Ұзақ жылдар бойы Әділ Құрманжанұлы Ахметовпен сыйластығымыз жарасып, араласып, пікір алмасып, кейбір мәселелер жөнінде ақтарыла сырласып жүрсек те оның табиғаты мен дүниетанымын, сондай-ақ, өмірдің сан қилы құбылыстары мен оқиғаларына қатысты ой түйіндері мен белгілі бір тұлғаларға деген жеке көзқарасын толық біле қойдым деуге асықпас едім. Ол – өте білімді, ой-өрісі кең әрі сан ғасырлар бұрын Алтайдан Америкаға қоныс аударған прототүріктер жайлы терең зерттеулермен түбегейлі айналысып, үнемі ізденіс үстінде еңбектеніп келе жатқан ғалым, қайраткер тұлға. Сырт көзге тым қарапайым көрінгенімен, сыр шашуға сараң, ойға түйгені мен көңілге тоқығанын бірден ақтарып тастамайды. Айтуынан тыңдауы көбірек.
Бала кезінен киелі Хантәңірі шыңының етегіндегі көрікті Тәңіртау өңірін жайлаған атажұрты мен нағашыларынан халқымыздың ғажайып аңыз-ертегілері мен жырларын естіп, мақал-мәтелдерімен сусындап өскендігінен болар, Әдекең әуел бастан-ақ сөз тыңдап, ой түюге әуестеніп, кез келген нақылдың астарына үңіліп, сырын ұғуға талпынған жан екені байқалады.
Ол қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тіліне де өте жүйрік. Көпшілігімізден артықшылығы да сонда жатыр. Алматыдағы шет тілдері институтында оқып жүрген кезінен-ақ арманы ағылшын тілін түбегейлі меңгеру болды. Сол мақсатқа жетуге алаңсыз кірісті. Лауазым, мансаптың ешқайсысына қызықпастан, әлемдік детектив жанрының жарық жұлдызы атанған Агата Кристидің таңдамалы әңгімелерін ағылшын тіліндегі түпнұсқадан қазақ тіліне тікелей аударып, жарыққа шығарды. Тіл әлемінің ғажайып қыр-сырын игеру жолында ағылшын тіліне өзінен де шебер Дариға Кінәзбекқызын кездестіріп, бірін-бірі толықтырып, ақыры екеуі жарасып отау құрды. Болашаққа бірге бет түзеді.
Көп жылдардан кейін, кемел шағында, Әдекең Лондонға елші қызметіне тағайындалып, Ұлыбритания Патшайымы – Елизавета Екіншіге – Елбасының Сенім грамотасын тапсырған кезде, Патшайымның елші зайыбының ағылшынша сауатты сөйлеу мәдениетіне зейін аударып, ризашылық білдіргенінен де хабардармыз. Мұндай сәттер, әрине, ұлт келбетін көтерері де белгілі.
Әділ Құрманжанұлы білім алып, 1963 жылы өзі бітірген Алматы шет тілдері институтында ұстаздық қызметте қалдырылып, аспирант, аға оқытушы, доцент, профессор, декан, проректор қызметтерін абыроймен атқарып, сол жоғары оқу орнының ректоры дәрежесіне дейін көтеріліп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, бір жоғары оқу орнында отыз жылдан астам уақыт еңбек етті. Әдекеңнің ұстаздық жолы ғылыми-зерттеу жұмысымен тығыз байланыста өрбіді. Жастайынан өзі қызыққан тіл әлеміне, әсіресе, түркі тілдерінің ғажайып құбылыстарына терең бойлап, асыл қазынаны зерделеуі әлі де жалғасуда. Оның отандық, шетелдік басылымдарда жарық көрген ғылыми еңбектерінің көлемі 150 баспа табақтан асады. Солардың ішінде «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер», «Азия – Берингия – Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» сияқты монографиялары, шын мәнінде, түркология ғылымына қосылған сүбелі жаңалық. Аталған еңбектер туралы талай мамандар, оның ішінде айтулы академик Рымғали Нұрғалидың өте салиқалы пікір айтып, салмақты мақала жазғаны да белгілі.
