* Сырт көз – сыншы
Адамның санасы мен миын мейлінше улайды
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесі Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатының тереңдігін тағы да байқатып берді. Мұны халықаралық сарапшылардың басым көпшілігі қадап айтып отыр.
Андрей КАЗАНЦЕВ,
МГИМО сарапшысы, саяси ғылымдар докторы (Ресей):
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте сөйлеген сөзі оның ұзақ жылдардан бері әлемдегі бейбітшілікті сақтауға байланысты ұстанып келе жатқан позициясына берік екенін тағы бір мәрте танытты. Ол тұтастай алғандағы адамзаттың алдында тұрған орасан зор маңызы бар проблеманы қозғады. Манифесте көтерілген мәселенің планеталық деңгейде маңызы мен мәні бар. Ал қазіргі халықаралық ауқымдағы шиеленіс пен жанжалдың өрісі барынша кеңіп, оның қауіптілігі шарықтау шегіне жетіп тұрған, соның ішінде ядролық қару қолдану жолымен болып қалуы ықтимал соғыстың лаңы көрініп қалып тұрған кезеңде, әсіресе, Корей түбегіндегі ахуалдың қатты ушыға бастаған уақытында мұндағы жұрт назарына ұсынылып отырған байыпты бастамалардың салмағы еселеп арта түсер еді. Сөз жоқ, Назарбаев қазіргі таңдағы әлемдегі ең өзекті де шетін мәселені қозғап отыр.
Шынын айту керек, манифесте айтылған ұсыныстардың көпшілігі бірден шешіле салатын мәселелер емес. Оны орындап шығуға уақыт керек. Бірақ қалайда біреу оларды халықаралық қауымдастыққа жеткізуі керек еді ғой. Әйтпесе, адамзат баласының тіршілігі тоқтап қалатын уақыт жақындай береді. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлының қолға алғаны қандай жақсы болған! Мен өзім бұл кісінің инициативасын қызу қолдаймын.
Аталмыш құнды құжатты прогресшіл адамзат баласының түгел қолдап жатқаны да байқалады. Оның БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесі секілді халықаралық аса беделді ұйымдарда ресми құжат ретінде қабылдануының өзі манифестің салмағы мен маңызын байқата түседі. Айта кетуіміз керек, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы халықаралық деңгейде осындай сан алуан инициативаларды ұсынумен келеді. Бұл жолғы манифест солардың заңды жалғасы іспеттес. Мұны менің көптеген сарапшы әріптестерім де айтып отыр. Қазақстан ұдайы кең ауқымды бастамалар көтеру арқылы өзінің сыртқы саясатын жақсы қалыптастырып келеді. Оның жұрттың бәрімен дос, тату-тәтті жағдайда өмір сүруге деген ұмтылысы мақтауға тұрарлық. Сонымен бірге, бәрін ашық та бүкпесіз айтатынымен ерекшеленіп отыр.
Юрий ПОПОВ,
«Колокол Нагасаки» АҚ жетекшісі (Беларусь):
– Мен әлемнің Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына құлақ түретініне, оның манифест жүзінде атап көрсеткен проблемаларын шешуге атсалысатынына бек сенемін. Қазір халықаралық қауымдастық Қазақстанның бастамасын қолдап отыр. Кезінде Қазақстан лидері бүкіл әлем үшін және бейбітшілік үшін аса маңызды қадамды – ядролық сынақ полигонын жабуға батыл шешім қабылдауымен ерекшеленген болатын. Ядролық қаруға ие болу – жан-жағыңды ажал оғын себуге дайын отырумен қорқытуға тең нәрсе. Бұл – басқа жұрттың үнемі үрейге берілуіне жол ашатын түйткілді тетік. Одан саналы түрде бас тартқан Қазақстан сол кезде әлем қауымдастығының ыстық ықыласына бөленіп еді.
Енді жер бетін ядролық апаттың аранынан алып қалу жолындағы тағы бір тың бастамасымен жұрт назарын аударды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарулары бар елдер басшыларын Пандора жәшігі ішінде сақталып тұратын қауіп-қатер кілтін құртуға шақырып отыр.
Дарио ЧИТАТИ,
Жоғары геосаяси «Еуразия» бағдарламасының жетекшісі (Италия):
– Біздің институттың ғалымдары Қазақстанның бейбітшілік жөніндегі бастамасын қызу қолдайды. Ол өте дер кезінде және нақты айтылған ұсыныс болды. Осы арқылы Нұрсұлтан Назарбаев әлем халықтарының көпшілігінің көңілінде жүрген ойды дөп басып, олардың толғанған мәселелерін алға шығарды. Қазақстанның Вашингтонда өткен саммитке қатысуының өзі оның көп векторлы сыртқы саясатты өте табысты жүргізіп келе жатқанынан хабар береді. Ал оның лидері қай кезде де Батыс әлемімен үнқатысуға келе алатынын тағы да айқын көрсетіп берді. Орталық Азия мемлекетінің басшысы қазіргі заманғы соғыс вирусының тарап бара жатуының қаупін өте айшықты тілмен суреттеп берді, милитаризмнің күшейіп келе жатқанынан жұрттың бәрін сақтандырды.
