ФУТБОЛ. Қазақстан премьер-лигасының 7-турының ойындары ойналды.
Турдың басты ойыны Павлодарда өтті. Онда «Ертіс» «Астананы» қабылдап, 2:2 есебімен тең түсті. Алматының «Қайраты» «Ақтөбе» клубын 3:0 есебімен ұтып, биылғы чемпионаттағы екінші жеңісіне жетті. Басқа командалардың ойындары былайша аяқталды: «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Ордбасы» (Шымкент) 2:0, «Тобыл» (Қостанай) – «Жетісу» (Талдықорған) 2:2, «Тараз» (Тараз) – «Атырау» (Атырау) 0:0, «Ақжайық» (Орал) – «Шахтер» (Қарағанды) 0:1.
ДЗЮДО. 13-15 мамыр күндері Алматыда «Grand Prix» жарысы өтеді. Оған 97 мемлекеттен 579 спортшы қатысады. Бұл – елімізде ұйымдастырылған «Grand Prix» жарыстарына қатысушы мемлекеттер саны бойынша рекордтық көрсеткіш.
БОКС. Сербияның Белград қаласында өткен халықаралық турнирге Қазақстан құрамасының бес боксшысы қатысып, бесеуі де жеңімпаз атанды. 48 килода Біржан Жақыпов финалда шотландиялық Акил Ахмедті, 60 килода Сұлтан Зауырбек бразилиялық Робсон Консейсаоны жеңсе, 69 кило салмақта Данияр Елеусінов германиялық Аббас Барауды тізе бүктірді. 81 кило салмақ дәрежесінде Нұрбол Алтаев бразилиялық Мичел Боргесті, 91 килода Василий Левит италиялық Клементе Руссоны жеңді. Қазақстан командалық есепте бірінші орын алды.
ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА. Бейжің қаласында Қытайдың жеңіл атлетикадан ашық чемпионаты аяқталды. Оған 21 елден мүмкіндігі шектеулі 200 спортшы қатысты. Чемпионатта Қазақстан атынан Мақжан Нұрлыбаев, Сергей Харламов, Ислам Сәлімов, Аманат Қалқаев, Алексей Лукутин, Павел Сидорчук күш сынасты. Солардың арасынан Ислам Сәлімов 400 метрге жүгіруде чемпион атанды. Ал Аманат Қалқаев ұзындыққа секіруде күміс жүлде жеңіп алды.
«Егемен-ақпарат»