АЛМАТЫ. 20 сәуір. Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде республикалық «Ы.Алтынсарин-2016» пәндік олимпиадасы аяқталды. Бұл туралы «Қыздар университеті» медиа орталығына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Еліміздің мектеп бітірушілері арасында өткізілген пәндік олимпиада ақпан айының аяғында еліміздің жеті бірдей облысында басталған болатын. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы және химия пәндері бойынша өткізілді.
Шараның басты мақсаты – республикамыздың талантты жастарын анықтап, қолдау көрсету, дарынды жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына ықпал ету, мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауға көмектесу, дарынды талапкер қыздарды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне шақыру болып табылады. Осымен бесінші рет өткізілген жарыстың ерекшелігі – оған тек қана қыз балалар қатысады.
Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген мерейтойлық олимпиаданың марапаттау рәсімін университет ректоры Динар Нөкетаева салтанатты түрде ашып, барша жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтады.
Биыл республикалық деңгейде өткен «Ы. Алтынсарин-2016» пәндік олимпиадасына еліміздің барлық облыстарынан 3500-ге жуық оқушылар қатысты. 600-ге жуық қатысушы университеттің оқу төлемақысына 10 пайыздық жеңілдік құқығына ие болды. Ал ректор грантын 24 оқушы жеңіп алды.
Айнаш Есали.
Дерек, фото: «Қыздар университеті» медиа орталығы.