше жұмыс жүргізуге үйренеді. Сыни ойлаудың ең басты мәселесінің бірі – оқушының өз беті­мен жұмыс істей алу қабілеті. Оқушылар ер­кін түрде ойларын ортаға салады. Мұғалім оқу­шыға білім беріп қана қоймай, оқушыны ізденіс­ке, сыни ойлауға, зерттеуге, өз бетін­ше білім алуға тартып, тұлға тәрбиелеу керек.  Қымбат МӘЖІКЕЕВА, Дәуқара орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі  Солтүстік Қазақстан облысы