Ғаламдық жылынудың белгі беруімен адамзаттың дегбірі қаша бастағаны түсінікті. Жер шарында орын алып жатқан табиғи құбылыстар ойлантпай қоймайды. Халық санының жылдан-жылға көбеюі, жер асты қазба байлықтарының және жер үсті ресурстарының астамшылықпен игерілуі, түрлі химиялық зиянды қоспалардың ауаға көптеп тарауы атмосфераға теріс әсерін беруде. Осыған орай жақында Париж қаласында 196 ел өкілдерінің қатысуымен БҰҰ-ның ғаламдық жылынудың алдын алуға қатысты үлкен конференциясы өткен еді. Онда БҰҰ-ның жаңа климаттық келісіміне қол қойылып, 2020 жылға дейін парниктік газдар көлемін азайту арқылы климат өзгеруінің алдын алу міндеттемелеріне қол жеткізілді. Алайда, бұл шаралар мәселені түбегейлі шешу дегенді білдірмесе керек.
Келісім көкжиегі
Есте болса, 1997 жылғы Киото хаттамасы қабылданған саммитке АҚШ қатыспаған-ды. Париж қаласына Барак Обаманың арнайы баруы көп жайтты аңғартты. Осы елдің үкіметі әзірлеген баяндаманы даярлауға 300-ге тарта сарапшы қатыстырылып, адамзат іс-әрекетінің климатқа әсер ету барысы жан-жақты сараланыпты. Ақ үйдің климатқа ерекше назар аудара бастауын соңғы кездерде Солтүстік Америкада табиғи апаттардың жиілеп кетуі салдарымен түсіндіруге болар. Оның үстіне индустриясы қарқынды дамыған АҚШ қоршаған ортаға ең көп көмірқышқыл газын шығаратын елдер санатында. Сондықтан да Вашингтон Францияда келісімге қол жеткізуге мүдделілік танытқан елдердің қатарынан табылуы заңды да. Бұл ретте АҚШ президентінің мына бір сөзі келтірген дәйегімізге мысал бола алады. Барак Обама аталған халықаралық іс-шара өткізілер алдында «Мен Американың соңғы жеті жылда теңдессіз жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын көре отырып, біз ортақ келісімге келеміз деген оптимистік көңіл күйдемін», деді. Оның бұл оптимистік көңіл күйі БҰҰ-ның жаңа климаттық келісіміне қол қойылуы тиістігімен үндесіп жатқанына еш күмән жоқ.
Климаттың экожүйеге әсері
Франция жерінде қабылданған сол келісімді барлық тарап енді өз елдерінде ратификациялауы тиіс. Соған сәйкес ұлттық мақсаттар 2022 жылдың соңына қарай әзірленіп, 2023 жылдан бастап орын алып отырған жағдайдың барысы сараланып, әрбір бес жылда ол пысықталады. Бұндағы басты мақсат индустрияландыру кезеңімен салыстырғанда жылыну деңгейін 2 пайыздан асырмау. Дей тұрғанмен, кей елдер оны 1,5 пайыз деңгейінде сақтап қалғысы бар. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар жұмыс тобының келтірген дәйектеріне қарағанда, 2100 жылы климаттың күрт өзгеруіне алып келуі мүмкін қоршаған ортаға парниктік газдар шығаруды нөлге дейін кемітуге тура келеді екен.
Климаттың өзгеруіне қатысты Копенгагенде осыдан 2 жыл бұрын жасалған 800-ге тарта ғалымның 13 ай бойғы ізденісінен туындаған ұсыныстар да жаһандық ауа температурасы көтерілуін 2 пайыздан асырмауды қарастырады. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 0,85 градусқа жетіп отыр. Аталған құжатта егер бұл проблема шешімін таппаса, онда климаттың экожүйеге және адамдарға әсері апатты болатыны айтылады. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар жұмыс тобының төрағасы Томас Стокер ол туралы былай депті: «Біздің бағалауымыздың нәтижесіне сәйкес атмосфера мен мұхиттар жылына бастады, қар мен мұз көлемі кеміді, теңіздердің деңгейі өсіп отыр, ал көмірқышқылының атмосферадағы жиынтығы соңғы 800 мың жылда болмаған деңгейге жетті».
Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің күнделікті күйбең тірліктен басқа жаһандық жылыну айтарлықтай маңызды саналатындығы жөніндегі сөзін де келтіре кеткен орынды. «Әлемдік экономиканың бәсеңдеуі сәйкесінше көмірқышқыл газы көлемінің төмендеуіне алып келгенімен, бұл жай ғана қысқа тыным. Біз кестеден шығып кетіп отырмыз: климаттың өзгеруін, жаһандық температураның артуын екі градуста сақтау үшін әрі қарай ауаға тастандыларды күрт кемітуге тура келеді. Кейбіреулер экономиканың бәсеңдеуінен жаһандық жылыну мәселесін екінші жоспарға қалдырайық дейді. Керісінше, жаһандық экономиканы жаңғырту климаттың өзгеру жағдайын қалпына келтіреді және экономика өсіміне алып келеді», депті Колумб университетінің профессоры.
Нобель сыйлығы иегерінің сөзінен экономиканың бәсеңдеуі уақытша құбылыс болғандықтан алда оның қарқынды дамуына, сонымен де ауаны ластау барынша жалғасатынына көз жеткіземіз. Өкінішті әрине, бірақ адамзат үшін одан басқа жол да жоқ екенін ғалымның ойынан жақсы ұғынуға болады. Егер Жердің орташа климаттық жүйесінің температурасына келер болсақ, онда 1970 жылдан бері жылыну қуатының 90 пайызы мұхиттарда қалыптасады екен. ХХ ғасырдағы ауаның орташа температурасы 1980 жылдан бастап 0,74 (С) градусқа жоғарылаған көрінеді. Жаһандық температураның өсуімен теңіз деңгейлері көтеріліп, соның нәтижесінде жауын-шашын молайып, тиісінше Жердің кейбір өңірлерінде құрғақшылық арта түспек. Атап айтқанда, жылыну ауа райының күрт өзгеруіне: күннің шамадан тыс ысып кетуіне, теңіздің толқуына, құрғақшылыққа немесе жауын-шашынның тоқтаусыз жаууына алып келуі мүмкін. Соның салдарынан мұхит суы қышқылданып, биологиялық тіршілік атаулы біртіндеп құри бастауы да ғажап емес. Бұл өз кезегінде адамдардың егін сала алмауына немесе балық аулай алмауына алып келетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан да адамзат қазірден бастап қарекетке көшіп отыр.
Алдын алу амалдары
БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы бойынша 2011 жылғы баяндамада және Халықаралық энергетикалық агенттік жария еткен мәлімдемеде жылынуды 2 (С) градус деңгейінде сақтап қалу қазіргі жағдайға сәйкес емес. Мәселен, 2000-2010 жылдар аралығында парниктік газдар эмиссиясы жылына 2,2 пайызға арта түскен. Ал 1970-2000 жылдар кезеңінде бұл көрсеткіш жылына 1,3 пайыз болғаны белгілі. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның баяндамасы бойынша антропогендік парниктік газдардың атмосферадағы көлемінің артуы жылыну арқылы климаттың өзгеруіне міндетті түрде алып келеді. Әйтсе де адамзат жылынуды Күннің белсенділігінен; әлемдік мұхиттың өзгеруінен; жанартаулар белсенділігінің артуынан; Күн жүйесіндегі планеталар ықпалынан; климаттың өз-өзінен өзгеруінен; ең бастысы, адамзат әрекетінен орын алуда деген тұжырымдардың барлығын зерттеу үстінде. Әзірге тек соңғысына көп екпін түсіріліп келеді.
Ғылыми ұйымдар жаһандық жылыну үдерісінің басталғанын алға тарта келіп, оның адамдар тарапынан жерасты қазба отындарын (көмір, мұнай, табиғи газ) жағу және ормандарды отау арқылы өздері қолмен жасайтындықтарына назар аудартуда. Америкалық ұлттық академия өзге де ғылыми зерттеу ұйымдарымен бірігіп, 2005 жылы бірлескен мәлімдеме де жасап үлгерді. «Климаттың өзгеруі туралы ғылыми түсінік нығайды және елдер тарапынан жедел шаралар қабылдау қажет. Барлық елдердің парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай және ұзақмерзімді кезеңге кемітуге ықпал ететін іс-әрекеттерді қаржыландыруын тиімді етуді айқындаудың өмірлік маңызы бар». Ал бұл жедел шаралар қабылдау өндіріс орындарын жаппай жауып, адамдарды жұмыссыз қалдыру дегенді білдірмесе керек.
Кейбір зерттеулер көрсеткендей, кәсіпорындар қоршаған ортаға қалдықтарды аз тастаған сайын олардың шығындары да кеми түскені байқалған. Массачусетс технология институтының тәуелсіз зерттеулеріне қарағанда, қалдық шығаруға арналған квота немесе саудалау жыл сайын тұрғын үй иелеріне 20 доллар шығын әкелетін көрінеді. Сондықтан да эмиссияға арналған квотамен сауда өзге реттеуші қадамдарға қарағанда шығынды әлдеқайда азайтатыны байқалған. Мысалы, 1990 жылдан бастап енгізілген америкалық «қышқылды жауын-шашын бағдарламасы» күкірт қышқылы шығарындыларын 30 пайызға дейін кемітуге мүмкіндік беріпті. Атмосферадағы көміртегі диоксиді газы көлемінің артуын тежеу арқылы су буының кемуіне ықпал етуге боларын ғалымдар әлдақашан дәлелдеп те қойған. Алайда, оны нақты қалай жүзеге асыруға болары әлі де зерттелу үстінде. Парижде қабылданған келісім бұған мұрындық болары айтпаса да түсінікті. Дей тұрғанмен, қазірдің өзінде ғалымдар су тасқынынан болуы мүмкін деген жайттарды зерттеп, оның экономикаға қаншалықты ықпалы боларын да салмақтап бағуда. Өйткені теңіз деңгейінің көтерілуімен жағадағы қалаларға су тасқыны қауіпі жылдан жылға артып келеді және ол сумен жабдықтау жүйелерінің ластануына, сөйтіп миллиондаған қала тұрғындарының жапа шегуіне алып келуде.
Нақты шаралар нәтижесі зор
Бұндай жойқын табиғат апаттары азық-түлік қауіпсіздігіне де теріс әсерін тигізетіні түсінікті. Қазірдің өзінде ғалымдар ауылшаруашылық өнімдерін генетикалық өзгерістер жолымен молынан өсіруге көп күш салып келеді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына 26 ел өз аумақтарына құрамында ГМӨ бар азық-түліктерді кіргізбей тастағандықтарын мәлімдепті. Негізінен мұндай өнімдер АҚШ, Канада және Қытайдан жеткізілген көрінеді. Құрамындағы гендік ауытқулары анықталған өнімдер толық жойылып отырған немесе елдеріне кері қайтарылыпты. Бүгінгі таңда осындай гендік модификациямен 30-ға тарта елдің айналысып келе жатқаны да жасырын емес. ФАО кіретін 75 елдің сарапшыларын сұрастыра келгенде 35 елдің өкілі өздерінде ГМӨ анықтайтын құрал-жабдықтар, зертханалар мен персоналдардың жоқтығын алға тартыпты. Ал әлемнің 17 елінің тіпті де келіп жатқан азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін бақылайтын мүмкіндіктері жоқ көрінеді. Экожүйенің өзгерістерге ұшырауына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайтын түрі бар.
Сарапшылар 2025 жылдан гендік өзгертілген өнімдер күндіз-түні жарық берілетін ғимараттардың ішінде өсірілетіндігін алға тартады. Электр қуатын аз тұтынатын диодтармен жарықтандырылатын бұл ғимараттарда өсірілетін өнімдер барынша төзімді әрі өнімді көп береді деген болжам бар. Сонымен қатар, экономиканың өзге де салаларында парниктік газдар көлемін қысқартуға қарекет жасалуда. Нью-Йоркте өткен климат жөніндегі алғашқы саммитте құрамында Еуропа, Қытай, Ресей, Үндістан және АҚШ-ты қоса алғанда 240 тарта мүшесі бар Халықаралық теміржолшылар одағы парниктік газдарды қоршаған ортаға шығаруды 2050 жылы 75 пайызға дейін кемітетіндігі туралы міндеттеме алғаны белгілі.
Жаңа технологияларға иек арту
Ал бизнесмендер мен саясаткерлер автоәуесқой қауымды болашақ көліктерге отырғызуды 30 пайызға жеткіземіз деген уәделерін берсе, 2030 жылға қарай электр қуатымен жүретін көліктерді осыншама пайызға көбейтеміз деген меже де белгіледі. Қазіргі таңда жаңа технологияларды өндіріске ендіру біртіндеп болса да жүзеге асып келеді. Сол 196 ел өкілдерінің қатысуымен БҰҰ-ның ғаламдық жылынудың алдын алуға қатысты үлкен конференциясы өткен Париж қаласында такси көліктері электр қуатымен жүретіндігін айта кеткен жөн. Ал күн қуатымен ұшатын Solar Impulse 2 ұшағының жер шарын айнала ұшуды жүзеге асыруы бұл бағыттағы ізденістердің нәтиже бере бастағандығын көрсетеді. Қанаттарының жалпы ұзындығы 72 метрге жететін ұшақтың салмағы 2,3 тонна. Негізінен қанаттарына 17,2 мың күн батареялары орнатылса, олар электр қозғалтқыштарға қуат беріп отырады. Ұшақтың ұшу жылдамдығы сағатына 140 километр. Сонымен Solar Impulse 2 ұшағы Атлант және Тынық мұхиттарының үстімен ұшып өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Әсіресе, соңғысының үстінен ұшу өте қауіпті екендігін ескерсек, бұл әуе жолын еңсерген ұшақтың болашағы жарқын деп айта аламыз. Ғалымдар бүгінгі таңда баламалы қуат көздерін алу технологияларын барынша дамытуды қолға ала бастады. Күн мен желдің, тіпті, теңіздің тербелісінен қуат алып келе жатқан адамзат жауған жаңбырдан да қуат көзін алуға дағдыланып келеді. Жақында қытайлық ғалымдар күн көзінен қуат алу қондырғыларына жаңбыр суынан да электр қуатын өндіре алатын қоспа ойлап тапқаны белгілі болды. Осылайша ғалымдар айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Орайы келгенде айту керек, егер сол Нью-Йорктегі қабылданған қарар орындалар болса, онда 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының көлемі 4,5-8,8 миллиард тоннаға кемиді екен. Бұл миллиард автокөліктің шығаратын көміртегімен пара-пар деген сөз.
Қорыта айтқанда, адамның жерасты қазба байлықтарын тұтынуы барынша жалғаса беретінін уақыт көрсетіп отыр. Ал ол өз кезегінде СО
2 және өзге де парниктік газдар көлемінің артуына алып келмек. 1895 жылдың өзінде ғалымдар бұлардың жерді жылытатынын білген деседі. Қазіргі таңда СО
2 көлемінің бұрынғыға қарағанда екі есеге жуық артып отырғандығы белгілі. Сондықтан да Жер шарындағы елдердің БҰҰ аясында ортақ шешімге келіп, алдағы орын алуы мүмкін апаттардың алдын алуға жасаған қарекеттері маңызды. Қоян-қолтық әрекет еткенде ғана іс нәтижелі болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»