Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның жарқын дәлеліндей болып шаруа адамына қолдау білдіру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, қазір жүзеге асырылуда. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдаудан кейбіріміз сырт қалып жатқан жайымыз бар. Мәселен, мен Елбасы саясатына иек артқандықтан, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Қостоған ауылында «Дәурен» шаруа қожалығын құрған едім. Алайда, бұл «дәуреніміз» ұзаққа бармай ма деген қауіп те жоқ емес.
Сонау 1993 жылы мемлекеттік жер қорынан алынған 196 гектар алқаппен аудандағы әйелдер арасында бірінші болып егіншілікпен айналыса бастадым. Сонымен не керек, өткен жылы Меркі ауданының басшылығы барлық шаруа қожалықтарына қант қызылшасын өсіру туралы ұсыныс тастады. Өйткені, Меркі қант зауытына шикізат қажет еді. Мен бұл іске білек түре кірісіп, жерімді дайындаған соң Меркі ауданы әкімінің орынбасары М.Өмірбековке барып, «жерім дайын, тек техника мен қаражат керек» деп көмек сұрадым. Ол «қызылша екі құлақ болғанда маған келіңіз, субсидия аласыз» деген уәдесін берді.
Содан 61 гектар жерге қызылша егіп, оның барлық күтімін жасадым. Және де жерімнің 40 гектарына сафлор, ал 40 гектарына арпа өсірдім. Орайы келгенде айта кететін бір жайт, ел Үкіметі қант қызылшасының әр гектарына 50 мың теңге субсидия береді дегеннен кейін тиісті құжаттарымды да өткізген едім. Қызылша алқабымның жайын тексеру үшін аудан әкімдігінің арнайы комиссиясы да келіп көріп, тиісті қорытындыларын берді.
Тіпті, Сарымолдаев ауылдық округы әкімінің анықтамасы да бар. Алайда, менің еңбегім зая кететін болды, сосын Меркі ауданы әкімінің ауыл шаруашылығын қадағалайтын орынбасары М.А.Өмірбековтің алдына бірнеше рет барсам да ешбір көмек көрсетілмеді. Не керек, сөйтіп мемлекет сәуір айында бөлген заңды қаржыны дер кезінде ала алмай, арық тартуға, қызылша алқабын суаруға мүмкіндік болмады.
Өзімнің қант қызылшасы мен арпаға субсидия алмағаным туралы аудан басшыларына бірнеше рет айттым. Тіпті, былтырғы шілде айында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары А.Нұралиевке де барып, жағдайымды айтып жеткіздім. Бұл жайттан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Нұржігітов те жақсы хабардар. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін одан ешбір нәтиже жоқ. Облыс ауданға сілтесе, ал аудан басшылары мені құрғақ уәдемен бос әуреге салып келеді. Ол ол ма, облыс басшылығының атына былтырғы жылдың желтоқсан айындағы жазған арызыма әлі күнге дейін жауап жоқ. Осындай жауапсыздық салдарынан мен Меркі қант зауытына қызылша тұқымын алғаным үшін 449 мың теңге, ал жер жыртып, тұқым сепкен тракторшы жігітке 80 мың теңгедей қарыз болдым. Ал енді қант қызылшасын менен 1,5-2 ай кеш сепкен шаруалар да субсидия алғаны мәлім. Сонда менің жазығым не? Аудан басшыларының міндеті Елбасы тапсырмасына сай кәсіпкерлерге, шаруаларға жағдай жасау, көмек беру және халыққа қызмет көрсету емес пе еді?
Жалпы, Сарымолдаев пен Ойтал ауылдық округтерінің, Меркі ауданы басшыларының шаруаларға деген көзқарасы ала-құла ма деп ойлайсыз. Мәселен, мені осы жылдары ешбір салтанатты шараларға шақырған емес және марапат та көрмедім. Есесіне былтыр желтоқсан айында ауыл шаруашылығы қызметкерлері мерекесін өткізіп, онда малшылар мен диқандарға бағалы сыйлықтар берілді. Сол сыйлықтарға ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ жандар, жас қызметкерлер ие болып шыға келді. Біз де аң-таң болдық. Тіпті, маған бір ауыз жылы сөз айтпағаны да жаныма батады. Жасым алпыстың алтауына жетсе де аналық басыммен жап-жас басшылардың есігін қағып, жүйкемді тоздырып, қажып та қамығып та жүрген жайым бар.
Ал маған тиісті субсидия бермей әкім-қаралар биыл тағы да қант қызылшасын өсіріңдер деген тапсырма беріп жатыр. Сонда қызылша алқабын көбейту тек жоғарыға ақпарат беру, алдыңғы орыннан көріну, ауданға мол қаржы бөлдіру үшін қажет болғаны ма? Неге олар менің құқымды таптайды? Мен осы мәселені мұқият баяндап, еліміздің Бас Прокурорына жолдаған арызымды Меркі ауданы прокурорына жолдаған екен. Ал Меркі прокурорының жауабында мен субсидия сұраған арызымды қайта алыппын-мыс. Ал заң бойынша менің арызым ешқашан қайтарылмайды, тек оны қараусыз қалдыру туралы өзім қосымша арыз жазуым керек. Бірақ, мен ешқандай қосымша арыз жазған емеспін.
Қорыта айтқанда, мемлекеттің заңды бөлген ақшасынан мен не үшін бас тартуым керек? Аудан прокурорының жауабы ешбір негізсіз жауап емес пе? Шаруа қожалығымды кеңейту, көкөніс өсіру мақсатымен 2008 жылы стандартты жылыжай салуға арнайы фирмамен келісімге отырған едім. Ол жоспарым да іске аспады. Өйткені, аудан басшылары қолдамады. Сонда аудан басшыларының көздегені не, мемлекеттік бағдарлама кімдер үшін және не үшін жасалады? Әйтпесе субсидиядан мен қашанғы қағыламын? Құзырлы орында отырған халыққа жанашыр адамдардың мен секілді қарапайым шаруаға берер көмегі бар ма екен?
Несіпкүл КЕЗЕҢБАЕВА,
«Дәурен» шаруа қожалығының төрайымы
Жамбыл облысы