20 Сәуір, 2016

Қарусызданудың қазақстандық ұстанымын құптаймыз

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сурет НэйтонНэйтон ЛОУЛЕР, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары: Мен өзім Америка Құрама Штаттарында туып-өстім. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң осында келдім. Қазір облыс орталығындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеймін. Мен қазақстандықтардың ынтымағы мен бірлігіне дән ризамын. Мұның барлығы Президент Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екеніне көз жеткізіп келемін. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, егемендіктің елең-алаңында Семей ядролық сынақ алаңын жабуы дүниежүзі елдеріне өнеге болғаны айдай ақиқат. Қазақстан басшысы тәуелсіздік алған жылдары халқының қауіпсіздігін бірінші кезекке қойды, алдымен ядролық қарудан бас тартты, содан соң мемлекеттің шекарасын заңдастырды. Қазақстанның бұл саясаты бүгінде алпауыт мемлекеттер үшін үлкен үлгі болды деу орынды. Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі де дүниежүзіндегі барша халықтың бакытына бағытталған бастама екенін айтуға тиіспіз. Нұрсұлтан Әбішұлының әлем жұртшылығы алдында айтқан ақиқатты ойлары кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Мұндай өркениетті бастамаға барша мемлекет басшылары қолдау көрсетуі керек. Келешегін ойлаған қай халық та осы манифестен сабақ алуы тиіс. Қазақстан – мен көрген жердегі жерұйық мекен, татулық тұғыры берік ел. Мен осындай елге тап келгеніме ылғи да ризашылығымды білдіріп жүремін. Қонақжай Қазақ елінен адамзаттың асқақ арманы – бейбітшіліктің баянды бастамалары тамыр тартуы да сондықтан деп ойлаймын. Ұдайы барша адамзатты бейбіт қатар өмір сүруге шақырып, сол жолда бастамашы болып келе жатқан елде тұрып, еңбек етіп жатқаныма ризамын. Бұл елдің ертеңі жарқын, болашағы бақытты боларына сенімім мол. Мен сондықтан да қазақ тілін оқып-үйреніп, салт-дәстүрлерін игеруге құлшыныс танытып келемін. Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі арқылы тағы да Қазақ елінің бейбіт бастамасы әлемдік деңгейде айтылған адамзаттың асыл аңсары ретінде асқақ естілуде. Жаппай қырып-жоятын қарумен мәселе шешуге талпыну ұлттық өзімшілдік, мемлекеттік менменшілдік дер едім. Қазір әлем тынышсыз бола бастады. Жер-жерде лаңкестік оқиғалар орын алуда, әлемдік соғыс өртінің тұтанып кету қаупі байқалады. Бұл әркімді, соның ішінде, бүкіл бір елдің тізгінін ұстаған, халықтың жауапкершілігін мойнына алған мемлекет басшыларының қаперінде болуы керектігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев тағы бір еске салды. Нұрсұлтан Әбішұлының ядролық қарудан бас тарту, оны бейбіт мақсатқа пайдалану туралы ойлары аса өміршең. Бұл – барлық халықтардың көңілінен шығатын, көкірегіне қонатын бастама. Күллі әлем жұртшылығы бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген сұм­дық оқиғалардың куәсі болуда. Еуропаға толассыз ағылған босқындар легі, Сириядағы жүздеген мың адам құрбандығына соқтырған сұрапыл соғыс, Түркияда, Бельгияда, Пәкістан мен басқа да мемлекеттерде болып жатқан лаңкестік әрекеттер, Әзербайжан мен Армения арасында қайта өршіген қақтығыс әркімді ойландыруы тиіс деп ойлаймын. Мен өзім екі елдің ортасында алтын көпір болып, қазақ балаларына ағылшын тілін үйретіп жүргенімді мақтан етемін. Қазір облыста өтетін қоғамдық-саяси, мәдени шаралараға белсене қатысамын. Сол арқылы бейбітшілік пен татулықтың бағасын жас ұрпақтың санасына сіңіруге тырысамын. Шәкірттерім де мені жақсы түсінеді. Қазақстанда бақытты өмір сүрудің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Ең бастысы – бейбітшілік пен татулыққа негізделген елдегі саясаттың барша қазақстандықтарды болашақтарына зор сеніммен қарауға сендіретіні қуантады. Достық пен бірлік бар жерде бақуатты тұрмыс, бақытты өмір болатынына сенім мол. Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін қарусызданудың қазақстандық ұстаны­мының айшықты көрінісі деп бағалау жөн дер едім. Жалпы, ядролық қарудың қаншалықты қайғы-қасірет әкелетінін әлем жұртшылығы түсініп болды. Мұндай қарулы қақтығыстардың алдын алу – адамзаттың ортақ проблемасы. Сондықтан Президент Н.Назарбаевтың манифесіне әлем құлақ түруі керек, осы бағытта күш біріктіруі қажет деп ойлаймын.  Ақтөбе облысы