Елбасы туралы жаңа фильм
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасы жолы: Жұлдыздар тоғысқанда» киноэпопеясының премьералық көрсетіліміне барды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Фильм 1984 жыл мен 1991 жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Туынды жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы, соның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды. Бұдан бөлек, картина Қазақстанның Тұңғыш Президентінің елді реформалаудағы рөлі, сондай-ақ, оның бүгінде жаһандық ауқымдағы жобаларға айналған бастамалары жөнінде әңгімелейді. Фильм режиссері – Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық әртісі Сергей Снежкин. Кинолента Алматыда және Алматы облысында, Астанада, Қарағандыда, Мәскеу мен Санкт-Петербургте түсірілген. Картинаны сомдау жұмысына жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысқан. «Жұлдыздар тоғысқанда» картинасы 2016 жылғы 28 сәуірде жалпыұлттық прокатқа шығарылады.Жұлдызы биік кемеңгер
туралы көркем туынды көрерменге жол тартты
Тәуелсіз еліміздің тағдыры үшін тәуекелге бел байлаған Елбасының ерен ерлігін баяндайтын тағы бір туынды дүниеге келді. Елбасы туралы киноэпопеяның алғашқы төрт сериясын қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірашев түсіргенін естеріңізге саламыз. Олардың қатарында, «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдері бар. Осылардың барлығы Елбасының қалыптасу, өсу жолын баяндайды. «Киноэпопеяның бесінші бөлімінде біз Кеңес өкіметінің құлауы мен тәуелсіз Қазақстанның өмірге келуін көрсетуді мақсат еттік», – деді фильмге қатысты баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы. «Біз фильмнің қоюшы-режиссері кім болады деген сұраққа көп ойландық. Оның шығармашылық тәжірибесіне баса назар аудардық. Бұл жағынан келгенде Сергей Снежкиннің еңбектері, оның түсірген фильмдері бізді тәнті етті. Алғашқы кездесудің өзінде ол бізге, ойдан шығарылған емес, шынайы туынды көрсетуге сөз берді», – дейді министр. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмінің режиссері – Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық әртісі – Сергей Снежкин. Ол жұртшылыққа «Белая гвардия», «Брежнев», «Цветы календулы», «Женский роман» сияқты туындыларымен танымал. Маңызды фильмнің мазмұны Кеңес Одағының құлауы, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды. Фильм 1984-1991 жылдар аралығын қамтиды. Аталмыш көркем фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға зер салып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, сондай-ақ, Мемлекет басшысының дүниежүзілік ауқымда ынтымақтастықты арттырудағы айрықша қызметін саралайды. Кинотуындының сарынына мән беретін болсақ, ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жазу үшін онымен кездесуге қол жеткізеді. Алайда, журналист пен Елбасының белгіленген сұхбаты бүкіл елді аралаумен тарихқа көз жүгірткен салиқалы саяхатқа ұштасады. Сұхбат барысында Президент пен Вильсон кең-байтақ даладан қар басқан тауға, көпқабатты зәулім ғимараттан киіз үйге, 2015 жылдан 1950 жылға, 1986 жылға, 1989 жылға, 1991 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларға ауысып отырады. Ел картасындағы әрбір нысан – Президент өмірбаянының айғағы. Қазақстан астанасындағы биік ғимараттардың үстінен тікұшақпен ұшып өту, әлемдегі ең үлкен көмір разрезінде серуендеу арқылы Вильсон өзі үшін бір жаңалық ашқандай болады. Келесі күні Президенттің Алматыға іссапары және сұхбаты аяқталады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ант қабылдап, Қазақстан Тәуелсіздігі үшін мойнына жауапкершілік алған залында Вильсон мен Президент қоштасады. «Жұлдыздар тоғысқанда» кинокартинасының сценарийін режиссер Сергей Снежкин Нұрсұлтан Назарбаевтың өз шығармаларын негізге ала отырып жазып шыққан екен. Туындыны айшықтау барысында Елбасының жеке естеліктері де молынан пайдаланылғаны байқалып тұрды. Түсірілімнің негізгі бөлігі Алматы және Алматы облысында өтсе, ал, қалғаны Астана, Қарағанды, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында жүргізілген. Түсірілімге барлығы 70-тен астам нысан пайдаланылыпты. Оның ішінде Мәскеудегі Кремль, «Националь» қонақ үйі, Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайы (1989 жылғы шахтерлер ереуілі), сондай-ақ, Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачевтің 1985 жылы Целиноград облысына келген іссапары кезінде Астрахан ауданының астық алқабында да біраз оқиға желісі өріле түскен. Ал тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының күресі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Санкт-Петербург қаласындағы «RWS» киностудиясының аумағында сомдалған. Фильмді жасауда Қазақстан мен Ресей кинематографистерінен құралған тәжірибелі халықаралық топ жұмылдырылған. Туындының бас продюсері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тасболат Мерекенов. Қоюшы суретші – Дмитрий Татарников, қоюшы операторы – Сергей Мачильский. «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің композиторы Ресей кинематография өнері және ғылымы ұлттық академиясы тағайындаған «Алтын қыран» сыйлығының үш мәрте иегері Юрий Потенко. Басты рөлді қазақстандық танымал актер Берік Айтжанов сомдады. Сондай-ақ, фильмге Алтынай Нөгербек, Алдабек Шалбаев, Азамат Сатыбалды, Ғани Құлжанов, Еркебұлан Дайыров, Жанел Мақажанова, Динара Бақтыбаева, Қарлығаш Мұхамеджанова түсіп, жоғары деңгейде ойнап шықты деуге болады. Айта кететін тағы бір жайт, фильмдегі танымал тарихи тұлғаларды, КСРО президенті Михаил Горбачев, Ресей президенті Борис Ельцин, АҚШ президенттері – Джордж Буш және Билл Клинтон, Сауд Арабиясының королі Фахд әл-Сауд және Палестина автономиясының басшысы Ясир Арафат сынды әлемге әйгілі мемлекет қайраткерлерінің бейнелерін Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Хью Фрейзер, Ричард Кордери, Стивен Пейси сияқты ресейлік және шетелдік актерлер сомдаған. Картинаны жасап өмірге келтіру жолында 10 000-ға жуық адам атсалысқан туындының Қазақ елі үшін мәні мен маңызы жоғары тұрары даусыз. Кешегі туындының тұсаукесеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, фильмді басынан аяғына дейін отырып тамашалауы жоба авторлары мен түсірілім тобына үлкен жауапкершілік жүктеді десек, артық айтқандық болмас, сірә. Ел тарихына тікелей байланысты болғандықтан бұл туындының басқалардан бәсі жоғары. Бодандықтан босаған елдің бақыты мен қуанышы қапысыз көрініс тапқан бұл фильмді әрбір қазақстандық көруге тиіс деп ойлаймын. Бұл туындыдағы ерекше есте сақталар бір сәт – Елбасының қажылық жасауы дер едім. Ол кісінің Қағбаға кіріп, одан шыққан кезінде толассыз жаңбырдың жауғаны жәй нәрсе емес. Онда бір үлкен мән жатқаны сөзсіз. Көркем туындыда әсерлі тұстар көп