20 Сәуір, 2016

Адамзат үшін аса маңызды құжат

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
holger_numrich-1Холгер НУМРИХ Қазақстан басшысының манифесіне осындай баға берді Ядролық қауіпсіздік жөнінде бұған дейін де бірнеше саммиттер өткізілгені белгілі. Ал АҚШ-тың Вашингтон қаласында биылғы сәуір айының басында мәреге жеткен әлемдегі көшбасшы елдер басшыларының басқосуына реттік саны бойынша төртінші деген атау берілді. Бұл әуен бұрынғы әннен өзгерек дегендей, расында да, бұл бұған дейінгілеріне қарағанда өзгеше, айрықша саммит болғаны анық. Осында жарияланған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесіне мемлекетіміздің аумағына мұнай-газ кеніштерін игеріп жатқан шетелдік компаниялар жетекшілері мен сарапшылары да үлкен ықыласпен назар аударды. Солардың бірі Қазақстан-Германия бірлескен компаниясының сарапшы-менеджері Холгер НУМРИХ. Біз оған жоғарыда аталған мәселеге байланысты бірнеше сауал қойған едік. – Холгер мырза, сіз Ва­шинг­тон саммитінің басты қоры­тын­ды­лары жөнінде не дер едіңіз? – Біріншіден, оның бүкіләлемдік қоғамдастық үшін үлкен пайдасы болды деген ойдамын. Өйткені, қазіргі кезде әлемнің болуы әбден мүмкін жаңа сын қатерлер алдында тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Ал оның алдын алмаса адамзаттың өміріне үлкен қауіп туғызатыны тағы да белгілі. Сондықтан да бұл проблеманы алдын ала ой елегінен өткізіп, оған жауап беру ісі ырғалып-жырғалуды көтермейді. Осы орайда IV Саммит өзінің алдына қойған мақсатын орындай алғаны анық. Жаһандақ үнқатысудың жаңаша үлгілері мен пішіндері бой көрсетуі де саммиттің салмағын одан әрі көтере түседі. Қайткенде де өмір болған соң, өмір көші, өркениет көші алға мүлдем ұзап кеткен соң, ядролық қатерлер мен қақтығыстар болмай тұрмайды. Мұны бірден жойып жіберу де еш мүмкін емес. Бұл бағытта соңғы төрт-бес жылдың ішінде біраз алға басушылық көріністері кездесті. Алайда, алдан өзге де мәселелер мен проблемалардың шыққаны да алаңдатпай қоймайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, мемлекеттер арасындағы бітім­гер­шіліктің жаңа жолдары мен үлгілерін қалыптастыруға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы бола білді. Сөз жоқ, мұндай бастама әлемге қажет-ақ. Бұл ядролық қауіп-қатердің біржолата ауыздықталу жағдайын біршама жақындата түседі. – Қазақстан басшысының IV Саммит кезінде жария етілген «Әлем. XXI ғасыр» манифесімен танысып па едіңіз? Бұл жөнінде қандай ой-пікірдесіз? – Дәлірек айтқанда, әлемдік маңызы аса жоғары бұл бағдар­ламалық құжаттың толық мәтінімен ең алдымен интернет жүйесі арқылы таныстым. Мұндағы батыл айтылған өзгеше, тың ойлар және ұтқыр да ұтымды ұсыныстар мені қайран қалдырды. Манифестің басты құндылығы – халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға үндегені. Үлкен соғыс, кішкентай соғыс немесе ұзаққа созылмаған, тез біткен соғыс деген ұғым болмайды. Қалай дегенде де, соғыстың аты – соғыс. Бүгінгі күні кез келген соғыстың түрін болдырмаудың қажеттілігі де осында. Осы қатердің алдын ала білудің пайдасы мен құндылығына ешқандай баға жетпейді. Осы орайдағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кең көлемді мани­фесі аталған саммиттің бас­ты бағдарламалық құжаты болды десем, қателеспейтін шығармын. Әлемдік деңгейде айтылған кез келген сөз, кез келген ой-пікір әрі кез келген ұсыныс өзінің қолдау табуымен өміршең. Осы тұрғыда Н.Назарбаев манифесінің саммитке қатысқан өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшылары тарапынан қолдау табуы да оның көкейкестілігі мен өзектілігін аңғартады. Халықаралық деңгейде өз шешімін түпкілікті таба алмай жүрген проблеманың кілтін тап басу оңай емес. Н.Назарбаевтың түйсікшілдігінің тереңдігі де осы мәселені тап басуымен таңдан­дырады. – Өзіңіз айтып өткендей, бұл бағдарламалық құжат БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәрте­бесін де иеленді ғой. Бұған не дейсіз? – Бұған алдыңғы қойған сауа­лыңыздың ізімен жауап қай­тарғым келіп отыр. Манифестің құндылығы тек бір ғана саммитке қатысушылардың тарапынан қолдау табуымен ғана емес, сонымен бірге, өзіңіз айтқандай, ресми құжат мәртебесін иеленуімен де арта түседі. Талас жоқ, бұл – ерекше мәртебе. Сондай-ақ, бұл мәртебе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қоғамдастық алдындағы абыройы мен беделінің жоғары екенін танытады. Бұл құжаттың тағы бір құн­дылығы соғыс пен бейбіт­шіліктің өзекті мәселелерін де дәл, дөп баса білуінде деуге болады. Барша адамзат, әлем үшін қазіргі жағдайда бұдан маңызды мәселе мен проблема жоқ екеніне де қол қоя аламын. – Рахмет. Ендігі жерде өзіңіздің Қазақстандағы қызметіңіздің ерекшелігі жөнінде айта кеткеніңіздің де артықшылығы жоқ секілді. Сіз мұнда нақты немен шұғылданып жүрсіз? – Кез келген елдің мұнай-газ өнеркәсібі саласында мұнай құбырлары мен тұрбалары шикізат көздері және өңделген дайын өнімдер арқырай әрі сарқырай ағатын артериялық ағыстар болып табылады. Қазақстан жағ­дайында да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Шикізат тасымалы саланың бас­ты әрі жетекші буыны болмақ. Сондықтан, әртүрлі қысымдағы құбырларды дүркін-дүркін тазалап, техникалық реттеуден өткізіп отырмаса, бұл ағыстың екпіні баяулайды. Әрі мұндай жағдай техногендік сипаттағы апаттардың орын алуына әкеліп соқтыруы да мүмкін. Біздің Қазақстанда атқаратын қызметіміздің басты сипаты осындай. Бұл тұрғыда біраз істер тындырылды. Алайда, алдағы атқарылатын істердің ауқымы да аз емес. Қазір соны еңсеру үшін еңбектеніп жатырмыз. – Холгер мырза, шын көңілден ашылып айтқан әсерлі әңгімеңіз үшін сізге тағы да көп рахмет.  Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»  Батыс Қазақстан облысы