21 Қаңтар, 2011

Науқасқа бағдарлама емес, дерттен айығуы маңызды

415 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Денсаулық сақтау министрлігінің өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, осы жылдың міндеттері белгіленген кеңей­тілген алқа мәжілісі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қаты­суы­мен өтті. Оған Парламент депутаттары, Президент Әкім­шілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, сондай-ақ басқа да атқарушы органдардың жауапты қызметкерлері қатысты. Алқа мәжілісінде негізгі баян­даманы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жасап, Үкімет басшысына есеп берді. Баяндамада ең алдымен 2010 жыл­дың маңызы зор болғаны, өйткені бұл жыл денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын аяқтау және Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізудің бірінші жылы екені атап өтілді. Мемлекеттік бағдарламаны орын­дау барысында елімізде демо­графиялық көрсеткіш жақсарып, әйелдердің бала туу деңгейі 25 пайызға артқан. Ал, халықтың жалпы өлім-жітімі 11 пайызға тө­мендеп, оның ішінде ана өлімі бір жарым есеге, нәресте өлімі 15 пайызға кеміген. Сондай-ақ, әлеу­меттік маңызы бар аурулардың бірқатарының тұрақты төмендеуі байқалады. Туберкулезбен сыр­қат­танушылық 2004 жылмен са­лыстырғанда бір жарым есеге, одан болатын өлім-жітім екі есеге тө­мендеген. Қан айналымы жүйе­сі ауруларының өлім-жітімі 20 пайызға, онкологиялық аурулардан 8 пайызға, жарақаттанудан болатын өлім 26 пайызға кеміген. Министрдің айтуынша, бүгінгі күні елде 24 кардиохирургиялық және 48 кардиологиялық бөлім­шелер және 8 арнайы орталық бар. Бұл 2010 жылы қазақстандық хирургтерге ашық жүрекке оталар жасауға мүмкіндік берді. Ол үшін алыс және таяу шет елдерде кардиохирургия саласының екі жүз­ден астам маманы дайындықтан өтті, деді ол. Қолға алынған жұ­мыстардың нәтижесінде қан ай­налымы жүйесінен болатын өлім­дер саны 20 пайызға азайған (2004 жылы 100 мың адамға шаққанда – 517,7; 2010 жылы – 406,4). С.Қайырбекова сондай-ақ, отан­дық медицина мамандары жү­рек алмастыру оталарын жасау мәсе­лесін шешуге жақын қалғанын айта келе, 2011 жылы Астана мен Павлодарда кардиохирургиялық орталықтарды іске қосуды жоспарлап отырмыз, деді. Бағдарламаны орындау бары­сында денсаулық сақтау ұйым­да­рының көпшілігінің материалдық-техникалық базасы жақсарған. Мысалы, республика бойынша 400-ден астам медицина ны­сандары бой көтерді, 4 мың­нан астам медициналық ұйым жөндеуден өтті, тек 75 миллиардтан астам теңгеге меди­ци­налық жабдықтар сатып алын­ды. Осының бәрін іске асыру үшін өткен жылы ғана медицина саласына 566 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2004 жылы салаға бөлінген қаражаттан төрт есе көп. Министр өз сөзінде өткен жылы енгізілген Бірыңғай ұлт­тық денсаулық сақтау жүйесі жайына да кеңінен тоқталды. Ол БҰДЖ-ны кезең-кезеңмен ен­гізу жоспарланғанын, өткен жылы стационарлық және ста­цио­нарды алмастырушы меди­циналық ұйымдар мен алғашқы медициналық жәрдем көрсе­те­тін ұйымдарға баса назар аударылғанын, енді бұған денсаулық сақтаудың бас­қа да бағыттары тарты­латынын атап өтті. Үкімет бас­шы­сына есеп бере отырып министр Үкімет жа­нын­дағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің мәр­тебесін күшейтуді ұсынды. Министр атап көрсеткендей, алдағы уа­қытта қоғамдық денсаулықты сақтау бойынша бірыңғай ұлттық саясат енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жаңа бюджеттік бағ­дарлама әзірленіп, осы құжат ая­сында барлық мемлекеттік органдар халықтың денсаулығын кү­шей­туге бағытталған іс-шара­ларды атқаратын болады. Мәсе­лен, Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларын тамақ­тандыру мәселесімен айналысса, Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық маңызы бар жолдарда 12 шұғыл медициналық-құтқару бөлімшелерінің ашы­луына жауапты болмақ. Осы орайда, біз Үкімет жа­нын­дағы Денсаулық сақтау жө­нін­дегі ұлттық үйлестіру кеңе­сі­нің мәртебесін күшейту мүмкін­дігін қарастыруды сұраймыз. Ол үшін кеңес төрағалығына осы са­лаға жауапты Үкімет басшы­сының орынбасарын бекіткен жөн, деді С.