Қостанай қаласында бес тіл білетін Марфуға Селтекенова есімді әжей тұрады. Ол 1902 жылы Ресейде туып, кейін Қостанай облысының Меңдіқара ауданына көшіп келген.
Биыл 114 жасқа толған кейуана әлі күнге дейін кітап оқып, ән салады. Марфуға әжей бала кезінде медреседе діни сауатын ашып, ана тілімен қатар орыс, араб, башқұрт, татар тілдерін үйренген. Сол кезден бері бес тілдің біреуін де әлі ұмытқан емес. Әжейдің қызы Жібек Құрманованың айтуынша, анасы өмірдің барлық қиыншылықтарын көрген. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы қиын-қыстау кезде алғашқы қосағынан ерте айырылып, шиеттей төрт баласымен қалған екен. Содан екінші рет тұрмыс құрып, тағы алты бала сүйіп, екі баланы бауырына басқан.
Білетіндердің айтуынша, Марфуға әжейдің шаңырағы осы аймақтағы ең қадірлі, сыйлы отбасы. Ауылға келген қонақтар аттан түсіп, кейуананың үйіне арнайы келіп, амандасып кетеді екен. Қазір Марфуға Селтекенованың бес баласының көзі тірі. Оның немере, шөбере, шөпшегінің өзі алпысты алқымдаған. Олар Қазақстанның барлық өңіріне тараған. Әжейдің ұрпағы Дубайда, Ақтауда, Алматыда, Шымкентте, Челябіде, Астанада, Өскеменде тұрады. Бір күні қызы Жібек анасынан ұзақ өмір сүрудің сырын сұраса, «қалқам мен ешқашан ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Өмір бойы таза жүрдім. Табиғи, ұлттық тағаммен тамақтандым. Бәріне сабыр сақтадым, көп еңбектендім, айналама мейіріммен қарадым. Менің ұзақ жасауымның сыры осы», деген екен.
Дастан ЖҰМАБЕКҰЛЫ