Зерттеушінің жаңа ғасырдың басында жарық көрген «Азия – Берингия – Америка немесе америкалық «үндістердің» азиялық тегі» атты кітабының алғы сөзінде білімдар қаламгер әрі ғалым Бауыржан Омарұлы: «...Профессор Әділ Ахметов «үндістер» деген сөзді тырнақшаның ішіне алып жазады. Бұл ұғымды талай заманнан бері құлаққа сіңісті болған мағынасынан оқшаулап, өзгеше тұрғыдан көзқарас танытады... Қашанда тың пікір, өзгеше ой айтып жүрген зерделі зерттеуші бұл жолы да санадағы сеңді бұзып, ағысқа қарсы құлаш ұрып отыр... ...Ағылшын тілінде жыраулардай жосылтып, қазақтың кез келген мақал-мәтелін, мәйегін бұзбай, сөлін кетірмей, тыңдаушысына дәлме-дәл айтып бере алатын Әділ Құрманжанұлы осынау шағын ғана кітапты жазып шығу үшін әлемнің кітапханалар қорын мол пайдаланған. Сөйтіп, ... елді елең еткізер еңбекті оқырманына тарту еткен», – деп ғалымның зерттеу еңбегінің ерекшелігіне тоқталып, оның дереккөздік және дүниетанымдық кеңістігіне де айрықша назар аударған. Айтса айтқандай-ақ, бұл туынды – адам қызығарлық мазмұн мен тарихи деректерге толы, сан алуан оқиғалар, тұлғалар және ғылыми болжамдар мен түйінді пікірлер тасқыны тоғысқан зерттеу.
Ғалымның сол кітабындағы тың көзқарасы 2012 жылы «Деловой Мир» баспасынан шыққан «Еуразия коды. Бесінші өркениет қарсаңында» атты тамаша монографиясында жалғасын тауып қана қоймай, оқушысын ғажайып жаңа әлемдік дүниетанымға жетелейді. Ғалымның бұл туындысы да білім жинақтаумен қатар, ойға сәуле түсірер қуаты мол энциклопедиялық еңбек. Баяндалуы, жазылуы жағынан Әдекеңнің өзіне ғана тән мәнерімен ерекшеленеді. Абайлап анық басуға машықтанған автордың сыпайы әуезі мұнда да байқалады. Ғылыми дәйек пен дәлелге негізделгендіктен болар, жүйке шымырлатып, көкейге қона қалатын ғалымның бұл эрудициялық шығармасын талдап, сараптау – бөлек әңгіме, сондықтан оны кейінге қалдырып, ендігі жерде кейіпкеріміздің мемлекеттік, қоғамдық және қайраткерлік қырларына тоқталғанды жөн көрдік.
Әдекеңнің тіл әлеміне құлаш ұруы, сөз жоқ, туған тіліне деген ерекше сезімінен бастау алса керек. Сәні, сәті келгенде ол әңгімешіл. Әсіресе, ана тіліміздегі аңыз бен әзіл әңгімелерге шебер-ақ. Кейде күнделікті тұрмысымызда, көз алдымыздағы үйреншікті жағдайлар Әдекең әшекейлесе, әп-әдемі, көңілге күлкі үйірер тамаша әңгімелер болып шыға келеді. Әділ Ахметовтің «Тәңіртау түлегі» атты қомақты жинағы – осының айғағы...
...Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұрын мәртебесін Мәскеу билігі ғана белгілейтін жоғары оқу орны – Әділ Ахметовтің ұсынысымен Елбасынан қолдау тауып, Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті болып қайта құрылып, оған Абылай хан есімі берілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ректор Әділ Ахметовтің ұйымдастыру қабілетін, білім-ғылым саласындағы біліктілігін, ғалымдығын ескеріп, оны Білім және ғылым министрлігі Білім комитетінің төрағасы, одан соң Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Осы қызметтерді абыроймен атқарған Әдекең Елбасы сенімімен тәуелсіз жас мемлекетіміздің Ұлыбританиядағы және оған қоса, Ирландия Республикасындағы, Норвегия және Швеция Корольдіктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі болып, біздің еліміз бен жоғарыда аталған әлемге әйгілі әрі ықпалды елдер арасында әріптестік пен стратегиялық қарым-қатынас қалыптастыруға мейлінше нәтижелі еңбек сіңірді. Ол елдерден біздің мемлекетімізге шақырылған іскер тұлғалар мен инвесторлар арқылы экономикамызға жаңа технологиялармен қатар өндіріс жабдықтары мен менеджмент те қоса келді.