Расында да, милитаризм деген меңдуана сияқты, оның уына елтіген адам санасы мен миына зор зақым келтіреді. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан Президентінің ұсыныстары өзінің көкейкестілігімен біздің еркімізді билеп алды. Барынша адал да шыншылдықпен айтылған сөзді сол қалпында қабылдамау мүмкін емес. Осы ретте бізге Қазақстан екі әлемнің ортасындағы диалогтың алаңы бола алатындай қалып танытты. Мұның атын екі ортадағы алтын көпір ретінде де атауға болады.
Дмитрий ВЕРХОТУРОВ,
Қазіргі заманғы Ауғанстанды зерттеу орталығының сарапшысы (Ресей):
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрастырған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің пайда болуы – әлемдегі өте бір есте қаларлық танымал оқиға. Ол соңғы жылдары әлемнің саяси аренасында ешбір мемлекеттің, тіпті, БҰҰ-ның өзінің жұртты ашықтан ашық бейбітшілікке, қарусыздануға шақыруды қойып тұрған уақытында шықты. Мұның арғы жағында ядролық қарудан бас тартуға және уранды сондай қару жасау дәрежесіне дейін жеткізбеуге үндеу жатыр. Манифест халықаралық салада қысым, санкция, текетірес күшейіп тұрған, бәсекелес жақтардың жүйкелері жұқарып, әр нәрседен күдік алып тұрған кезінде жарияланды.
Осының бәрі әлем үшін де, біздің әрбіріміз үшін де аса маңызды нәрсе. Саммитте Қазақстан лидерінің сөзі барынша дәлелді де тұжырымды естілді. Әйтпесе, баллистикалық ракеталардың іске қосылып кетуіне жарты қадамдай қалған кездер де болып қалып жатыр. Ал бүкіл әлем бір-бірімен қырғи-қабақ болып, соғысып жатқан күннің өзінде белгілі бір тұлғалардың бейбіт өмірді үндейтін абыз болуы қажет-ақ жайт. Міне, сол рөлді өзінің Астанасын әлдеқашан әлемдегі бейбітшілік үшін күрестің орталығына айналдырып алған лидер алып кетті. Нұрсұлтан Назарбаев қашаннан бейбіт бастамаларды көтеретіндігімен, бейбітшілік пен қарусыздануды қолдайтындығымен белгілі болған тұлға ретінде бұл жолы да өзін өте жақсы қырынан көрсетті. Әлбетте, белгілі бір себептермен жер беті жаппай соғыстың лаңына тағы еніп кетпейтініне, онда қиратушы қару-жарақтың ең қуатты түрлерінің қолданысқа қосылмасына қазір ешкім кепілдік бере алмайды. Алайда, соған қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев сынды бітімгердің үні маңызды бола түседі.
Омер ОЗКАЯ,
саясаттанушы (Түркия):
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың уранды жаппай қырып-жоятын қару жасау деңгейіне дейін жеткізбеу жөніндегі идеясы көңілге қонымды. Иә, уранды мүлдем өндірмей қоюға болмас. Ал Қазақстанның оны атом энергиясы мақсатында ғана пайдалану жөніндегі бастамасы біздің бәрімізді бір тұйықтан шығарып жібереді. Алаңдаушылық тудырып отырған жайттың – қару жасауға мүмкіндік беретін деңгейге дейін уранды байыту ісінің тамырына балта шабу қажеттігін айрықша атап өткен. Осы ретте, Қазақстанның әлемде бірінші болып төмен байытылған уран банкін құруға ұмтылуы бұл елдің геосаяси рөлін еселеп арттыра түседі. Вашингтонда өткен саммитте бұл бастама қызу қолдау тапты. Оны бірден 17 елдің қолдап шығуы да осыны көрсетеді.
Біз өткен жүзжылдықты мұнай ғасыры ретінде таныдық. «Қара алтын» сол кезден бастап қазірге дейін біздің өміріміз бен тыныс-тіршілігімізге орасан зор әсерін тиігізіп келеді. Бірақ болашақтағы энергия көзі ол емес, атом стансалары болғалы тұр. Енді тек атом электр стансалары ғана біздің энергияға деген сұранысымызды өтей алады. Ал Қазақстан әлемдегі уран қорының көптігі жағынан көш басындағы мемлекеттердің бірінен табылады. Осының негізінде бұл елдің әлеуеті жаңа ғасырда да жоғары болмағанын аңғару қиын емес.
Шетел ақпарат агенттіктерінің материалдары бойынша дайындалды