20 Сәуір, 2016

«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ.

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DAA_9060Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы:

«Бейбітшілік жолындағы күрес – әрбір мемлекеттің парызы»

Қазақстан Парламенті Сенаты­ның Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 19 сәуірде Мәскеуде өткен Еура­зия елдері парламенттері спикер­лерінің Бірінші кеңесінде сөз сөйледі. «Еуразия өңірі елдерінің ХХІ ғасырдағы ортақ игілігі жолын­дағы пар­ламент­ара­лық ынтымақ­тастық» тақы­ры­бындағы шара­­ға Ресей Федера­циясы Мемлекеттік Дума­сының Төрағасы Сергей Нарышкин мен Корея Республикасы Пар­ла­ментінің Спи­кері Чон Ый Хва бас­та­машылық жасады.  Сенат Төрағасы парла­мент­шілердің назарын соғыс виру­сының таралу салдарына терең талдау жасайтын Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінің маз­мұнына аударды. Сенат Төраға­сының пікірінше, мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы, халықаралық құқықты елемеу, әлемдік істерде үстемдік етуге ұмтылыс, басқа халықтардың тарихы мен мәдениетіне нем­құрайлы қарау − қазіргі заманның басты түйткілдері болып табылады. «Қазіргі өркениетті сандаған қарулы қақтығыстар мен ажал себетін соғыс қатерінен арылту үшін күллі мемлекеттердің көш­басшылары саяси ерік-жігер көрсететін уақыт жетті. Дүние­жүзіндегі барлық мемлекеттер күш біріктірмей, Жер шары тұрғындарының игілікті өмірі туралы айту мүмкін еместігін түсінуміз қажет», – деді Қ.Тоқаев осы орайда. Төраға әлемде қару-жарақ­қа 2 трил­лион долларға жуық қаражат жұмсалатынын атап өтті. Бұл бір­қатар елдердің парламенттері өз үкіметтерінің табанды талабы бойынша даму мақсаттарынан гөрі әскери қажеттіліктер басым түсетін бюджеттерді қабылдап отырғанын айқын көрсетеді. Ал бейбітшілік үшін күрес – бұл көлемі мен күш-қуатына қара­мастан, әрбір мемлекеттің саяси және моральдық парызы болып табылады, деп атап көрсетті Спикер. Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығы қарсаңында Сенат Спикері пар­ламентшілерді ядролық қару­ды таратуға үзілді-кесілді «жоқ» деп айтуға шақырды: «Біз ірі мемлекеттердің толық қарусыз­дануын, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың орындалуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт­тың тез арада күшіне енуін талап етуге құқылымыз», – деді Қ.Тоқаев. Қ.Тоқаев Еуразия қазіргі әле­мнің арқауы болып табыла­тындығын атап өтті. Бұл – пла­нетадағы халықтың төрттен үшін қамтитын, әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайыздан астамын өндіретін және табиғи ресурстарға бай аумақ­ты иеленіп отырған ең үлкен құрлық. Сондай-ақ, Спикер Еуразияның тұтастығы мен оның қауіпсіздігіне назар аударды. Қару-жарақ пен адам саудасы, заңсыз есірткі айналымы, тер­роризм, заңсыз көші-қон, эко­логиялық апаттар сияқты қатер­лерге Еуразияның орасан зор аумағы мен саяси шекаралары тосқауыл бола алмайды. Еуразия мемлекеттері, БҰҰ-ның әлемдік істердегі өзекті рөлін қолдап, БҰҰ Жарғысына қайшы келетін кез келген шектеу шаралары мен әскери акцияларға қарсы тұруға тиіс, деп санайды Қ. Тоқаев. Қ.Тоқаев қауіпсіздік сала­сын­дағы өңірлік ұйымдар − ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК-нің маңызды рөлін, сонымен қатар, Еуразия халықтарының мүдделері жолында экономикалық ынты­мақ­тастықты күшейту қажеттілігін атап көрсетті. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев құрлықтағы ірі инте­гра­циялық жобаларды бір арнаға түйістіру мақсатында Үлкен Еуразия идеясын тал­қылауды ұсынады. Қазақстан өз тарапынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде бүкіл Еуразия аумағын көліктік дәліздермен байланыстыру мақ­­сатында автомобиль және теміржол магистральдарын салу­ды, логистикалық инфра­құ­ры­лымдарды жаңғыртуды көз­­дейтін ауқымды жобаларды жүзеге асыруда», – деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы. Парламенттік дипломатия рөлінің еселеп өсіп отырғанын айта келе, Қ.Тоқаев жаһандық тұрақсыздық дәуірінде халықтар арасындағы ізгі ниетті байланыстар мен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі маңызды міндетті орындау заң шығару­шы­лардың қолынан келетін іс екенін атап көрсетті. Ол 31 мамырда Астанада түрлі елдердің парламентшілері мен бүкіл әлем конфессиялары өкілдерінің қатысуымен өркениеттердің үнқатысуы мен өзара іс-қимылын нығайту мақсатында «Діндер терроризмге қарсы» атты конференция өтетіні туралы хабардар етті. Форумның соңында Еуразия елдері парламенттері спикер­лері Бірінші кеңесінің Қоры­тынды мәлімдемесі қабылданды. Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі форумға қатысушыларға таратып берілді. Сәулебек БІРЖАН