27 Сәуір, 2016

Олимпиадаға 100 күн қалды

453 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
100 күн Адамзаттың өз тарихында өмірге келтіріп, дәстүрге ұластырған жарасымы жақсы жаңалықтары қатарында, сөз жоқ, қазіргі заманғы Олимпиада да бар. Жер бетінде төрт жылда бір айналып келетін бұл жаһандық жарысқа елең етпейтін, оның дүбіріне құлақ түрмейтін саналы азамат кемде-кем. Биыл сол циклдың келесі эстафетасы – XXXI жазғы Олимпиялық ойындар Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалау желбіретеді. Тамыздың 5–21-і аралығында сайыс қыздырғалы тұрған Ойындар спорттың 28 түрі бойынша 306 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Дүбірлі додаға 10 500 спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Сөз басында бірден айта кететін жайт, Риодағы Олимпиялық ойындар тек Бразилия жері ғана емес, сонымен қатар, күллі Ла­тын (Оңтүстік) Америкасы құрлы­ғында алғаш рет көген керетін осындай аламан болғалы тұр. Қазір дүрмек дүркірі жақын ара­дан естіле бас­тағандай әсер қал­дырады. Бұған таяуда, дәлірегі, сәуірдің 21-і күні Грекияның ежел­гі Олимп тауының етегіндегі Гера храмындағы ашық алаңқайда Ойындар алауының салтанатты жағдайда тұтатылып, ұзын көшке ұласатын эстафетасын бас­тап кеткені тағы бір себеп болды. Рәсім барысында ертедегі жоғарғы абыз әйелдің рөлін ой­наған грек актрисасы Катерина Лехоу күннен шыны арқылы алын­ған қызумен құтыдағы жан­ғыш затты тұтатты. Содан кейін Олимпиада алауын алып жүру басталды. Эстафетаның ежелгі Эллада жеріндегі алғашқы бөлігі алты күнге созылды. Бүгін, 27 сәуір күні Афинада отты ты­ғыр­шық Бразилияның мақта­нышы – атақты «Маракана» стадионында Ойындардың салтанатты жағдайда ашылу сәтіне тура 100 күн қалған шақта Рио-2016 ұйымдастыру комитетінің арнайы келген делегациясына табыс етіледі. Алау мұхиттың арғы бетіндегі елге 3 мамырда жеткізіледі. Ол 95 күннің ішінде Бразилия аумағының 90 пайы­зын қамтып өтіп, 83 ірі қалалар мен 500 шағын қалашықтарда болып, 5 тамыз күні Олимпиялық ойындардың басты нысанындағы алып астауға от береді. Отты құты осы кезге дейін 20 мың шақырым жермен, 16 мың шақырымдық әуе жолымен алып өтіледі. Сол күндері оны алып жүруге 12 мыңға жуық алаугер қатысады. 26-04-16-marakana-1Бір өкінішті жағдай, Олимп тауының етегінде алау тұтатылған күні Бразилиядағы жаңа қатарға қосылғалы тұрған Ойындар нысан­дарының бірінде апатты оқиға орын алып, екі адам қаза тапты. Атап айтқанда, теңіз жағалауындағы тау биігінен қиялап салынып жат­қан велотрассаның ернеуі опы­рылып кетіп, жиегі құзға қарай құлдырай құлады. Бұған қоса, бұдан бірқатар уақыт бұрын елдің аумағында зика безгегінің көптеп көрініс беруі біраз жұртты абыржытып тастаған болатын. Бұған қоса, қазіргі күндері Бра­зилияда елдің президенті Дилма Русефке импичмент жариялау жөніндегі буырқанған мә­селе өзінің апогейіне жетіп тұр. Ол таяу күндері парламенттің жо­ғарғы палатасы – федералды сенатта қаралып, ақырғы шешімін шығаруы тиіс. Осындай кереғар оқиғалардың орын алғанына қарамастан, Бра­зилияда Олимпиялық ойын­дарға дайындық жұмыстары бұрын­ғысынша өз кестесіне сай қызу қарқынмен жүріп жатыр. Рио-де-Жанейро XXXI жазғы Ойындары шеңберінде бұрыннан бар, бірақ айтарлықтай жаңғырудан өтетін 18 спорт нысанын пайдаланады. Ал Олимпиада үшін жаңадан салынатын арена саны 9 болмақ. Бұдан бөлек, уақытша пайдаланылатын тағы 8 нысан бой көтереді. Олимпиялық нысандардың басым бөлігі Рио-де-Жанейродағы «Барра», «Копакабана», «Деодоро», «Маракана» сынды төрт клас­терге шоғырланады. Бұлардың арасындағы «Барра» Рио-2016-ның жүрегі мен орталық аймағына айналады. Мұнда 15 спорт нысанынан бөлек, Олимпиялық деревня мен Олимпиялық парк орналасады. «Копаканада» ескек есу, желкен спорты, триатлон, ж­а­­ғажай волейболы секілді спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Рио-де-Жанейроның Деодоро ауданымен аттас кластер ат спорты, мылтық ату, семсерлесу, бессайы­с сайыстарын қа­былдайды. Ал бұған дейін аты 200 мың орындық «Маракана» есебінде танымал болып келген «Марио Филью» стадионы қайта жаңғырғаннан кейін 78 мың көрерменді қамтитын футбол матчтарының сайыс алаңы бо­лып шыға келеді. «Маракана» аумағындағы самбадром садақ атушылардың мекеніне айналады. Осы жерде сондай-ақ ерлер мен әйелдердің марафонның сөресі мен мәресі болады. Олимпиада тарихында бірінші рет жеңіл атлеттер сайыстары бұл жолы басты стадионда емес, қосымша аренада өтеді. Олар 2007 жылы бой к­өтерген Жоао Авеланж атын­дағы спорт кешенінде жарыс қыз­ды­рады. Ойындар аясындағы футбол тур­нирі Риодан басқа тағы төрт қа­лада – Белу-Оризонтиде, Саль­ва­дорда, Сан-Паулу мен елдің аста­насы – Бразилиада ойналатын болады. Қазіргі күндері Олимпиялық ойындарға қатысатын елдер де қызу дайындық үстінде. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Әл­бетте, біздің әзірлігіміз спорт ареналарын қатарға қосудан емес, сол Ойындардан мүмкіндігінше көбірек жүлделер жеңіп алу үшін күресуден құралады. Осы кезде біздің елімізден Олимпиадаға 81 спортшының жолдама алып үлгергені белгілі болып отыр. Соның ішінде жеңіл атлеттердің еншісінде – 14, байдарка мен каноэда есуде – 11, бокс пен ауыр атлетиканың әрбірінде 10-нан ли­цензия бар. Біз осы шамалас спортшыны өзіміздің жеке команда ретінде бірінші рет қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына апарғанбыз. Онда 89 атлет тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің намысын қор­ғаған болатын. Ал бұдан кейінгі жылдары олимпиадашылары­мыз саны 100-дің үстіне шығып кетті. Бұл жолы да солай болатын шығар деген үміттеміз. Дегенмен, мұнаралы мақсат бұл да емес. Ең бастысы, Олимпиадада алатын алтын жүлделеріміздің саны көп болсын. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»