20 Сәуір, 2016

Ұлы мұраттарға ұмтылған Ұлы Дала мұрасы

284 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
11Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясы бойынша, яғни Елбасымыз айқындаған ұзақ мерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырдың өзіндік ерекшеліктері көп. Солардың бірі – стратегиялық жоспарлаудың өзекті қағида болып саналатындығы. Сондықтан да «Қазақстан-2050» Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, алға жылжуымызға, жүйелі жұмыс істеуімізге мүмкіндік беріп келеді. Президентіміз сол басты бағдарламаның өзінде-ақ ХХІ ғасырдың басты-басты он сын-қатерін атап көрсеткен болатын. Жаһандық дағдарыстың бірте-бірте көптеген қиындықтар әкелетінін де Мемлекет басшысы алдын ала болжай білді. Сөйтіп, әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын айқындап, нақ­тылап берді. Ал 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында Елбасымыз дамыған 30 елдің қатары­на кіру жоспарын ұсынды. Сонымен бірге, Мәңгілік Ел идея­сы мен идеологиясын көлденең тартты. Бүкіл әлемде күрделі жағдай­лар туындап, жаһандық дағдарыс дендеп келе жатқанда, біздің Көшбасшымыздың жаңа ұсы­ныстарға, Мәңгілік Ел мұрат­тарына батыл қадам жасауы аса қиын да күрделі жылдарда астанамызды Арқа төсіне көшіру туралы батырлық бастамасына барабар екені белгілі. «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпықазақстандық ортақ шаңы­рағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», – деді Президентіміз «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында. Жаңа Жолдау – жаңа жаһандық жағдайға жауап екенін бүкіл еліміз­дің жұртшылығы сияқты оңтүстік өңірінің 200 мыңнан астам ардагері де терең түсінеді. «Бұл жолы Қазақстан дағдарыс­қа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр», – дей келе, Елбасымыз, біріншіден, қазірдің өзінде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастағанымызды, екіншіден, «Нұрлы Жол» мемле­кеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын қабылда­ғаны­мызды, үшіншіден, «5 инс­титуттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асырып жатқанымызды, төртіншіден, қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақта­ғанымызды, бесіншіден, мұнай бағасының төмендеген жағдайында ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленгенін, алтыншыдан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған эко­номикалық жаңа секторлары экономикалық өсімнің драй­верлеріне айналуда екенін, жетіншіден, қазақстандықтардың экономикалық мінез-құлықтары өзгергенін, еңбек өнімділігінің 60 пайыздан астамға артқанын айқын дәлелге келтірді. Экономикалық мінез-құлқы­мызбен бірге, өзге де бағыт-бағдарлардағы психологиямыздың жаңарып, жаңғырып жатқаны анық. Себебі, біз – бастамашыл, жаңашыл, тек өз елімізде ғана емес, бүкіл әлем деңгейінде дана­лық бастамашылығымен айры­қшаланатын Көшбас­шы­мыздың бастауымен Мәңгілік Ел мұраттарына ұмтылған Ұлы Даланың халқымыз. Оңтүстік өңіріндегі қандай да бір ардагермен пікірлессеңіз де, осынау жағдайларды айтады. Жаңа Жолдаудағы қағидаларға ризалығын білдіреді. Мәселен, Мемлекетіміздің басшысы қандай қиын жағдайда да мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келе жатқанын және орындай беретінін атап көрсетті. Жаңа Жолдаудың аты айтып тұрғандай, Елбасы біздің дағдарысқа қарсы басты стратегиямыздың үш қарапайым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес екенін ерекшелеп берді. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қойып отыр. Мемлекеттің әлеу­меттік саладағы рөлі әлсіз қорғал­ған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болады. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олар­дың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табуы тиіс. photo by Erlan Omarov 5Президент айтқандай, Қазақ­стан халқы, біздің ұлтымыз ешуақытта да дәл қазіргі сияқты бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанда 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағының салынуы көп нәрсені аңғартады. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халық тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуі нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады. Жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкір­тақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейді. Қоға­мы­мыз, еліміз, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанның жұртшылығы мемлекет дамуының болашағын айқын сезінеді. Қандай дағдарыстарға да, сын-қатерлерге де Елбасының дана саясатымен, сындарлы бас­шылығымен, жоғары жауап­кершілікпен, ынтымақпен, бірлік­пен, еңбексүйгіштікпен жауап қайтаратын боламыз. Облысымызда жаңару, жаң­ғыру, өсім мен даму, реформалар ойдағыдай атқарылуда. Жақында бір басқосуда облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың: «Біздің осындай лауазымды қызметте отыр­ғанымыз – қарапайым халық­­тың арқасы. Сондықтан, әрбірі­міздің міндетіміз бұқараны басқару ғана емес, керісінше, оған қызмет ету екенін ұмытпауға тиіспіз», – деге­нін ардагерлеріміз ризалықпен айтып жүр. Оңтүстік өңірінде қазіргідей қиын, күрделі жағдайлардың өзінде барлық салада өсім бар, даму бар. Өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2015 жылдың қорытындысы бойынша 668 351,5 млн. теңгені құрады. Бұл бұрынғы, бір жыл ілгерідегі көрсеткіштен едәуір артық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі де 344 645,1 млн. теңгеге жетіп отыр. Егіншілікте, мал өсіру бағыттарында өнімді молайтумен бірге, оны сақтауда және өңдеуде жаңалықтар өте көп. Индустриялық-инновациялық және инвестициялық ізденістер жан-жақты жүріп жатыр. Жүк тасымалдау, құрылыс, тұрғын үйлер салу, тауар айналымы, әлеуметтік салалар сапасы, жұмыс орындарын көбейту жөніндегі көрсеткіштер де қуантады. Облыстық ардагерлер кеңесі облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумымен, сондай-ақ, облыстық «Әжелер алқасымен», басқа да қоғамдық ұйымдармен, бір­лестіктермен, жастар орта­лық­тарымен, әрине, атқарушы, өкілетті, құқықтық, т.б. органдар­мен тығыз бірлікте жұмыс жүр­гізеді. Жаңа Жолдауды, Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласын, Парламент Мәжі­лісі мен барлық деңгейдегі мәсли­хаттар сайлауларына байланысты халыққа арнаған үндеуін жан-жақты түсіндірудеміз. Ұлысымыздың ұйытқысы Оңтүстікте әрбір ардагер де, орта буын өкілдері де, жалынды жастар да Елбасының: «Мен халқыма сенемін!» – деген толқынысты, тебіреністі сөзіне: «Біз Президентімізді қолдаймыз!» – деп жауап береді. Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ШЫМКЕНТ