22 Қаңтар, 2011

Қымбатшылық неден туындап отыр?

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары оң­түс­тік өңірлерде де қым­бат­тай түсті. «Зейнетақымыз көбейді, айлығымыз өсті» деп қуанып жүрген қарапайым тұрғындардың отбасылық қар­жысына бұл күтпеген соққы болды. «Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау агенттігінің (монополияға қарсы агенттік) Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Клара Забынбековаға газеттің Жамбыл облысындағы  тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: – Сіз бұған  не дейсіз? – Біз тиісті өңірлер бой­ын­ша баға саясатына байланысты азық-түлік, оның ішінде әлеу­меттік маңызы бар тауарларға мо­ниторинг жүргізіп отыра­мыз. Бүгінде өңірде жеміс-көкөніс өнімдерін көтере сатумен айналысатын ірі кәсіп­орын­дар жоқ. Тасымалдау­шы­лардың негізгі бөлігі өнімдерді аз-аздап жеткізумен немесе маусым кезінде ғана әкеліп сатумен айналысады. Баға, негізінен, базарлар мен шағын сауда нүктелерін­дегі азық-түлік тауарлары бой­ынша өсуде. 13 қаңтардағы баға мониторингі кейбір азық-түлік жыл басына қарағанда қымбаттай түскенін көрсетті. Мысалы, жармалар – 10-12 %, макарондар – 18,6%, ет және еттен жасалған тағамдар – 10 %, жеміс-көкөніс өнімдері, яғни картоп, пияз және қырыққабат  74%-ға қымбаттаған. Азық-түлік тауарлары баға­сының өсуіне әр түрлі жағ­дай­лар себеп болып отыр. Мы­са­лы, ұнның қымбаттауы азық-түліктік астықтың босату баға­сының өсуінен болса, жар­ма­лардың қымбаттауы  астық өні­мінің тө­мен болуынан туын­дап отыр және Ресейдегі бағаның көте­рі­луінен деуге болады. Бұл фактор  ресейлік ілкімділердің жарма өнімдерін жаппай сатып алып, елден әкетуіне соқтыруда. Күнбағыс майы жаңа шикізат түскенше уақытша қым­бат­тап отыр деп айтуға болады, ал сары май, сүт, айран, ірім­шік­тің қымбаттауына  осы өнім­дерді жеткізушілердің бағаны көтеруі себеп болуда. Олар өз­дерінің бұл қадамдарын сиыр­лар­дың суалуы, жайылым­дық­тың құнарсыздығы сияқты себептермен түсіндіргісі келеді. Қанттың қымбаттауы  осы өнімді өндіруші «Азия Сахар», «Қант» және «Алматы сахар» акционерлік қоғамдарының б­о­сату бағасына тәуелді болып отыр.  Бағаның қымбаттауында «делдалдардың» да үлесі бар. Жамбыл облысы.