Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының серкелері «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген халық даналығына жүгіне отырып, елді жаңартудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қоғамның парасатты күштерінің біртұтас коалициясын құру идеясын қолдайтындарын білдірді. Бұл туралы партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлім етіліп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасы бірауыздан қолдау тапты.
Партияның аймақтық үйлестірушілері, республика жұртшылығының өкілдері қатысқан кездесуде партияның «Нұр Отан» ХДП бастамашы болып құрылған «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына кіретіні туралы жарияланды.
Партия төрағасы Ғани Қалиев және басқалар елді дамыту стратегиясының сәтті іске асатындығына сенімділік тұрғысынан сөйледі. Елдің келешегі, ең алдымен, Елбасымен тікелей байланысты. Себебі, Ұлт Көшбасшысы жаңа стратегиялық бағыттың идеялық дем берушісі ғана емес, сонымен бірге мемлекет тұрақтылығының кепілі болып табылады. Ел тарихының осы заманғы бүкіл жаңа тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен ажырамас бірлікте. Кездесуде бүгін таңда біздің республикада онымен салыстырарлық саясаткер, теңдесерлік тұлға жоқ екендігі атап айтылды. Сондықтан, бүкіл халық мемлекеттің алдында тұрған және қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеріп, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттерді шешу үшін өз Елбасының төңірегінде топтасуы тиіс.
Отырыста қабылданған мәлімдемеде «Ауыл» партиясы барлық саяси және қоғамдық күштерді референдум өткізу жөніндегі бастама төңірегінде бірігуге, сөйтіп, өз Президентіне Қазақстан халқының топтасқан қолдауын паш етуге шақырды. Партия нақ осындай үндеуді қоғамның тұрақтылығы, өркендеуі һәм жаңалануы, береке-бірлігі мен татулығы жандарына жақын отандастардың барлығына арнады.
Құжатта айшықталып айтылғандай, Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту арқылы біз өз қоғамымызды нығайта түсеміз, халықтың өмірін гүлдендіреміз, жас ұрпақ алдынан жаңа да жарқын келешек ашамыз. Сондай-ақ, «Ауыл» партиясының саяси кеңесі барлық қазақстандықтарды Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі Парламент шешімін де қолдауға шақырды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.