20 Сәуір, 2016

Ұтымды ұстанымның жарқын көрінісі

315 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
коммуниуация-кішіПрезидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арналған брифинг өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық ядролық орталықтың директоры Ерлан Батырбеков және Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының бірінші вице-президенті, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұралы Бектұрғанов қатысты. Басқосуда бірінші кезекте сөз алған депутат Қуаныш Сұлтанов «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің адамзаттың дамуын­дағы мән-маңызына тоқ­талды. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем жұрт­шылығына ұсынған бұл манифесі тек бiздiң мемле­кетiмiз, халқымыз үшiн ғана емес, бүкiл адамзаттың, өрке­ниет­­тiң дамуындағы үлкен ма­ңызды мәселе. Қазіргі таң­да бүкiл әлемде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы жан-жақ­ты талқыланып, адамзат оған ықылас бiлдiрiп отыр. Себебi, өркениеттi елдер, әрбiр сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу адам қазiргi замандағы қауiп-қатердiң шегiн де, себебiн де бiледi, сезiнедi», – дедi Қ.Сұлтанов. Оның сөзіне қарағанда, 1991 жылдың 29 тамызын­да Елбасының «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шығып, қазақ жерінде жарты ғасырға жуық уақыт сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылған. Елба­сының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние­жүзіне мәлім тарихи фактіге айналып отыр. Сол кезде әлем Қазақстанның бұл қадамын қуана қолдаған-ды. Бұдан бөлек, депутат өзге де мемлекеттердің басшылары Қазақстан Президентінің баста­масынан туындайтын міндеттерді дұрыс түсінуі қажеттігін айтты. «Мемлекет басшысы бас­қа ел­дердің басшыларымен жүз­дес­­кенде манифестің маңыз­ды­лығына екпін беріп, әлемнің назарын аударып келеді. Осы орайда басқа да мемлекеттің басшылары жауапкершілік жүгін сезінуі керек. Әсіресе, ядролық қаруы бар мемлекеттер бұл тұрғыда көбірек ойланғаны жөн. Өздеріңізге белгілі, ТМД халқының біраз бөлігі 1986 жылғы Чернобыль апатының зардаптарын әлі күнге дейін тартып отыр. Ол жай ғана бейбіт мақсатта қолданылуға арналған атом стансасы. Ол қырып-жоюға арналған қару емес. Апаттың салдарынан қаншама адам зардап шекті. Сол сияқты, Жапониядағы Фукусима оқиғасынан қаншама адам құрбан болды. Осындай бейбіт мақсаттағы стансалар көп зардабын тигізіп жатқанда ар­найы бағыттағы ядролық қару жарылысының залалын сөз­бен жеткізу қиын», – деді Қ.Сұлтанов. Ал Ерлан Батырбеков «Әлем. XXI ғасыр» манифесі Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемде қауіпсіздікті сақтау бойынша жұмысының басты кезеңі екенін атап өтті. «Сөзсіз, бұл манифест – әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау бойынша Мемлекет басшысының негізгі кезеңдік жұмысы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпау және ядролық қаруды қолдануға қарсы күрес саясатының жақтаушысы болып келеді», – деді ол. Осы орайда Е.Батырбеков Ел­басы Жарлығымен Семей полигонының жабылғанына екпін бере келіп: «Қазіргі таңда ядролық қарусыз әлем құру ісі өте маңызды. Менің пайымдауымша, барлық заманауи технологиялар адамзаттың игілігі үшін қызмет етуі тиіс», – деді. Сонымен бірге, спикер бұл манифест мем­ле­кеті­міздің 25 жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келе жатқан саясатының жарқын көрінісі екенін жеткізді. Бұған қоса, Ұлттық ядролық орталықтың директоры Үлбі металлургиялық зауытында 100 тонна ғана төмен байытылған уран болатынын мәлім етті. «Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін орна­ластыру – тиімді ұсыныс. Бұл арқылы Қазақстан жалпы ядро­лық энергетика жүйесінде ма­ңыз­ды ойыншы бола алады. Ма­ған бұл уран банкінің қанша­лықты қауіпті екені туралы сұрақ жиі қойылады. Егер қауіп­тілік деңгейін салыстыратын бол­­сақ, оның уран өндіретін кәсіпорын­дардың қоймасындағы өнді­ріліп жатқан уранның қауіп­тілігінен еш айырмасы жоқ. Айырмашылығы сол, біз жылына 20 мың тонна уранды үстемелеп отырамыз. Үлбі металлургиялық зауытында бар-жоғы 100 тонна ғана төмен байытылған уран болады», – деді Е.Батырбеков. Оның айтуынша, төмен байытылған уранды қатысу­шы елдерге бөліп беруде банк бірегей механизм болып есептеледі. Нұралы Бектұрғанов Мем­лекет басшысының көтерген бас­тамаларын отандық ғалым­дар барынша қолдап-қуаттап отырғанын сөз етті. «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесі – стратегиялық құжат. Егер ғалымдар бұл құ­жат­ты қолдаса, нақты қандай қадам­дар жасау керектігін білуі қажет. Осы бағытта маңызды істер ат­­қарылып жатыр. Қазақстан уран­­ды өндіру бойынша бірінші орын­да. Қазіргі таңда уранды өндіру технологияларын жетіл­діру қолға алынған. Нақты айтар болсам, ғалымдар Елбасына қолдау көрсетіп отыр», – деді ғалым. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»