19 Сәуір, 2016

Бейбітшілік эстафетасы жастар қолында

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Виктор ДеймундҚазақстан басшысы өз манифесінде жер бетінде бейбітшілікті сақтауға және жаңа әлемдік соғыстар қа­терінің алдын алуға қатысты мемлекеттер басшылары мен барлық елдер халқына үндеу тастады. ХХІ ғасырда адамзат өзін өзі милитарсыздандыру бағытына қарай батыл қадам жасауы тиіс. Енді қайтіп ондай мүмкіндік болмайды. Өйтпеген жағдайда біздің планетамыз адамдары жоқ орасан зор радиоактивті материалдар қоқысының үйін­дісіне айналмақ. Біздің планетамыз таңғажайып, бұдан өзге ондай дүние бізде жоқ және болмақ та емес. Сон­дықтан адамзатқа жаппай қам­титын «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» бағдарламасы қажет. Бұл жаһандық стратегия соғыс вирусы мен дау-жанжалдар­ды жою бо­йынша ұлттардың келісілген және жауапкершілікті іс-қимылдарын айқындауы тиіс... Кез келген қазіргі заманғы соғыста жеңім­паз болмайды және болуға да тиіс емес, онда бәрі де жеңіліс табады. Бұл ескерту сөздер бірінші кезекте өзіміз жаңа буын деп атайтын қазіргі балалар мен жастарға қатысты. Осы ғасырда өмір сүретін және аталары мен әкелері салып берген жол бойынша бейбітшілік эстафетасын алып жүретін де солар болмақ. Өз­дерінің табиғатына қарай балалар ересек адамдардан гөрі өзге елдердегі замандастарымен дос болуға көбірек ұмтылады. Бұған менің өзіміздің халықаралық скауттық ұйым жұмысындағы тәжірибем арқылы да көзім жетті. Онда Джамбори деп аталатын слеттер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олар түрлі елдердің жастарын бірегей идея астына біріктіретін ең ірі мәдени және білім беру іс-шарасы болып табылады. Оған ондаған мемлекет­тен скауттар келіп, бірлесе отырып түрлі іс-шаралар өткізеді. Ал олардың негізінде бүкіл планета жастарының достығы, бір-біріне шынайы құрмет және соғысқа деген қарсылық жатыр. 2005 жылы Қазақстанның скаут­тары Германиядағы Джамбориде болды. Ал 2014 жылы олар сондай слетті өздерінде өткізуге қол жеткізді. Оған әлемнің 30-ға тарта елінен 500-ден астам жас­тар қатысты. Біздің Қазақстанды көшпелілердің ұлы мәдениеті ретінде таныстыру туралы идеямыз да дәл сол кезде туындады. Бұл іс-шаралар Қазақстан үшін халықаралық ауқымдағы беделді жастар оқиғасы болды. Сонымен бірге, ол, сөз жоқ, ЭКСПО-2017 қарсаңында біздің еліміздің туристік тартымдылығына өзінің оң ықпалын тигізді. Жастар Қазақстан Прези­дентінің манифесі сияқты жақ­сы және гуманизм идеясын әсерлі және тура мағынасында қабылдайды. Сондықтан да, осынау бейбітшілікке деген мемлекетаралық үндеудің планета жастарының зор жетістігіне айналуы маңызды. Мен қазіргі уақытта әлемдік дағдарысқа байланысты ел экономикасындағы жағдайдың күрделі екенін түсіне­мін. Дегенмен, Астанада әлем жастарының форумын өткізіп, онда олардың «Ғасырлар бойы соғыс өрті тұтанбасын!» деген ұран тастауы орынды іс болар еді.  Виктор ДЕЙМУНД, Қазақстан скауттар қозғалысы ұйымының президенті  ПАВЛОДАР