21 Қаңтар, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің экономикалық саясаттың 2011 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі

372 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет), Қазақстан Республикасының Ұлт­тық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) және Қа­зақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі (бұ­дан әрі – ҚНРА) 2010 жылы әлемдік эконо­ми­калық құлдырау салдарын жұмсартуға және елдің дағдарыстан кейінгі тұрақты дамуының негізін қалауға бағытталған дағдарысқа қарсы бағдар­ламаларды жүзеге асыруды жалғастырды. Нәтижесінде, алдын-ала бағалау бойынша, ішкі жалпы өнімнің (бұдан әрі – ІЖӨ) нақты өсімі 2010 жылы 7%-ды құрады, жұмыссыздық деңгейі 2010 жылдың соңында 5,5%-ға дейін төмендеді, халықтың жан басына шаққандағы табысы нақты мәнде 6,3%-ға, нақты жалақы 7,5%-ға өсті, инфляция 7,8%-ды құрады. Бюджет саясатында бірінші кезекте әлеу­мет­тік міндеттемелерді қаржыландыру басым болды. 2010 жылға арналған республикалық бюджетте көз­делген зейнетақы төлеу, әлеумет­тік төлемдер және бюджет саласының қызмет­керлеріне жалақы төлеу бойынша барлық әлеу­меттік міндеттемелер өз мерзімінде және толық көлемде қаржылан­ды­рыл­ды. 2010 жылы жүргізілген банк секторының сырт­қы қарызын қайта құрылымдау банктерге сырт­қы қарызын төлеу бойынша ауыртпа­лық­тар­ды төмендетуге мүмкіндік берді, банктердің қар­жылық жағдайын тұрақтандыруға және олар­дың болашақта тұрақты дамуы үшін мүмкіндіктер береді. Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса алғанда, елдің халықаралық резервтерінің жиын­тық мөлшері 2010 жылдың соңында 59 млрд. АҚШ долларын құрады. Ұлттық Банктің алтын валюта активтері өткен жылы 22,5 %-ға ұлғайды және 28,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Әлемдік экономиканың жандануы, экс­портқа бағытталған өнімдерге сыртқы баға конъюнк­турасының тұрақтануы және ішкі сұраныстың кеңеюі экономиканың нақты секторының өсуіне де септігін тигізді. 2010 жылы Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – ҮИИДМБ) басталды, оның шеңберінде сомасы 801,8 млрд. теңгеден астам 152 индустриялық жоба қолданысқа енгізілді. ҮИИДМБ және жұмыспен қамтудың Жол картасын іске асыру нәтижесінде 156 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қанатқақты режімде «Биз­нестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталды, оның шеңберінде кредиттерінің жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге болатын 225 жоба мақұлданды. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусь­тің, Қазақстанның және Ресейдің Кеден одағы (бұдан әрі – КО) қызмет істей бастады, ол үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда саясатын жүргізеді. 2010 жылғы 1 шілдеден бастап бірыңғай кеден аумағын қалыптастыру басталды, бұл өткізу рыногын 16 млн. тұты­нушыдан 168 млн. тұты­нушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Елде бизнес ахуалды жақсарту жөнінде қабылданып жатқан шаралармен қатар бұл экономиканың өңдеуші сек­тор­ларына шетелдік және отандық инвес­тицияларды тарту арқылы экономиканы әртараптандыру үшін түрткі болуға арналған. Бірыңғай экономикалық кеңістік (бұдан әрі – БЭК) келісімдерінің шеңберінде қол жеткізілген келісімдерді іске асыру: қатысушы елдердің мак­ро­экономикалық саясаттың келісілген қағи­дат­­та­рын, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіп­орын­дарына мемлекеттік қолдау көрсету­дің бір­ың­ғай қағидаларын; отандық тауар өндіруші­лер­дің көлік инфрақұрылымына кемсітушіліксіз қол жет­кізуін; сондай-ақ қызметтер, капитал мен жұ­мыс күші қозғалысының еркіндігін қамтамасыз етеді. 2011 жылы Үкімет, Ұлттық Банк және ҚНРА жүргізетін экономикалық саясат: 1) Қазақстан экономикасының бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға; 2) Индустриялық-инновациялық даму жөнін­дегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде эко­но­миканы әртараптандыруға бағытталған бағдар­ла­маларды іске асыруға; 3) жұмыспен қамтудың тұрақтылығын және халық табысының өсуін қамтамасыз етуге; 4) білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамытуды қоса алғанда, адами ка­питалды дамытудың мемлекеттік бағдар­ламаларын іске асыруға бағытталатын болады. Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға макро­эконо­ми­калық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвести­циялық және бизнес ахуалды, институ­т­тық дамуды, технологиялық және инно­ва­циялық даму деңгейін, елдің адами ресурс­тарының даму сапа­сын жақсарту, сондай-ақ КО мен БЭК шеңберінде сауда кедергілерін азайту және экономикалық ық­палдасуды кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады. Бизнес ахуалды жақсарту мақсатында орта­лық деңгейде, сондай-ақ өңірлік деңгейде әкім­ші­лік кедергілерді азайту және рұқсат беру жүйе­сін оңтайландыру жұмысы жалғасатын болады. 2011 жылы Қазақстанның экономикалық мүд­де­лерін әзірлеу және жылжыту әрі КО мен БЭК шеңберінде ашылатын жаңа мүмкін­діктерді пайдалану мақсатында бизнес қоғам­дас­тықпен белсенді бірлескен жұмыс жалғаса­тын болады. Жа­һан­дық сауда-экономикалық жүйеге одан әрі ық­палдасу мақсатында сыртқы экономикалық саясатта басым мақсаттардың бірі КО бойынша әріптес елдермен тығыз үйлестіре отырып, БСҰ-ға Қазақ­стан­ның кіруі үдерісін жылдамдату болып табылады. 2011 жылы ҮИИДМБ-ны іске асыру шеңбе­рінде экономиканың қайта өңдеу секторларына және елдің инфрақұрылымын дамытуға ішкі және сырт­қы инвестициялық ресурстары ба­рынша жан­дан­ды­рылатын болады, Индус­трияландыру кар­тасы шең­берінде жаңа индус­триялық және ин­но­вациялық жобалар қосымша іске қосылатын болады. Экономика салаларындағы өнімділікті арт­ты­ру­ға ынталандыру үшін жұмыс істеп тұрған кә­сі­п­орындарды ауқымды жаңғырту бойынша «Өнім­ділік-2020» бағдарламасы қабылданатын болады. Бизнес үшін қосылған құны жоғары өндіріс­терді қолдаудың тұтастай жүйелі шаралар жиын­тығы, жаңа технологиялар трансферті, отандық инновациялық шешімдерді әзірлеу, өнім экспор­тын ілгерілету, өнім шығаруға ұзақ мерзімді тапсырыс қамтамасыз етілетін болады. Инвесторлар үшін экономиканың шикізат­тық емес салаларында қосымша ынталандыру шара­лары, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтар есебінен де жасалатын болады. Кәсіпкерлікті, соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау үшін «Бизнестің жол картасы-2020»-ны жүзеге асыру төрт: биз­нес-бас­тамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауық­тыру, кәсіпкерлердің валюталық тәуе­келдерін төмендету және кәсіпкерлік әлеуетті күшейту бағыттарында жалғасатын болады. Мұнайлық емес тапшылықты қысқарту, Ұлт­тық қор активтерін арттыру және бюджет қара­жатын тиімді пайдалану арқылы теңгерімді бюджетті қамтамасыз ету фискалдық саясатты іске асыру барысында басым міндеттер болып табылады. Үкiмет халықтың әл-ауқатын арттыру және халықтың әлеуметтiк осал топтарын қолдау жө­нiндегі шараларды қабылдауды жалғастырады. 2011 жылы бюджет саласында жалақыны және әлеуметтік шығыстарды өсіру көзделген. 