Әріптес елдердің басшылары Нұрсұлтан Әбішұлының көптеген халықаралық бастамаларына қолдау көрсетті. Мәселен, сол кездегі Британия Премьер-министрі Тони Блэр мен біздің Елбасы арасындағы өзара түсіністік екі ел басшыларының достығына айналды. Оған дәлел ретінде Тони Блэрдің ресми биліктен кетсе де, біздің Елбасымен қатынасын үзбей, Қазақстанда өтетін әртүрлі халықаралық жиын, конференцияларға келіп, екі жақты қатынастарды қолдап жүргенін айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, екі мемлекет басшыларының бастамашылығымен ашылған Қазақстан-Британ техникалық университеті іргетасының тез қаланып, еліміздің алдыңғы қатардағы жоғары оқу орны болып қалыптасуына аянбай еңбек еткен Ресейдің Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі әрі Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Әділ Ахметов болды.
Бұл университет, өз кезегінде, тәуелсіз жас мемлекетіміздің білім саласын реформалау және оған еуропалық озық әдіс-тәсілдерді батыл енгізу үдерісіне қомақты үлес қосып, өндіріске енетін жаңа технологияларды игеруге жас мамандарды баптау, әзірлеу ісінде жетекші рөл атқаратын ықпалды жоғары оқу орны бола алды. Әсіресе, мұнай-газ, тау-кен және қаржы мен экономика мамандарын дайындауда да бұл университеттің істері тындырымды және тиянақты.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Әдекеңнің елдегі, халықаралық қатынастағы білімі мен тәжірибесін, тұлғалық әдептілігі мен іскерлігін, ешқашан мемлекеттік лауазымын жеке басының мүддесіне пайдаланбайтын азаматтық тазалығын ескеріп, 2007-2013 жылдары Сенат депутаты қызметіне тағайындады. Әділ Құрманжанұлының мемлекетшілдік дүниетанымы мен қоғамдағы қайраткерлік еңбегі мемлекетіміздің Парламенті Сенатының депутаты болған жылдары жаңа қырынан танылды.
Осы жылдарда ол Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі әрі хатшысы ретінде сапалы заңдар шығару арқылы еліміздің құқықтық кеңістігін күшейту, парламенттік дипломатияның қазақстандық мазмұнын дүниежүзілік қоғамдастыққа таныту бағытында, өз әріптестерімен бірге мақсатты жұмыс жүргізу үшін мемлекеттік қызметтерде жинақтаған бай тәжірибесін білім тезіне салып, белсене араласты.
Біздер кезінде Әдекеңмен Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде әріптес әрі қызметтес болдық. Комитет мүшелерінің қай-қайсысы да қоғамымыз бен мемлекетіміздің әр саласында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, елімізге адал еңбектерімен танылған азаматтар болатын. Олардың өмір жолдары мен бай тәжірибелері қандай да бір мемлекетімізге қажетті заң жобаларына қорытынды бермес бұрын, оның кем-кетігін айқындап, пікірлерін ашық айтып, ашық талқылауға мүмкіндік туғызатын. Олар әр кезеңде Елбасының сенімді серіктері болған тұлғалар еді әрі, әдетте, «кеше мен сондай болып едім» деп шалқаймай, керісінше, мемлекеттің құзырлы, лауазымды орнында қызмет істеудің, сыпайыгершілік, сыйласымдылық қарым-қатынас қалыптастырудың, мәдениетті әрі нәтижелі жұмыс істеудің үлгісін көрсететін. Комитетте заң жобаларын талқылаудың өзі, жаңа бір сабақтай, саяси пікірталас сипатында өтуші еді. Талқылауға түскен заң жобаларының кемшілігін немесе шикілігін байқап қалса, «әшкерелеп», «қайтарайық», «қарамайық» деп үкіметке «шабуылдап», кезінде Мемлекеттік кеден қызметін басқарған Ғани Қасымов шығады, Қорғаныс министрі болған, Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев пен ғалым-профессор Әділ Құрманжанұлы заңның қажеттілігін дәлелдеп, байыптап отырса, заңдық сәйкессіздіктер мен қайшылықтарды термелеп, кезінде Әділет және Ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджанов сөйлейтін. Заң жобасының аталуына байланысты арғы-бергі тарих пен оқиғаларды тереңнен таратып, өзі де өтпелі кезеңде Тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне төрағалық еткен Әбіш Кекілбаев төгілетін. Білікті пікірлерін тиянақтап, Сенат төрағалары болған Өмірбек Байгелді мен Оралбай Әбдікәрімов заңды жақсарту, сапасын арттыру жолдары мен ұсыныстарын ортаға салатын. Мейлінше еркін, ашық әңгіме ағытылып, барды бар, жоқты жоқ, бұрысты бұрыс, дұрысын дұрыс деп айтар едік. Бір-біріміздің сөзімізді ерекше зейінмен, әдеппен, құрметпен тыңдайтынбыз. Тіпті, өзара қарсы пікірлеріміздің өзін ешқандай зілсіз, ренішсіз, біліктілікпен, білімділікпен, мәдениеттілікпен баяндап, мүдделес жанашырлық ауанына қосылып, ұсыныс пікірлерімізді тек қана халық, мемлекет мүддесі тұрғысынан қарастыратынбыз. Қандай да пікір, әңгіме алмасу соңында бір ұйғарымға келіп, бірлігімізге жүгінетінбіз. Біздің шағын болса да өте салмақты осындай комитеттік ұжымымыздың ынтымақты әрі шығармашыл да ынталы атмосферада мемлекет мүддесіне тиімді, нәтижелі еңбек етіп, Елбасының сенімін абыроймен ақтай алғанымызға Әділ Құрманжанұлы мейлінше атсалысып, мол еңбек сіңірді.