Қайырбекова. Министр өз баяндамасында 2011-2015 жылдарға арналған «Са­ламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жайын тілге тиек ете отырып, 2011 жылы орын­далатын іс-шаралардың жоспарына тоқ­тал­ды. Денсаулық сақтау мәсе­лелері бойынша сек­тораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, меди­цинаның профилактикалық ба­ғы­тын арт­ты­ру, озық техно­ло­гия­лар­ды одан әрі енгізу және кадр ре­сурстарын дамыту арқылы Қазақ­стан азамат­тарының денсаулығын нығайтуға қол жеткізу 2011 жылы атқары­латын істердің қатарына кірмек. Одан басқа жиында сөз алған «СК Фармация» ЖШС-ның бас директоры Сыздық Баймұқанов өз саласы бойынша өткен жылдың жетістігі ретінде еліміздің Кеден одағына бірігуі отандық дәрі-дәрмектерге де жақсы әсерін тигізгенін баяндады. Сондай-ақ, ал­қа мәжілісінде «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ бас директоры Абай Байкенжин баяндама жасап, Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі пациентке дәрігер мен аурухананы еркін таң­дауға құқығын беруі себепті өңір­лерде де жоғары мамандан­ды­рыл­ған көмекке қолжетімділік артқа­нын айтып өтті. «Ғылыми-зерт­теу институттары мен респуб­ли­калық клиникаларда сынақтан өткен халықаралық технологиялар бү­гінгі таңда өңірлерде де табысты қолданылуда. Өткен жылы Қа­зақстанда алғаш рет до­нор­лық бүй­рек трансплантация­сы, гемофилия кезінде буындарды эн­допротездеу, эндовидеонейро­хи­рургияны пайдалана отырып операция жасау, тағы басқа да бірегей операциялар өткізілген. Жи­ында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Елжан Біртанов, Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқар­масының бастығы Қамидолла Ирменов, Астана қаласы 1-балалар ау­руханасының бас дәрігері Надежда Петуховалар сөз алып, атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мәжіліс соңында қорытынды сөз сөйлеген Үкімет басшысы К.Мәсімов денсаулық саласына ар­нал­ған мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың қай-қайсысының өз ерекшелігі, артықшылығы бар екенін айтты. Осы бағдарламалардың негізінде сала алға басып келеді. Бірақ бір нәрсені түсіну керек. Ауру адамға денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалардың, оның ішінде, өзінің қай бағ­дар­лама бойынша емделіп жатқа­ны­ның түкке қажеті жоқ. Ол үшін аурудан жазылу ғана маңызды. Сол үшін де біздің бағдарламалар дәрігерге емес, пациентке негізделген», деді Үкімет басшысы. К.Мәсімов денсаулық сақтау са­ласындағы шешімін таппай отыр­ған бір мәселе ретінде өзіміздің мамандардың барлығы бірдей шетелдерден алынған жаңа аппа­рат­тарды игермегендігіне тоқталды. Сондықтан алдағы жылдары осы мәселеге аса мән берілуі керектігін айтты. Жалпы алғанда жыл­дың нәтижелері жаман емес. Оны баяндамашылар да айтты, облыс­тарды аралағанда өзім де байқа­дым. Ендігі міндет – Елбасы қол қойған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру. Қа­зақстандықтардың спортпен шұ­ғыл­дануына, дұрыс тамақтануына көңіл бөліну керек. Бұл түптеп келгенде ауырған соң емделуді емес, сол ауруды болдыртпауды жақтайтын бағдарлама, деді Үкімет басшысы. Айгүл СЕЙІЛОВА.