Үрімшіге жол түсті. Жат жер жатырқаттырмады. Тарихы таразылатты. Тарпаң уақытқа тапталып қалмаған ұлттық сана-сезімнің алмастай жарқылын байқап, рухына желпіндік. Білім-ілімге ынтызарлығы ықылас туғызды. Жүргіншілері көшеде желдірткеннің өзінде, көкейлеріне бірдеңе түйіп бара жатқандай әсер қалдырады. Әрине, білмекке, зердеге тоқымаққа құлшынысын айтамыз да. Күбір-күбірінен, сыбырынан, оқып-түюге әуестігінен аңдап қалғандықтан, осындай біртоға ой түйдік.
Жаңылмаппыз. Бастапқы ойымыз жаңсақ шықпапты. Бұқаралық ақпарат құралдарынан қаныққанымыздай, үрімшіліктер (қазағы, қытайы, ұйғыры, дұнғаны, т.б. бар) ел бойынша кітапты ең көп оқитындардың санатына ілігіпті. Жараған!
Алғашында таңырқатқан бұл дерек, көше қиылысындағы көркем кітап дүкеніне кіргенімізде, санамызға шынайылығымен берік орныға түсті. Көп оқитынына куәлік еттік. Жағалай, жаппай, жамырап оқып жатқандар... Бірі кітапқа түрегеп үңілсе, екіншісі терезе қапталына шарт жүгініп, жармасып оқып жатыр. Еденге газет төсеп тастап, жайласып отырып Құран кітапты судыратып жатқа соғып жатқандар қаншама? Тізерлей түсіп, кітапқа телміріп қалғандар өз алдына... Гу, гу, парақ сыбдыры...
Бәтір-ау, кітап дүкені деп іздеп келгеніміз осы, кітапхана болмады ма екен деп абдырадық. Бір қазақтан сұрасақ, күледі, кітап дүкені дейді. Артынан жетемізге жетті ғой...
Дүкенде еркіндік бар екен. Кімде-кім кітапты сатып алудан бұрын, оқып таныса алады. Бір бетін немесе он парағын оқиды. Тартпаса, сөреге қоя салады. Тартса, сатып алады. Ақшаға зәрулер кейде кітапты дүкенге күнде келіп жүріп, тәмамдап тастайды. Сөйтіп, жаны қалаған кітабын бүгін-ертең болмағанымен, қаржы тапқанда сатып ала қояды. Осылайша кітап иеленуге, оқуға кең мүмкіндік беріп қойыпты.
Бізде ше? Бір бұрышта кітап қарап айналып қалсаң, құдды, ұрлыққа бекінген суық қол иесіндей көрініп, ызғарға ілігесің ғой. Беттерін көп парақтаса, бүлдіріп тастайды-мыс! Енді кітапшыл, оқығыш атануың екіталай-ау! Тіпті кітап дүкеніне кіруге зауқың соға бермес.
Үрімшідегі кітап дүкендерінің кәдімгі кітапханалардағыдай оқуға деген ықыласты оятатындығына осылайша сүйсінгенбіз. Ондай еркіндіктің басты мәнісі – кітапқа құмарлықты маздатып, молынан сатып алуға жасалған ықпал екенін түсіндік. Ықылас ауса, ықтиярың біледі ғой. Мұндай кітап дүкендеріне бас сұғудың өзі, ғанибет! Оқуға пейіл артады.
Көршінің кітапқұмарлығы қызықтырды...
Қайсар ӘЛІМ.