26 Сәуір, 2016

Бейбітшілікке еш құндылық жетпейді

363 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Пол СкофилдВашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан тарапы көтерген батыл бастамалар қоғам болып қызу талқылауды, ашық та әділ баға беруді, мейлінше қолдап-қуаттауды талап етеді. Осы орайда отандық зиялы қауым, еңбек ұжымдары, бұқара халықпен бірге, Елбасы манифесіне шетелдер азаматтары, оның ішінде сарапшы-ғалымдар, ұстаздар, бизнес өкілдері өз ой-пікірлерін білдіріп, үн қосуда. Солардың бірі Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі химия пәнінің мұғалімі, ұлыбританиялық азамат Пол СКОФИЛДПЕН аталған тақырыптағы әңгімеміз былайша өрбіді. – Пол, сіз Қазақстанда тұрып, жұмыс істегенмен, шетелдің, өзге мемлекеттің азаматы­сыз. Сіз үшін ядролық қауіпсіз­дік мәселесі, осы тұрғыдағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұста­нымы қанша­лық­ты ұғынықты әрі маңызды? – Әлемде соғыс өртін тұта­та­тын саясаткерлер, ал зардабын шегетін, азабын тартатын қарапайым халық деген қанатты сөз бар. Бұл ащы шындыққа адамзат баласының көзі әлдеқашан жеткен. Бастапқыда қылыш, най­за, садақ қолданған болсақ, одан кейін оқ-дәрімен атылатын мыл­тық, зеңбірек, автомат­ты қару­ларға кезек келді. Дүние­жүзі­не төнген қазіргі қауіп бұлар­мен тіпті де салыстыруға келмейді. Мұның қаншалықты жой­қын­дығын мына мысалдан-ақ біле беріңіз. Мәселен, бір ғана ядролық зарядпен тұтас қаланы жоюға болады. Бірнеше оқтұмсығы бар зымыран мемлекеттерді жермен-жексен етеді. Ал осындай алапат жойғыш қаруға қожа елдер бір-біріне қарсы атом аждаһасын қолданар болса, ғаламшардың өзі жойылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, ядролық қарумен қоқан-лоқы көрсету ешқандай да мықтылық емес. Бұл нағыз тығы­рыққа апаратын, барары бол­ғанымен қайтары жоқ жол. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздікке қатысты батыл ұсы­ныстары мен өткір ойларын өз басым өте қолдаймын. Менің білуімше, Кеңес Одағы тараған уақытта Қазақстанда атом қаруының үлкен қоры болды. Сарапшылар оның қуатын әлем бойынша төртінші орынға қойды. Егер елде көреген көшбасшы, бо­ла­шақты болжаған сұңғыла саясат­кер болмағанда, бұл қару қазір де дүниежүзіне үлкен қорқыныш тудыратын еді. Осынау алмағайып уақытта Нұрсұлтан Назарбаев ядро­лық арсеналдан өз еркімен бас тартуға шешім қабылдады. Сөйтіп, халықаралық қоғамдастық үшін көз көріп, құлақ естімеген қадамға барып, жер-жаһанның түкпір-түкпірінде қызу қолдауға, ыстық ықыласқа ие болды. Іле-шала қазақ даласын жарты ғасыр улап келген Семей ядролық полигонын да өз Жарлығымен жапты. Сөз бен істің қабысуы деген осы шығар, сірә. – Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді азамат ретінде сізге Қазақстан тарапынан жаһандық қауіпсіздікті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, жұмсалған қажыр-қайрат белгілі деп ойлаймын. Осы орайда Мемлекет басшысының рөліне қатысты ойыңызды білсек. – Мойындау керек, кейінгі ширек ғасыр бойы Қазақстан Президенті барлық ғаламдық форумдарда атом қаруын таратпау, жою жөнінде ұдайы әңгіме қозғап, бастамашылық танытып келеді. Өткен жылы Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Ядролық қару­сыз әлем құру туралы дүние­жүзілік декларация қабылдады. МАГАТЭ-нің қолдауымен ел­де Төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Ол – атом энергетикасын бейбіт мақсатта пай­далануды көздеген мемлекеттерге қажет банк. Аталған келі­­сім турасында Қазақстан Пре­­зиденті «Бұл – жаһандық ауқым­дағы оқиға. Дүниежүзі атом­ды бейбіт мақсатта және қауіп­­сіз пайдалануға бағытталған аса маңызды қадамға өз бағасын беруі тиіс. Күні бүгін ғарыш ке­ңіс­­­ті­­гінде, әлемдік мұхиттарда және Арк­тикада ажал сепкіш атом қаруын қолдануға тыйым салатын тү­бегейлі шешім қабылдайтын уа­қыт жетті. Халықты жаппай қы­рып-жоятын жаңа қару түрлерін жа­сауға тыйым салу үшін БҰҰ тарапынан халықаралық келісімдер жасалып, Тіркеу реестрін құрудың уақыты келді», – деген еді. Ал биыл Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық конференциясын шақырып, онда жаһандық соғыстар мен жанжалдарды тоқтатуға жәр­демдесетін халықаралық құқық негіздерін қолдауды ұсы­нып отыр. Аталған ұсыныс-баста­ма­­лар­дың қай-қайсысы да өзі­нің аса маңыздылығымен, өмір­шең­дігімен және батылды­ғымен ерекшеленеді. Оған дау жоқ. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған ядролық қару­сыз әлем идеясын ең алдымен сол ядролық қаруға ие мемлекет­тер дұрыс түсініп, ұғынып, нақты әрекеттерге баруы тиіс. Қалған ядролық қаруы жоқ елдер бұған жан-жақты қолдау көрсетсе, бей­біт­шілікке еш құндылық жет­пейді деген сөздің шынайы ма­ғы­насы бәріміз үшін маңызды болмақ. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Суретте: Пол Скофилд (Ұлыбритания)