Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл облыс алқаптарындағы 675400 гектарға дәнді дақылдар, 152600 гектарға майлы дақылдар, 17500 гектарға картоп және 5700 гектарға бақша дақылдары себілмек. Егіс алқабының басым бөлігі Ертіс, Железин және Успен аудандарына тиесілі. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – жылда картоп өсіріп мол өнім алатын павлодарлық шаруашылықтар енді пияз екпекші.
Көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың барысы туралы облыстық әкімдікте арнайы жиын өтті. Жиында «ҚазАгро» АҚ-тың құрылымдық бөлімшелері өңірдің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 1,2 млрд. теңге көлемінде қаражат бөліп отырғаны да айтылды. Суармалы егістік алқаптарының ауданын 2018 жылға қарай 52 мың гектарға дейін ұлғайту бойынша іс-шаралар жоспарының шеңберінде биыл 4,0 мың гектар жерді қолданысқа енгізу көзделген. Көктемгі егіс жұмыстарына 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Операторлардың қызметін есепке алғанда, ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін жағармай құны литріне 82 теңгені құрайды. Бұл – нарықтағы бағадан 17 пайызға төмен.
Мысалы, облыстағы Ертіс ауданында биыл егіс алқабының көлемі 242 мың гектарға жетіп отыр. Астықты аудан жыл сайын алқап көлемін көбейтуде. Көктемгі дала жұмыстары үшін облыс диқандарына 15000 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарынша, жанар-жағармай тасымалына жауапты оператор ретінде «Промсервис ПВ» серіктестігі бекітіліпті. Келісімшарттар жасалды. Отынның 1 тоннасы – 97821 теңге, 1 литрі 82 теңгеден босатылуда. Өткен жылы ертістік диқандар дәнді дақыл алқабынан гектарына орташа есеппен 13,6 центнерден өнім жинады. Диқандар тұқымды «Абай», «Ертіс ТЖ» сияқты аудандағы шаруашылықтарынан сатып алуда. Өйткені, ауданда элиталы тұқым дайындаумен айналысатын бірнеше серіктестік бар. Биыл жергілікті диқандарға «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ арқылы 194 миллион теңге несие берілмекші.
Тіпті, несиені ақшалай немесе бидай түрінде қайтаруға мүмкіндік бар. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 34 егу кешені жұмылдырылмақ. Бірінші кезекте ылғал үнемдеу технологиясымен байланысты. Нөлдік технология деген атаумен белгілі бұл әдіс қазір әлемде кең тараған. Дәнді дақылдардың ыстық-суыққа төзімді жаңа түрлерін пайдаланған жөн. Өйткені, олар ауа райына немесе жердің ылғалдылығына қарамастан мол өнім бере береді, дейді диқандар.
Жалпы, ауданда 37 шаруашылық астық, егін, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өсіріп, өндірумен айналысады. Ертең күз айларында жиналған астықты ысырапсыз сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 248,4 мың тонналық шағын 106 қойма салыныпты.
Ал, Ертіс ауданында жердің жалпы аумағы 1019 мың га болса, ауыл шаруашылығына арналған бөлігі 915 мың га жерді алып жатыр. Аудандағы егіс көлемінің төрттен бірін Абай серіктестігі егеді. Астықты алқаптың әр гектарынан 9-10 центнерден өнім алады. Бидайды қапқа салып сақтайтын аргентиналық инновацияны да жүзеге асырды. Қаптарда сақталған астықтың сапасы жоғары, бағасы қымбат. Осындай тәсілмен бидайды жаңа астық алған мерзімге дейін сақтайды.
Бүгінде облыс бойынша тұқым алуға 6,8 мың тонна көлемінде өтініш түскен. Бұл ретте, «Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге бөлінді. Сондықтан, облыстық әкімдік тарапынан ауыл шаруашылығы басқармасы мен «ҚазАгро» АҚ-тың құрылымдық бөлімшелеріне көктемгі егіс жұмыстарына несие беруді қамтамасыз ету, қалалар мен аудандардың әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасына арзандатылған дизель отынын берілген уақытында тасымалдануды жүргізу, көктемгі егіс жұмыстарын «Павлодар ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ұсыныстары бойынша ауылшаруашылық дақылдарын егуді тиімді мерзімде өткізу бойынша шараларды қолдану жөнінде тапсырмалар берілді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы