28 Сәуір, 2016

«Абадан» деген клуб бар

621 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Туған ауылынан жан жылуын аямаған азаматтан қалайша айналып кетпейсің?! Тарихқа атауы алтын әріптермен жазылған «Қоянды жәрмеңкесі» орын тепкен ауылдың оғланы Нұрлан Қалтаев – дәл сондай азаматтың өзі. Міне, бірнеше жылдың жүзі бол­ды, бұл жігіт өзінің кіндік қамы тамған Қоянды ауылына қолынан келген көмектің бәрін жасап келеді. Қарқаралы ауданында орналасқан аядай ауылына Алланың үйі – мешіт салып, жамағаттың алғысын алды. Мини-футбол алаңқайын сыйға тартып, туған топыраққа саламатты өмір салтының дәнін септі. Былтыр, Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орайластырып, Қояндыға 130 түп алма ағашын отырғызып, бау-бақшаның қақ ортасынан субұрқақ орнатты. Ендігі ойы отбасылық балалар үйін салып, жетімдерді сол жерге жиып жарылқамақ. – Жыл сайын «Ауыл күнін» өткізуді дәстүрге айналдырдық. Қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан Қоянды бұдан да зор құрметке лайық деп ойлаймын, – дейді Нұрланның өзі. Осы шаруаның бәрін Қара­ғандыда отырып-ақ тындырып жүр. «Мал – баққанға бітеді» де­мекші, еңбек етіп, әрекет жасаған адамнан құт-береке қашқан ба?! Нұрланның да құрылыс саласында диірменнің тасындай дөң­гелетіп отырған азын-аулақ кәсібі бар. Асып-тасып кетпесе де, өзі­не қа­раған елге қарайласар қау­қары­ның бары рас. Бүгінгі күнде кәсіпкердің облыс орталығында «Баракят» деген халал мейрамханасы жұмыс істеп тұр. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын оның айналасы имамға ұйыған, иманға бас иген азаматтар... Жақында ол «Abadan» деп аталған кәсіпқой жекпе-жек клубын құрып, соған орай дос-жаран мен спорт жанашырларын жиып, ұйымның тұсаукесерін өткізді. Емін-еркін әңгіме негізінде өткен бұл шарада Нұрлан Айтмұ­хам­бетұлы клубтың мақсат-мүддесін мәлім етті. «Қазақ қасқыр әуегінің көсемін «Абадан» дейді екен. Көк­жал секілді топтың алдында болайық деп осы атауды таңда­дық», – деп клубтың неге бұлай аталғанын да түсіндіре кетуді ұмытпады. Енді бір аз ғана уақыттан кейін Нұрлан Қалтаев қарағандылық жекпе-жек шеберлеріне тамаша тарту жасамақшы. Ол – «Abadan» жекпе-жек клубының жаттығу залы. Жоба бойынша, бұл жаңа ғи­мараттың іші жекпе-жек спор­тының заманауи талаптарға сай керек-жарақтарымен толықтай жабдықталады. Залдың төрін сегіз бұрышты UFC жекпе-жегі өтетін алаңқай алмақ. Қазіргі таңда негізгі қара жұмыстар бітіп, ішкі әрлеу сынды жеңіл-желпі шаруалар қалған. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