2011 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының 30 %-ға артуын ескере отырып, оның ең төменгі мөлшері 24047 теңгені (базалық зейнетақыны ескере отырып), орташа мөлшері – 36205 теңгені (база­лық зейнетақыны ескере отырып) құ­райды. Ағым­дағы жылы әлеуметтiк жәрдемақылар мен төлемдер мөлшерi ұлғаяды. Бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30 %-ға артады. Ішкі рынокта бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді реттеу және баға тұрақтылығын қам­тамасыз ету 2011 жылғы экономикалық сая­саттың негізгі басымдықтарының бірі болады. Бұл үшін Үкімет және жергілікті атқарушы органдар тарапынан көтерме (коммуналдық) азық-түлiк базарларын және сауда инфрақұ­ры­лымын дамыту, ішкі рынокты отандық өніммен молықтыру, табиғи монополия субъектілерінің қыз­метіне баға белгілеуді реттеу жұмыстары жалғастырылады. Бұдан басқа, бәсекелестікті қорғау, жосық­сыз бәсекені анықтау мен оның жолын кесу, баға жөнінде мәміле жасасу, нарық субъек­тілерінің өзі­нің үстем жағдайын теріс пайдалану, алып­сатарлық бағаның өсуі, өнім өндіруші мен түпкі тұтынушылар арасындағы аралық буындарды қысқарту жұмыстары күшейтіледі. 2011 жылы баға тұрақтылығын және жыл­дық инфляция деңгейін 6-8 % аралығында ұс­тап тұруды қамтамасыз ету Ұлттық Банктің ақ­ша-кредит саясатының басым бағыты болады. Ұлттық Банк ақша-кредит саясаты құрал­дарын жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру әрі оның ақша рыногына ықпалын одан әрі күшейту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі қысқа мерзімді ноталары мен депозиттері қаржы рыногындағы сыйақы ставкасын, сон­дай-ақ банктердің артық өтімділігін стерилиза­циялаудың негізгі құралдары болып қала береді. Экономикадағы ақша ұсынысы экономи­каның өсуіне сәйкес деңгейде сақталады. Кредит белсенділігін қалпына келтіру проблемасы банк сек­торындағы құрылымдық қайта құру жолымен шешіледі. 2011 жылы Ұлттық Банк ең төменгі резервтік талаптар тетігін жетілдіру және оны қол­дану тиімділігін арттыру жұмысын бастайды. Қазақстан экспортының негізгі тауарларына қолайлы әлемдiк баға конъюнктурасы және ұлттық валютаның тұрақтылығы жағдайында Ұлттық Банк валюта бағамының басқарылатын құбылмалы режіміне көшуді жоспарлап отыр. Ұлттық Банктің валюта саясаты саласын­дағы шаралары әлемдiк конъюнктура өзгерген жағдай­да отандық өндiрiстiң бәсекеге қабiлет­тiлiгiне терiс әсер етуi мүмкiн ұлттық валюта­ның нақты бағамының елеулi ауытқуына жол бермеуге бағытталатын болады. Тұтастай алғанда, ақша-кредит саясаты қа­лып­тасатын макроэкономикалық ахуалға барабар болады. Қазақстанның қаржы жүйесінің дамуы сала­сын­дағы саясат қаржы секторының тұрақты­лы­ғын, ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады. ҚНРА қаржы жүйесiне деген сенiмдi қалпына келтіру, қаржы қызметін тұтынушылар мен инвес­торлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қаржы ұйымдарында тиімді ішкі бақылау жүйесін және тәуекел-менед­жментті енгізу, сон­дай-ақ олардың қызметінің ашықтығын арттыру жұ­мысын жалғастырады. Мемлекеттiк жеке меншiк әрiптестiкпен және исламдық қаржыландырумен күшейген қор рыногы одан әрі дамиды. Алматы қаласының өңір­лік қаржы орталығын дамыту және бағалы қа­ғаздар айналымының барабар көлемін қам­тамасыз ететін бағалы қағаздар рыногын дамыту да қор нарығының кеңеюіне ықпал ететін болады. Тұтастай алғанда, елдің қаржы секторының дамуы Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасына сәйкес іске асырылады. Осылайша, 2011 жылы Үкімет, Ұлттық Банк және ҚНРА жүргізетін экономикалық саясат ІЖӨ-нің 4-5 % нақты өсуін, инфляцияны 6-8 % дең­гейде ұстап тұруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.