1994 жылы Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алған басқа жас мемлекеттермен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына мүше болып енген-ді. Осы Ассамблея атынан сөйлеген көптеген Еуропа елдерінің депутаттары мен басқа да халықаралық құқықтық құрылымдарының өкілдері едәуір уақытқа дейін біздің еліміздегі демократия жағдайын, адам құқықтарының сақталу талаптарының төмендігін, өткізілген сайлаулардың кемшіліктерін мінеп, сынауға дайын тұратын. Әрине, ол кемшіліктердің негізгі дені кешегі КСРО-ның тоталитарлық жүйесімен байланысты болғандықтан, соның зардаптары мен салдары болатын. Ол кемшіліктерден арылуға да уақыт керек болғаны табиғи жағдай.
Міне, осы тұрғыдан келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің халықаралық және сыртқы саясатында Парламент депутаттарының дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болуға, Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық, саяси, демократиялық реформаларды әлемге таныта білу, шетелдік инвестицияларды біздің экономикамызға тарту, біздің ұлттық құндылықтарымыздың дүниежүзілік өркениеттің құрамды бөлігі екендігін дәлелдеу сияқты кең ауқымды жұмыстарды сапалы әрі ұтқыр білгірлікпен, жүргізуге пәрмен берді.
Сол жылдары Сенат төрағалары қызметін атқарған Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Нұртай Әбіқаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Қайрат Мәми біздің парламентшілерімізден басқа, әсіресе, Еуропа мемлекеттері парламент депутаттарының арасында тең дәрежелі әріптестікке негізделген мазмұнды және іскерлік қарым-қатынас қалыптастыру мен олардың орнығуына ерекше мән берді. Осы бағыттағы жұмысқа тікелей өздері бастамашылық көрсетіп, сауатты жұмыс ұйымдастыра білді. Осының нәтижесінде халықаралық қатынас саласында тәжірибе жинақтаған азаматтар Сенат депутаты қызметіне тағайындалып, олардың білімі мен білігі, қабілеті мен іскерлік мүмкіндіктері ел мүддесіне бағытталған маңызды шаралардың сапасын арттырды.
Әділ Ахметов – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалып, мемлекетіміздің осындай аса жоғары сенімі мен жауапты қызметіне ие болып, оны сауатты да тиімді әрі абыроймен атқарып шыққан мемлекетшіл тұлғалардың бірі. Оның, әсіресе, біздің Президентіміздің ішкі-сыртқы саясатын шетелдіктерге таныту, насихаттаудағы еңбегі мол. Әдекеңнің сенатор кезінде де, ол қызметінен кеткеннен кейін де әртүрлі мәртебелі халықаралық симпозиумдар мен конференцияларға, дөңгелек үстелдер мен саммиттерге шақырылып, арнайы баяндамалар жасауға, сондай-ақ, жоғары оқу орындарының түлектеріне дәріс оқуға, ия болмаса ел өміріндегі көкейкесті мәселелер бойынша түйінді пікір айту үшін республикалық ақпарат құралдарының сұранысына ие болып жүруінің өзі де екінің біріне көрсетіле беретін құрмет емес екенін түсіндіріп жатудың қажеттілігі жоқ. Әдекең қандай да аудиторияда сөз сөйлеуге өте жауапкершілікпен мұқият дайындалады, орынды жерінде ұрымтал сөз айта алады. Оған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламент Ассамблеясының сессияларына бірге барып, әртүрлі пікірталастарға белсене қатынасып жүрген кездерде талай рет куә болып, көзіміз жеткен. Ол, әсіресе, әлемде орын алып отырған түрлі қақтығыстар мен халықаралық қарым-қатынастардағы шиеленістерге қатысты өзінің сарабдал пікірін айтып отырудан еш айныған емес.
