29 Сәуір, 2016

Тыныштық пен тұрақтылықтың жаршысы

413 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
19-04-2016-Сакошев суретЕлбасының АҚШ астанасы – Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне қатысты еліміздегі әр саланың мамандары пікір білдіріп, өз ойларымен бөлісуде. Таяуда біз осы тақы­рыпқа қатысты «Жас Отан» жастар қанаты хатшылығының басшысы Аян САКОШЕВҚА хабарласып, әңгімелескен едік. – Аян Қажымерұлы, «Әлем. ХХІ ғасыр» ма­нифесінің әлемдік бей­бітшілікке әсері қандай болады деп ойлайсыз? – Алдымен, Елбасының бұл манифесі нағыз дер шағында жариялағанын атап өткен жөн. Себебі, қазіргі таңдағы әлемдік гео­саяси ахуалдың жай-күйі бар­шамызға белгілі. Сондықтан, терроризм қаупі күшейіп, алпауыт мемлекеттер арасындағы кикілжің саябырсымай тұрған сәтте бүкіл әлемді бейбітшілікке, ең бастысы қарусыздануға шақырудың ма­ңызы қандай екені айтпаса да түсінікті. Қарапайым мысалмен айтар болсақ, бүгінде экранға шығып жатқан кейбір көркем фильмдерде техногендік апат салдарынан Жердің құрдымға кететіні, ядролық қару­дың залалы, жойқын жа­рылыстардың адамзат өміріне әсері көрсетіліп жүр. Бірақ соның бәрі жай адам қиялымен жасалған туынды ғана. Ал шын мә­нінде ядролық қарудың зардабы одан да зор болатынын білеміз. Тіпті, оның тұтас өркениетті жойып жібе­ретіндей қауқары бар екенін ғалымдар айтып жүр. Әзірге оған құлақ ас­қандардың қатары аз. Енді ондай бейқамдыққа жол берілмеуі керек. Себебі, атомды тек бейбіт мақсатта қолданатын кез келді. Ал, қарусызданудың қам-қаре­кетін қазір жасамасақ кейін бәрі кеш болуы мүмкін. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, өз­ара қырғи-қа­бақ ушық­қан сәтте күн өткен сайын күш алған терроризм мәселесі де көңілге көп күдік ұялатып отыр. Еуропаның жү­ре­гінде орна­ласқан Париж, Брюс­сель сынды қалаларда бол­ған лаңкестік оқиғалар жанкешті содыр­лардың көздеген мақсаттарына жету үшін ештеңеден тартынбайтындарын тағы бір дәлелдеді. Егер атом бомба­лары солардың қолына түссе, адамзаттың бүгінгі бағыт-бағдары мүлдем басқа арнаға бұрылуы да ғажап емес. Осындай қауіп-қа­тер­лерді ескерген Ел­басы әлемді ес жиып, етек жинауға шақырып отыр. Үндеудің әлемдік қоғамдастық тара­пынан бірден лайықты қолдау табуы да өркениеттің ізгілікке шөлір­кегенін, текетірестен шар­шағанын, бейбітшілікке мұқтаж екенін білдіреді. Ендеше, «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесі сол олқылық­тардың орнын толтырып, бейбіт өмірдің іргесін бекіте тү­седі деп сенемін. – Қарусыздану мәсе­лесінде Қазақстан­ның ядролық қарудан бас тартуы көпке үлгі болатыны сөзсіз. Сіздіңше, осы бір маңызды қадам арқылы біз әлемге не бере алдық? – Қазақстан қарусыздану жұ­мысын тәуелсіздік алған күн­нің ертесіне бас­тап кеткен мемлекет десек, артық айтқандық болмайды. Біздің сол кездегі ядролық әлеуетімізден әлемнің алпауыт елдерінің өзі қаймығатын. Соған қарамастан, ол қарудан өз еркімізбен бас тартып қана қоймай, Семей сы­нақ алаңын жа­бу туралы шешім қабылдадық. Бұл айтуға оңай болғанымен, өте күрделі шешім. Сол кез­дегі жағ­дайды ескерсек, тіпті, мүмкін еместей көрінеді. Бірақ Елбасының көрегенділігінің арқасында біз осындай батыл қадамға бардық. Осы тәжірибенің басында Қазақ­станның тұр­ғаны мен үшін зор мақ­та­ныш. Енді ядролық қарудан бас тарту арқылы әлемге не бердік дегенге келейік. Біріншіден, ядролық дер­­жа­­валардың атом қаруын сынауға мораторий жариялауына түрткі болдық. Екіншіден, әлем­дік қоғамдастықтың біз­дің елге деген сенімін қа­лыптастырдық. Яғни, сөзімізге ісіміз сай екенін дәлелдедік. Соның арқа­сында қазіргі таңда әлем Қазақстанды бірінші кезекте бейбітсүйгіш ел ретінде таниды. Үшіншіден, полигонды жабу арқылы сол маңдағы тіршіліктің бойына қан жүгіртіп, өмір өр­нектерінің жаңаша түр­­ленуіне түрткі бола біл­дік. – Елбасы әлемдік қо­ғам­дас­тыққа келесі Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі саммиті Қа­зақ­станда өт­кізуді ұсы­нды. Осы жа­йында өз көз­­қарасыңызды білдіре кетсеңіз? – Бұл тек қолдауға тұрарлық бастама. Себебі, бейбіт өмірдің бесігіндей болған біздің елдің аталған сала бойынша бөлісер тәжірибесі мол. Сондықтан, Мем­лекет басшысының ұсынысы өзім өкілі болып саналатын қазақ­стан­дық белсенді жастар тарапынан қолдау тапты деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір айта кететін жайт, Мемлекет басшы­сы ХХІ ғасырда өмір сү­ретін және жұ­мыс іс­тейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаң­дағанынан осы манифесті жариялағанын айтып, бүгінгі жас буынның келе­шектегі жарқын өмірі үшін жүзеге асуы тиіс бес бағытты атап көрсетті. Осы ретте жастардың мани­фестің маңыздылығын түсі­ніп, ондағы басым бағыт­тардың орындалуына мүдделі екендерін айтқым келеді.  Әңгімелескен Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»