кездеседі. Көріп отырған көрерменнің көңіліне қаншалықты дәрежеде әсер етіп отырғанын олардың дүркін-дүркін қол шапалақтауынан да байқауға болар еді. Туындыға деген ризашылықтан туған бұл жағдай фильмнің эмоцияны ойнатуы өте жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек. Туындының тұсаукесер кешіне биліктің биігінде отырған бірқатар азаматтар да атбасын бұрды. Елбасының өмір жолындағы басып өткен баспалдақтарын суреттейтін туындылар жетерлік. Қаншама кітаптар мен мақалалар оқырман қауымға жол тартты. Сан түрлі деректі фильмдер де дүниеге келді. Мұны да солардың жалғасы деп қабылдау керек. Бұл шығарманың шынайылығы – Елбасының Тәуелсіздіктің қарсаңымен алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау күндердегі соқтықпалысоқпақты жолын дәл беруінде деуге болады. Тәй-тәй басқан тәуелсіз Қазақстанның абыройын, мүддесін алшаң басқан алпауыт елдердің алдында қорғап сөйлегені басшының парасаттылығы десек болмай ма?! Елім деп еңбек еткен Елбасының жанында жүріп, қиындық құрсауына түскенде сынаққа төтеп бермей жалт бұрылған замандастары болғанын да осы фильм арқылы танып білдік. «Жыртығымызға жыртыңдап күлген» мемлекеттердің мысын екі ауыз сөзбен басқаны, мойындағысы келмегендердің мойнын бұрғызғаны, осының барлығы көркем шығармада Нұрсұлтан Назарбаев сынды ел бағына туған басшымыздың кемеңгерлігін көрсетіп, көңілімізге қуаныш сыйлап тұрды. Кеңес өкіметі кеңірдегімізден ұстап, кеудемізден басса да намысымызды жыға алмады. Аталмыш туынды арқылы алдағы жарық сәуле мен жақсылықтан ешқашан үмітті үзбеу керек деген қағиданы танығандаймыз. Тынымсыз тіршіліктің тағы бір таңы атты. Біреуге күдікпен, біреуге үмітпен келетін әрбір күннің әсері әсте бөлек. Әрқайсының өзіне тән жаңалығы да, даралығы да бар. Көкжиектен көтерілген әрбір күн адамзат баласына берілген мүмкіндік. Оны я жақсылыққа, я жамандыққа пайдалану пенденің өз еркінде. Атың озып, алға шығуды армандайсың ба, онда аянбай еңбек ет, талмай талаптан, тынбай қызмет қыл. Туындыны тамашалау барысында Елбасының еңбекқорлығына, табандылығына тәнті боласыз. Осындай Президентіміздің барына сүйсіндік. Бостандық деген ұғымның қаншалықты қадірлі екенін ұғындық. Күдік, күмән, толқу. Кеңес Одағы ыдырап, егемендігін жариялаған тәуесіздік алған Қазақ жұрты үшін алғашқы жылдары тар жол, тайғақ кешумен пара-пар болғаны белгілі. Зауыттардың барлығы дерлік қаңырап бос қалғанын, жастардың жұмыссыз, халықтың халі сол тұста барынша төмендегенін тарихтан таныдық. Ел тұтқасын қолға алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің еңсесін тіктеуге барын салды. Маңдай тер, машақатпен келген еркіндіктің еңсесі пәс тартпай, сол үшін де тұғырда тұруы тиіс. Үзіліссіз үш сағатқа созылған туындыны тамашалап, саясатқа саяхат жасап, Елбасы ғұмырбаянының, өрелі еңбегінің бұрын білмеген тұстарын танып, ел үшін еткен қызметтеріне қызығып, бір түрлі шаттанып, шалқып шықтық. Талайдан таптырмай жүрген қымбат, сағынышты сәтпен қауышқан сияқты сезілді өзіме. Мінәжатпен басталған фильмде тәуелсіздігімізге тәубе етуге үндейтін сарын бар. Барымызды бағалауға, қолдағының қадірін білуге, жарқын болашаққа сенуге үндейтін туынды өз көрерменін табатыны талассыз. Жолбасшысы көреген елдің көші де көрікті боларына «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі көзімізді тағы бір кәміл жеткізгендей сергек те, өргек сезімге бөлендік. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»*Көрермендер лебізі
Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Үш сағаттық фильмді терең тебіреніспен тамашаладық. Бұл дегеніңіз, туындының жоғары деңгейде жасалғанын байқатса керек. Көріп отырған көрерменнің бәрі фильмнің басты рөліндегі кейіпкерге алаңдап, елдің тағдырына елеңдеп отырды десем артық айтқандық болмас, сірә. Бұл ретте, Қазақстан мен Ресей кинематографистерінің еңбектерін атап өту керек. Менің ойымша фильм жақсы шыққан. Әсіресе, келешек ұрпақ үшін берері мол. Елбасының өмір жолымен танысу арқылы олар Отанға деген адалдықты үйренеді. Асылы Осман, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: Фильм ұнап қана қойған жоқ, ол – ғажап туынды дер едім. Оны тамашалау барысында біз Қазақстанның өткен тарихына үңілдік. Сол тұста біздің мемлекеттің алдында қайда барамыз деген маңызды сұрақ тұрды. Біз көргеніміздей, елдің ертеңі бұлыңғыр болмас үшін, елбасқарушы тұлғаның саяси сауаты терең, дұрыс таңдау жасай білуі маңызды міндет. Сонда ғана ол елді кез келген қиындықтан алып шыға алады. Аталмыш туынды кешегі тарихымыздан сыр шертіп қана қоймай, бүгінгі ұрпақтың да тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Мен жастарға осы фильмді көруге кеңес беремін. Ондағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне, шешім шығару шеберлігіне мән берсе екен деймін.* Киногерлер лебізі
Хью ФРЕЙЗЕР, белгілі америкалық актер, фильмде ағылшын тілшісі Джереми Вильсонның рөлін сомдаған: – Түсірілім жұмыстары өте жоғары деңгейде өтті. Мықты командамен жұмыс істедім. Берік Айтжанов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін өте жоғары деңгейде сомдап шықты. Кезінде бірқатар саясаткердің рөлдерін ойнағаннан кейін маған тілші рөлін алып шығу қиынға соққан жоқ. Сценарий ұнағандықтан, бірден келістім. Астана көшелерінің көрінісі өте тамаша. Халқы қонақжай. Қазақ фильмінде ойнау – мен үшін үлкен мәртебе. Сергей СНЕЖКИН, фильм режиссері: – Менің жасым 62-де. Және бұл фильмде болып жатқан оқиғалардың барлығы менің басымнан өткен. Бұл – менің де тағдырым. Сондықтан, мен көрген заманның соқпағы мен қиындығы осы фильмде көрсетіліп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев сияқты басшысы бар Қазақстан бақытты деп санаймын. «Эпизодтардың бірінде журналист Елбасына, сіз қалай Президент болдыңыз деп сұрақ қояды. Ол, аздаған үзілістен соң, «Жұлдыздар тоғысқанда» деп жауап береді. Шынында да, ол тәуелсіз Қазақстанның президенті болсын деген ешқандай философиялық тұжырым немесе математикалық формула жоқ. Қазақстан Компартиясының ХVI съезінде оның тағдыры қыл үстінде тұрды. Себебі, олардың билігі өзіндік ойы бар кез келген адамның басын алуға жететін еді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев олардан тайсалмай батыл баяндама жасай білді. Менің ойымша, «Жұлдыздар тоғысады» деген осы. Алдағы уақытта да бірнеше жаңа жобаны бірлесе жасауға дайынмын. Алтынай НӨГЕРБЕК, актриса: – Мен бұл фильмде Сара Алпысқызының рөлінде ойнадым. Әрине, бірінші ханым болу қошемет, құрмет, ел алдында жүру ол бір бөлек. Бірақ әр нәрсенің екінші жағы бар ғой. Оның астарында қандай қиындықтар жатыр? Күйеуі үшін үнемі алаңдайды. Жұбайы үнемі жолда, ел алдында. Сондықтан, біз сол жағынан баруға тырыстық. Әйелдің ері үшін алаңдаған бейнесін көрсетуге талпындық.