«Kazakh TV» телеарнасының соңғы екі жыл бойы ағылшын тілінде еліміздің ішкі-сыртқы саясаты мен егемен жылдардағы қол жеткізген табыстары туралы әлемнің 117 еліне тұрақты түрде таратып келген апталық хабардың тыңдаушыларының зердесіне жетіп, көңілінен шығып отырғаны да Әдекеңнің зиялы еңбегінің тамаша бір қыры деуге әбден лайық. Сондай-ақ, Әділ Құрманжанұлы кезінде бес жыл бойы (2009-2013 жылдар аралығында) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламент Ассамблеясы төрағасының мұсылмандарды шеттету-кемсітумен күрес жөніндегі жеке уәкілі деген лауазымды қызметті Сенат депутаты бола жүріп, өте белсенділікпен атқарғанын да ерекше атап өтудің жөні бар. Ол Ассамблеяның тапсырмасымен Еуропа, Азия және Ұйыммен әріптес Африка елдеріндегі мұсылмандарды кемсіту-шеттетумен байланысты орын алып отырған кемшіліктерді сол елдерге арнайы барып, зерттеп-зерделеп, себеп-салдарын анықтап, оларды еңсеруге қатысты ұсыныстарын ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесіне жыл сайын, ал қажет болған жағдайда аталмыш Ұйымның Парламент Ассамблеясына да баяндап тұрды. Сонымен бірге, АҚШ-тағы мұсылмандарды кемсітумен байланысты жай-күйді аталмыш елдің Конгресі аясында жұмыс істейтін Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки Комиссиясы мінберінен де баяндаған болатын.
Қазақ дипломатының нәтижелі еңбегіне ризашылық білдірген ЕҚЫҰ ПА-ның құрметті төрағасы, Португалия Парламентінің депутаты Жоао Суарэш 2011 жылы ЕҚЫҰ ПА-ның Венада өткен қысқы сессиясында: «...Осы лауазымға Қазақстан сенаторы, біздің әріптесіміз Әділ Ахметов бекітілгелі бері біздің бұл бағыттағы жұмысымыздың жанданып, жаңа деңгейге көтерілгенін баса айтқым келеді. Елші Ахметов мұсылмандар проблемасын, олардың тарихы мен бүгінгі жағдайларын өте тереңнен әрі көбімізге қарағанда анығырақ білетінінің нәтижесінде өте сәтті нәтижелер мен қорытындыларға қол жеткізе алды. Соның арқасында біздің Парламенттік Ассамблеяға деген сенім дәрежесі де қоса көтерілді. Сөйтіп, Еуропа мен мұсылман әлемінің арасында үнқатысудың жаңа сипаты қалыптаса бастады. Сондықтан мен Әділ Ахметовтің осы жұмысқа байланысты өкілеттігін және бір жылға ұзартуға шешім қабылдадым. Ассамблея мүшелері менің шешімімді қолдайтынына сенемін», – деп біздің әріптес бауырымыздың еңбегіне жоғары баға берген еді. Жоао Суарэштің сол бағасын одан кейін ЕҚЫҰ ПА-на төрағалық еткен италияндық депутат Рикардо Мильори де құптап, Әдекеңе қошемет көрсетіп, оның ЕҚЫҰ елдері аясындағы жұмыс мандатын тағы екі жылға ұзартқан-ды.
Әрине, мұндайда биік сенім көрсетілген жеке тұлғаның мәртебесі ғана емес, сол тұлға арқылы оның туған елінің де, ұлты мен мемлекетінің де мәртебесі қоса көтерілетіні белгілі. Олай болса, Әдекең – халықаралық қарым-қатынастарда қазақтың бәсекелестікке қабілетті екенін танытып, ел беделін көтеріп, сын тезінен абыроймен өтіп жүрген Азаматымыз.
