Өткен жылға қарағанда Семей биылғы қысқа біршама дайындықпен келген секілді еді. Алайда, қырсыққанда қымыран іриді демекші, жаңа жылдың алғашқы аптасының ортасына таман Семейде бір сергелдең басталды да кетті. Яғни, №1 жылу орталығына қарасты жеті қазандықтың бірі – алтыншы қазандық істен шыққан. Арада екі күн өтпей жатып жетінші қазандық та соның алғашқысының кебін киді. Соңынан белгілі болғанындай, алды осыдан сексен жылдай уақыт бұрын пайдалануға берілген, оның үстіне содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген әлгі екі қазандықтың түтін тартқыш картері ауыр жүктемені көтере алмағандықтан істен шыққан.
Сөйтіп, қаланың Жаңасемей деп аталатын сол жағалаудағы Новостройка, Океан және Юность шағын аудандарындағы тұрғын үйлер жылусыз қалды десе де болады. Ал бұл шақта ауа температурасы минус қырық градустың маңайында еді. Соның салдарынан аталған шағын аудандардағы тұрғын үйлерде ауа температурасы тым төмендеп, суып кеткен. Ал мұндайда тұрғындардың жан далбасалап, электр қуатына жүгінетіні сөзсіз. Шамадан тыс мөлшердегі қуатты көтере алмаған кернеулерде трансформаторлар, кабельдер мен сақтандыру қондырғылары істен шығып, мұнда да апатты жағдай қалыптасты. Қалада дереу жедел штаб құрылып, жөндеу бригадаларының жұмысы тәулік бойы ұйымдастырылды. Апатты жағдайды жоюмен 10 бригада күні-түні айналысты. Солайша әлгі екі қазандық тездетіп іске қосылды. Алайда, 12 қаңтардан енді бесінші қазандық тоқтап қалды.
Аяқ астынан туындаған сергелдеңнің салдарына үңіліп көрелік. Семейде қаптаған жиырмадан астам қазандық бар болса, соның жетеуі №1 жылу орталығына қарайды. Сол жеті қазандықтың жетпіс пайыздан астамы әбден ескіріп, солықтап тұрғаны ресми түрде мойындалған шындық. Өткен жылдың жазында Семейге келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те соған көз жеткізіп, тиісті орындарға тапсырма берген.
Мұндағылардың есебі бойынша апатты жағдайдағы қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізу үшін кемі 244 миллион теңге қаржы қажет болатын. Өкінішке қарай, тек қараша айының соңында облыс пен қала тарапынан ғана соның 90 миллионы әзер дегенде табылған. Сөйтіп, қаражат тапшылығынан жаз бен күздің алтын уақыты босқа кеткен.
Енді осы сергелдеңнен шығар жол бар ма деген сауалға келетін болсақ, тағы да күмілжуге тура келеді. Рас, №1 жылу орталығында жаңадан екі қазандық салынып жатыр. Олардың пайдалануға берілетін мерзімі жылдың аяғы. Ал наурыз айында әлі де суық болады деген болжам бар.
Біздіңше мұнымен де іс шешілмейді. Өйткені, мұндағы қаптаған қазандықтың тағы басқалары істен шығып жатпасына кім кепіл? Сондықтан қала сол қаптаған қазандықтардан құтылмай, қиындықтан да арылмайды. Біздің білуімізше үлкен қалалардың өзінде мұндай көп қазандық жоқ. Олар бір-екі жылу орталығында топтастырылған. Бірі істен шықса, оны екіншісі алмастырып жатады.
Екіншіден көмір сапасына да көңіл аудармаса болмайды. Ендігі жерде көмір қоспасына жол берілмеуі тиіс. Бүгінде Қаражыра көміріне топырақ пен шлак араластырылып сатылып жатқаны туралы дерек те бар. Кезінде Екібастұз бен Кузбастың сапалы көміріне лайықталып салынған қазандықтардың істен шығуына бұл да бір себеп пе дейміз.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
_____________________
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында орын алған жағдайға байланысты үкіметтік комиссияның баяндамасын тыңдады, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Комиссия есебінің қорытындысы бойынша Үкімет басшысы жылу беру нысандарын дайындау жөніндегі жұмыстарды жеткілікті ұйымдастырмағаны, жылу көздері жұмысына тиісті бақылау орнатпағаны және апат жағдайында шаралар қабылдамағаны үшін Семей қаласының әкімі М.Айнабековті қызметтен босату жөнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа тапсырма берді.
Қазіргі уақытта Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша жылу маусымына бақылау жасау және облыс тұрғындарын жылумен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды шұғыл шешу үшін облыстық штаб құрылды. Осындай шұғыл іс-әрекет ету штабтары облыстың қалалары мен аудандарында да құрылуда.