20 Сәуір, 2016

Болашақ тек «соғыссыз әлеммен» байланысты

416 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
сапар ахметовЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған манифесін Мәжіліс депутаттары да қызу талқылауда. Осыған байланысты біз палатаның жаңа депутаттарының бірі Сапар АХМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Сапар Қайратұлы! Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінен қандай ойлар түйдіңіз? – Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алмай тұрғанда-ақ ядролық қаруды шектеу мен таратпау ісіне белсене қатысып жүрген қайраткер екені белгілі. Семей ядролық сынақ полигонын жабуы – соның бір айғағы. КСРО-ның сол кездегі басшысы М.Горбачев мұндай қадамға барса қайда қалыпты? Ол қару-жарақты жетілдіруді, осы іс бойынша АҚШ-пен жарыста жеңуді ғана көздейтін әскерилердің талабынан шыға алмаған. Нұрсұлтан Әбішұлына Семей полигонын жабу оңайға түспегенін мен түрлі деректі әдебиеттерден жақсы білемін. Бұл істе ол 40 жыл бойы ядролық сынақтың ортасына айналдырылған ел мен жерге қатты жаны ашығандығын көрсетті. Менің білуімше, Семей полигонында 468 рет түрлі күштері бар ядролық зарядтар сынақтан өткізілген. Бұл – жылына 10 сынақ деген сөз. Демек, ай са­йын бір сынақ өткізіліп тұрған. Оның әрқайсысының ядролық қуаты Жапонияға тасталған атом бомбаларынан әлденеше есе күшті. Жарылыстардың біразы жер үстінде жасалған. Міне, осылардың еліміздің экологиясына, экономикасына, халқының денсаулығына, генофондына тигізген келеңсіз әсері, тигізген зияны көп-ақ. Егер Жапонияға тасталған екі бомбадан зардап шеккендер мен олардың ұрпақтарына осы күнге дейін оңалту жұмыстары толассыз жүргізіліп келген болса, КСРО жылдарында Қазақстан халқы туралы бұл мәселе ешқашан ауызға да алынған жоқ. Тек еліміз өз тәуелсіздігін алған соң ғана Елбасының тапсырмасымен осындай жұмыстар жүргізіле бас­тады. Сондықтан да Қазақстанды ядролық апаттан ең күшті зардап шеккен ел деп тануға болады. Президент Н.Назарбаев осыны әлем халықтарының құлағына құя жүріп, оның қатерінің аса зор екенін, оны енді болдырмау керектігін барлық мінберлерден айтып жүр. Мына манифесі де сол ойларының жалғасы деп білемін. Ол жаңа заманға лайықты жос­парлар және бағ­дарлармен толыққан. Соның ішінде адамзатқа «Соғыссыз әлем» атты кең ауқым­ды бағдар­лама қабылдау керек деген де нақты ұсыныс жасады. – Осы бағдарлама туралы ойларыңызды да ортаға сала кетсеңіз? – Бұл бағдарлама нақты бес бөліктен тұрады. Оның біріншісі ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қарулардан әлемді толықтай тазартып, алға басу. Осы орайда Елбасы 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен қабылдаған «Ядролық қарудан азат әлем құру туралы» декларацияны ауызға алып, оның осы бағыттағы қарышты қадам екенін атап өтті. Енді Елбасы ядро­лық қаруларды әлемдік мұхит­тардың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау керектігін айтты. Сонымен бірге, жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын да халықаралық келісім құжаты керектігін айтты. Осының өзі бүгінгі шиеленісіп бара жатқан әлемдік геосаяси ахуалда бүкіл адамзаттың тағдырын ойлаған көреген адамның сөзі екені айдан анық қой. Екіншіден, Президент Таяу Шығысты да ядролық қарудан азат алты аймақтың қатарына қосудың маңыз­дылығына тоқталды. Жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін әскери блоктар құру сияқты кешегі күннің үлесінен бүгінгі күні бас тарту керектігін де Елбасы өзінің бағдарламасында атап өтті. Кез келген күш қарсы күш тудырады, деді Н.Назарбаев. Үшіншіден, Елбасы зымы­ранға қарсы жүйелер мен кәдім­­­гі қару-жарақ жөніндегі бұрынғы уағдаластықтардың бұзылуы Еуразия кеңістігін сая­си милит­аризацияландыруға алып кел­генін айтты. Бұл, деді ол, қорғанысты басқарудағы элек­трондық жүйенің ықтимал ақауы себебінен де жаһандық соғыстың басталу мүмкіндігін тудыратын аса зор қауіп. Сондықтан да БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясы қажет. Шынында да, қатты шиеле­нісіп бара жатқан әлемдік геосаяси ахуал абайсызда атылып кеткен зымыранның өзін соғыстың басталу дабылы деп қабылдауы ғажап емес. Сөйтіп, адамзат аяқ астынан қанға бөгуі мүмкін. Сондықтан, ең үлкен халық­аралық ұйым бұл істі қатаң бақылауда ұстамаса болмайды. Елбасы ұсынысының соңғы бөлігінде бұл бағдарлама халықаралық қаржы, сауда-саттық және экономикалық дамуда жаһандық бәсекелестіктің қай­нар көзіне айналуы керектігі айтылды. «Соғыссыз әлем» барлық соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себебін жоюды көздеуі керек. Дамыған инфра­құрылымдарға, ресурстар мен нарықтарға барлық ұлттардың тең құқылы және әділетті қол­жетімділігі орнауы керек делінді. Міне, осының бәрі әлемдік ау­қымда ойлайтын басшының сөзі емес пе? – Аталмыш бағдарламаны әлем елдері қолдап, іске асуына жәр­дем берер ме екен? – Егер халқына бейбітшілік тілейтін басшысы болса, бұл бағдарламаны қолдайды. Әрине, алдымен БҰҰ-ның өзі қабылдап, әлем елдерін оның іске асыруына ықпал етуі керек. Жасыратыны жоқ, әлемдік бейбітшілікті сақ­тау мен халықтар арасындағы түсіністікті дамытуға бағытталған талай ұсыныстар жүзеге аспай жатып қалады. Оның ең басты себебі, ұсынушының өзінің іс-әрекеті мен саяси беделіне байланысты. Мәселен, өз елінде халқының экономикалық, әлеуметтік дамуын тежеп, сырт елдермен байланысын тұйыққа тіреп отырған елдің басшылары мұндай ұсыныс жасаса, оған ешкім де құлақ аспайды. Өйткені, мұндай басшының халықаралық беделі жоқ. Ал билік басына келген сәттен бастап әлемдік бейбітшілік пен түсіністікті, халықтар ара­с­ындағы толеранттылық пен достықты, адамдар арасындағы жанашырлық пен мейірді насихаттап және соны іске асыру жолында аянбай тер төгіп жүрген басшы болса, оның сөзі жерде қалмайды. Қазақстан Президенті нақ осындай басшы. Ол, тіпті, түрлі діни конфессиялар арасындағы түсіністік пен төзімнің дамуына шексіз үлес қосып келе жатқан жан. Сондықтан да оның бұған дейінгі ұсыныстары БҰҰ тарапынан қолдау тауып келді. Біз жоғарыда Елбасының «Ядро­лық қарудан азат әлем құру туралы» жалпыға ортақ декларацияның бастамашысы болып, оны БҰҰ-ға қабылдатқанын айттық. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында өз­дерінде атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байытылған ядролық отын банкін құру туралы идеясы да жүзеге асуда. Міне, осындай адамның жалпы әлемдік бейбітшілікті сақтау жолында жасаған ұсынысын бәрі де қолдайды деп сенемін. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»