Жоғарыда сөз болған жеке тұлға мен ұлт мәртебесінің қатар өсуі, сөз жоқ, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің тікелей жемісі екені бәрімізге де аян. Алайда Тәуелсіздікке дейінгі дәуірде ел тарихында сан қилы, қанқұйлы оқиғалардың болғаны мәлім. Әсіресе, 1986 жылдың желтоқсанындағы студент-жастар көтерілісі тек ұлты қазақ зиялылар мен лауазымды қызметкерлерге ғана емес, бүкіл ұлтқа да сын болды. Өйткені, көтеріліс басыла сала: «Жастардың қозғалысына кім кінәлі, оған қалайша жол берілді?» деген риторикалық сұрақтардың жауабы мен «кінәлілерді» табуға бағытталған қудалаушылар науқаны үдеп тұрды. Мәскеудегі Орталық биліктен «қазақ ұлтшылдығына» қарсы ымырасыз күресі басталды. КСРО-ның орталық «Правда», «Известия», «Комсомольская правда» сияқты ірі басылымдарымен қатар, Орталық телерадио таралымдары да үн қоса дауылдатып, «қазақтың ұлтшылдығын» әшкерелемекші болып, ұлттық интеллигенцияға шала байлап, сын тағып, қаралау үдерісі қоздап жатты. Ұлты қазақ басшыларға сенімсіздік көрсетіліп, орындарынан алынып, орнында қалғандары басқа ұлт өкілдерінен тағайындалған орынбасарларына жалтақтап қалды. Қазақстанды билеп-төстеуге екі білегін сыбанып Колбин кірісті. Оған «интернационалист» қазақтар «шын берілгендігін» танытып, «қазақ ұлтшылдарын» биліктен кетіруге атсалысты. Қазақ басшыларын «бөліп ал да билей бер» принципімен оңтүстік, солтүстікке жіктеу белең алды.
Сол қалаймақан, науқаншыл сапырылыс кезінде Алматы шет тілдері институтының проректоры Әділ Ахметов те жазықсыз жазғырылды. Себебі, ол оқудан негізсіз қуылған бір топ жастарға ара түсіп, институтта құрылған төтенше комиссияның шешіміне қарамастан, кінәсіз жастардың оқуларын жалғастыруға мүмкіндік беріп, жауапкершілігін өз мойнына алған-ды. Осыдан кейін институт партия комитеті хатшысының орынбасары Дмитрий Комарев екеуінің арасында келіспеушілік туындады. Проректор Ахметов өзінің ұстанымдарын нақты дәлелдермен негіздеп, Білім министрлігінің кеңейтілген коллегиясында «Правда», «Известия» газеттеріндегі еліміздің жоғары оқу орындарына тағылған айыптың жала екендігін ашық айтты. Сол мұң-ақ екен, Алматы қалалық партия комитеті бюросының кеңейтілген отырысында шет тілдер институтындағы «қазақ жастарының үлес салмағы 75 процентке дейін көтеріліп кетті» деген жасанды пікірді желеу етіп, Әділ Ахметовке нақақтан-нақақ кінә тағылып, коммунистік партия қатарынан және жұмыстан шығарып тастауға нақты әрекет жасалды. Алайда дәйекті дәлелдер келтіре алмай, сөгіс жариялаумен тынды. Міне, осындай қауіпті науқанда Әдекең ешкімге жалтақтамай, азаматтық арын да, қызметін де сақтай алып, өзінің атына сай әділдік жолынан ешбір таймады. Сынға түскен сәтте сыр бермеді.
Біздің бүгінгі қоғамда ұлт зиялылары туралы әңгіме де, пікір де көп. Жалпы, мұндай әңгіме болғанының еш артықтығы жоқ. Бірақ, кейде біржақтылыққа ұрынып, өз ортамызда жүрген парасатты адамдарды көзге ілмей, барды жоқ деуге бейім тұратынымызды да мойындағанның артықтығы болмас еді. Шүкіршілік, ұлтымыздың зиялылары бар. Көре білген көзге, тыңдай білген құлаққа айтылар сөз де, көзге көрінер тұлға да жеткілікті. Жөніне қарай салиқалы сөз айтарлық парасатты, білімді ел ағаларының қадір-қасиетін түсінетін орта да біздің рухани ауанымыз. Әрине, олар тұлға болғандықтан, әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, бейнесі, кескін-келбеті, айтары бар екені де хақ. Олар – ұлт қазынасы. Сондай қазыналы ағаларымыздың бірі – азамат, ұстаз, ғалым, дипломат, ел газеті «Егемен Қазақстанның» белсенді халықаралық сарапшы авторы, жасы жетпістің бесеуіне келе жатқан біздің замандасымыз Әділ Құрманжанұлы Ахметов.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері