28 Сәуір, 2016

Манифестің мәні айшықтала түсті

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Гүлмира ИсімбаеваҚазақстан Президентінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесін әлем парламентшілерінің халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі ауқымды конференциясына қатысушылар қолдайды. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева мен палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Құралай Қаракен халықтың қоныстануы және дамуына бағытталған ауқымды конференция жұмысына қатысты. Исэ-Симада (Жапония) өтетін үлкен жетілік – 2016 Саммитінің құрметіне арналған маңызды форум 26-27 сәуір күндері Токиода өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Пленарлық отырыста «Тұрақты даму мақсаттары дәуіріндегі ауқымды ынтымақтастықта парламент өкілдері мен парламенттік желілердің рөлі» тақырыбында сөз алған қазақстандық делегация басшысы Г.Исімбаева шара­ға қатысушыларды Қазақ­стан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының басымдықтарымен, сонымен қатар, біздің еліміздің ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосып жатқан үлесімен таныс­тырды. Манифестің мәтіні конфе­рен­цияға қатысушыларға ағыл­шын және жапон тілдерінде тара­тып берілді. Халықтың қоныс­тануы мен дамуы жөніндегі пар­ламентшілердің Азия форумы басшылығына, Жапония Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Т. Ошимаға табыс етілді. Манифест қағидалары форумға қатысушылардың қызу қолдауына ие болды. Мәселен, Жаңа Зелан­диядан келген Парламент депутаты Трейси Мартин манифесте айтылғандардың қат­ты таңғалдырғанын және Қазақ­с­тан Президентінің бейбіт өмірге үндеуін бұдан да үлкен халық­аралық аудиторияға жеткізуге да­йын екендіктерін білдірді. Жұмыс сапары барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Жапония Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Т.Ошимамен, ХҚДПАФ төрағасы К.Такемимен, Қазақстанмен дос­тықты нығайту жөніндегі жапон­дық парламенттік лиганың же­тек­шісі Т. Кавамурмен жүз­де­сіп, пар­ламентаралық ынты­мақтастықты тереңдету мәселе­лерін талқылады. ХҚДПАФ атқарушы коми­тетінің 80-ші жиыны қарсаңында Гүлмира Исімбаева аталған парла­менттік форумның Вице-төрайымы қызметіне бекітілген болатын. Айта кетерлігі, 2016 жылы Исэ-Симада (Жапония) өтетін Үлкен жетіліктің 42-ші саммитін аталған ұйымның Тұрақты даму мақсаттары қабылданғаннан кейінгі алғашқы Саммиті деуге болады. Бұл – қатысушы-елдер көшбасшыларының халықтың қоныстануы мәселелерін шешу үшін қабылданатын шаралардың маңыздылығын даму жөніндегі барлық халықаралық келісімдерді жүзеге асырудың бір бөлігі ретінде көрсетудің ерекше мүмкіндігі. Саммит қарсаңында әлемнің түкпір-түкпірінен Парламент өкіл­дері Токиоға саммит көш­бас­шыларының атына халықтың қоныстануы мәселелерінің өзек­тілігі туралы хабардарлықты арттыру жөнінде ұжымдық үндеу дайындау үшін жиналды. Аталған конференцияны ха­лықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі Жапония пар­ла­ментшілері федерациясы ХҚДПАФ-пен бірлесіп ұйым­дастырды.  Жоғары деңгейдегі шара­ға 68 елден 100-ден астам деле­гат қатысты.