Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Барак Обаманың бастамасымен Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлемдегі бейбітшілікті сүйетін барлық елдердің қызу қолдауына ие болып тұр. Жер-Анаға адам қанын төгуден сақтандыратын және планетаның әр тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үндейтін бағдарламалық құжатқа нойыс саясат ұстанбаған әрбір елдің басшылары мен ірі қоғам және мемлекет қайраткерлері барынша ден қойып, назар аудартып отыр.
Осы орайда Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің оқытушысы Алданыш НҰРЫМОВПЕН манифеске қатысты пікірін сұрап, әңгімелескен едік.
– Алданыш Арыстанғалиұлы, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен танысып шықтыңыз ба? Бағдарламалық құжат деп халықаралық сарапшылар бағасын беріп жатқан манифестің қай тұстары көңіліңізді қозғады?
– Танысу былай тұрсын, құжаттың әр тарауын тиянақты түрде зерделеп, шама-шарқыма қарай әр сөздің тура және астарлы мағынасын терең ұғынуға талпындым. Себебі, әлемдегі болып жатқан әр жаңалықты ой елегінен өткеріп, өз пікірі мен бағасын жылдам беруге асығатын студент қауымның алдында тұрғанда кез келген сұрақ көлденең шығуы бек ықтимал. Әсіресе, әлем тыныштығына қатысты шаралар мен бағдарламалық құжаттар жастарды көбірек қызықтырады. Оның басты себебі, жүрегі таза, көңілі ақ кейінгі толқын жақсы білім алып, бейбіт күнде еңбек етіп, еңбегіне жараса әлемге саяхат жасап, адамзат игілігіндегі көптеген қызықтарды тамашалауға құштар. Сондай-ақ, бейбіт күнде жар құшып, қызық кешсем дейді. Оған қоса дені сау сәби сүйіп, әлди айтсақ деп те армандайды. Мұның бәрін мен ұстаз ғана емес, ата болғандықтан да айтып отырмын.
Саммиттің мінберінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп тұрғанда, көңілімнен көп ойдың керуені көшті. Қазақтың осынау перзентінің тұлғасы мен келбетінен кешегі өткен Абылай ханның көсемдігін, Қаз дауысты Қазыбек бидің шешендігін, мақал сөздің түп атасы Майқы бидің көріпкелдігін көргендей болдым. Залда отырған жетекші ой иелерінің терең зейінмен ұйып тыңдаған қалпын көріп көңілдің көк дөнені көкке өрлеп, марқайып қалғанымыз да рас. Күллі адамзаттың алға басқан әр қадамын қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге үндейтін құжаттың әр тармағы тажал қаруларынан құтқарар бір тұтқа сынды. Мәселен, «ХХІ ғасырда соғысты өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде дәйектілікпен аластай отырып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру керек», деп кесімді сөз айтады. Пайым-парасатын бейбіт дамудың пырағына отырғызамын деген әр елдің аңсар арманы дәл осы емес пе?!
– Тоңтеріс саясаттан бас тарту мен жаппай қырып-жоятын қаруларды барынша шектеу үдерістері неге баяу жүріп жатыр? Осы жөнінде де өз пікіріңізді айта отырсаңыз.
– Өкінішке қарай, ХХІ ғасырда да өз өктемдігін өзге елдерге жүргізгісі келетін, сондай-ақ, басқа елдің ішкі ісіне араласып, іріткі салғысы келіп тұратын, жымысқы саясат жүргізіп отырған мемлекеттер қазіргі күнде алыста да, жақында да бар. Олар бейбіт дамығысы келетін елдерді өз жетегінде жүргізгісі келгендіктен ядролық қаруларды сес көрсету ретінде пайдаланғысы келетін сияқты. Әйтпесе, жаппай қырып-жою қаруына ұмтылмай шатқаяқтай бастаған экономикасына көңіл бөлер еді. Мемлекет басшысы жариялаған манифестен осындай жымысқы саясатты тоқтатуға шақырған ақылды аңғару қиын емес.
ХХІ ғасырда милитаризмнің жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіретін әскери блоктар секілді рудиментін еңсеру керек. Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болатын болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күш тудырады. Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Оның үстіне, әскери блок зонттарын, өздерінің тікелей көршілерін қоса алғанда, үшінші елдермен өзара қарым-қатынасында басымдық алу үшін пайдалануға әрекеттенушілік те жоқ емес. Осылайша қарсы тұрушылық жағдайы жекелеген өңірлерде, сондай-ақ, бүкіл жаһандық кеңістікте шексіз жалғаса беруі ықтимал.
Бұған қоса, өткен соғыстар мен жанжалдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өзіңнің қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік үшін Жаһандық Коалициясын қарсы қою қажет. Таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль қарсы тұрушылықтарын тоқтату болуы тиіс. Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі мен Арктика акваториялары жағдайларындағы жарылыс қаупінің әлеуетін азайту міндеті тұр, делінген манифесте.
– Қазақ елінің ядролық қарудан бас тартуын әлі де дұрыс бағаламай отырған елдер бар сияқты. Жалпы, осы жаппай қырып-жою қаруынан толық арылу елімізге не берді және бұл әрекеттің адамзатқа келтірген пайдасы қандай?
– Негізінде, мемлекет қолдан жасаған немесе өзге бір ел жасап берген қаруына емес, өзінің болмысына, тарихына, даналығына, білім-білігіне сүйенгені абзал. Мемлекет басшысы сол тарихи шешімді қабылдап, оны халқымыз қолдап ядролық қарудан бас тартпасақ мемлекетке сырттан сенімсіздік, халық арасында үрей, іштей реніш орын алар еді. Ең басты байлық – халықтың бейбіт өмірі, мемлекеттің бейбіт жолмен дамуы. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерінің бірі де осы екенін ұмытпаған жөн.
Осы кезде әлем елдеріне ортақ адамзаттық проблемалардың бір ерекшелігі сол, қандай да мәселені бүкіл мемлекеттер бірікпесе шеше алмайды. Мемлекеттер арасындағы орын алып жатқан шиеленістер, түрлі санкциялар келісім арқылы бейбіт жолмен шешуді талап етеді. Әлемдегі мемлекеттер мен мемлекет басшылары алдында бейбіт өмірдің жолын түсіндіру маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, мемлекет – ұлттың, халықтың ортақ үйі. Қазіргі жаһандану заманында мемлекеттің есік-терезесін жауып қойып, оқшау өмір сүруге болмайды. Елдің қай бағыттағы саясаты болмасын оның даму стратегиясына негізделуі қажет. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев әлем мемлекеттері алдына қойып отырған соғысты болдырмау, ядролық қаруды жою, адамзаттық бейбітшілік пен келісімді нығайту ісімен тығыз байланысты.
Қазақстан Президенті «Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдардың күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар», деп шегеледі.
Елбасының бұл айтқан ұсыныстары – адамзаттың, болашақ ұрпақтың мүддесі тұрғысынан алып қарағанда, алпауыт мемлекеттердің алдына қойылып отырған өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі дүниежүзіндегі барша халықтардың бақытына бағытталған бастама деп батыл айтуға хақылымыз. Оның әлем жұртшылығы алдында айтқан ақиқатты ойларынан осы шындықты ұғынамыз. Мұны бейбітшілік сүйгіш әр азамат терең сезінуі тиіс. Ал мемлекет басшылары бұған қолдау көрсетуі ләзім. Болашағын ойлаған қай халықтың да осы манифестен түйер түйіні мен шығарар шешімі парасатты байлам болғаны абзал.
Әңгімелескен
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА