19 Сәуір, 2016

Қайырымдылық қанатында

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
логотип к 25 летию ДНК-1Таяуда Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орта­лығында «Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоры» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығы аясында, лейкоз, онкология және өзге де ауыр сырқат түрлеріне шалдыққан балаларды қолдау мақсатында «Мейірімділік арқылы бірлікке» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Қазақстандағы балалар құ­қы­ғы бойынша уәкіл, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева бала­сын жетектеген әрбір ананың қабағына қарап халін, жүзіне қарап жанын түсіне білгені, өзгелер секіл­ді шен-шекпеніне қарамай, он­дағы емделушілермен емен-жар­қын сөйлесіп, жағдай сұра­ға­ны қайран қалдырғандай. Тіпті, кейбіріне қуыршақ сыйлап, періште көңілді сәбилерді қуантып-ақ тастады. Одан кейін сөз алған Пар­ламент Мәжілісінің депута­ты Юрий Тимощенко, сон­дай-ақ, «Ана мен бала» ұлт­тық ғы­лы­ми орталығының» дәрі­гер­­лер қауымы сырқат бала­сын арқалаған аналарды шы­дам­дылыққа шақырып, емделу­шілерге шипа тіледі. Акция барысында Орталыққа қажетті дәрі-дәрмек  табысталып, балаларға сый-сияпат тарту етілді және  Астана қаласының этномәдени бірлестіктері шығар­ма­шылық ұжымдары мен талант­ты жас­тарының концерті өтті. Аталған шараға «Қазақстан украиндарының радасы» заң­ды тұлғалар республикалық бірле­стігі,  ҚХА мүшелері, «Асыл бала» республикалық қауым­дастығы, «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қоры» корпоративтік қоры, «КМF» шағын қаржы ұйымы, «Жанна Әубәкірованың арт-сту­диясы» шығармашылық ұжы­мы мен Астана қаласы этно­мәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Бес жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры «Ана мен бала ғылыми орта­лығы» АҚ-қа қолдау танытуда. Қор арқылы 500-ден астам балаға жәрдем жасалып, шетелдік жоғары білікті мамандардың диагностика жасауы қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда, серіктестермен және демеушілермен бірлесе отырып, 59 млн. теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»