Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Өзін өзі тану» пәні бойынша
IV республикалық пәндік олимпиада өтті. Өткен жылы Астана қаласында өткен олимпиаданың бас жүлдегері атанған Қыздар университеті биылғы сайысты өткізу мәртебесіне ие болып, өз достарын киелі шаңырақта қарсы алды. Білім және ғылым министрлігі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен өткен білім сайысына еліміздегі жоо-лардың әлеуметтік педагогика және өзін өзі тану мамандығы бойынша оқып жатқан 3-ші курс студенттерінен 9 команда қатысты.
Осымен төртінші рет өткізіліп отырған республикалық олимпиаданың жастардың жақсы мен жаманды ажырата білу қабілеттерін дамытуда еліміздің бірінші ханымы С.А.Назарбаеваның авторлық «Өзін өзі тану» рухани адамгершілік білім беру бағдарламасының орны ерекше екендігін атап өткен Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиадаға қатысушылар «Жүректен жүрекке» таныстыру сайысы, «Оқы, оқы және оқы!» теориялық және практикалық білімдер, сұрақ-жауап байқауы, «Біз әлемді жақсартамыз» деген тақырыпта әлеуметтік-педагогикалық жоба қорғау сайысы, «Жалпыадамзаттық құндылықтарды түрлі көркем шығармаларға интеграциялау» сахналық қойылымдар байқауы, «Ұстаз, сіз құрметті атқа лайықсыз!» эссе жазу үй тапсырмасы сынды бес кезеңнен тұратын сайыста бақ сынасып, үлкен дайындықпен келгендерін көрсетті.
«Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан олимпиада – «Өзін өзі тану» пәні бойынша білім алып келе жатқан студенттерге жақсылық, мейірімділік, тыныштық, рақымшылық деген қасиеттерді тереңірек түсінуге, ізденуге, жаңа шығармашылық ойлар тудыруға, өзіміздің тарихи қалыптасқан ізгілік бағытындағы ойларға тереңірек үңіліп қарауға, өзінің өмірімен сабақтастыруға және кейінгі ұрпаққа жеткізуде көп мүмкіндік беретін іс-шара. Екіншіден, бұл олимпиада арқылы болашақ ұстаздар теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, кәсіби біліктіліктерін жоғарылатады. Бізді қатысушылардың өте жоғары дайындықпен келгендері қуантты», – деді университеттің педагогика және психология факультетінің деканы, қазылар алқасының мүшесі Сайра Жиенбаева.
Байқау қорытындысында І орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Ізгілік шуағы», ІІ орынды Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Мейірім» және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Айналайын», ІІІ орынды Қазақ-орыс халықаралық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының топтары өзара бөлісті.
Жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Топтарды дайындаған жетекшілерге де алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