29 Сәуір, 2016

Жұрт игілігіне жұмыс істесін

519 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2445_okoЖер халықтың қазынасы, ең үлкен байлығы, асыраушысы. Қазақта «берекені көктен тілегенше, еткен еңбектен тіле» деген қанатты сөз бар. Жердің қадірін, әсіресе, оңтүстікқазақстандықтар жақсы біледі. Ата-бабаларымыз сақалына шіркей ұялап аттың үстінен түспей қорғаған, жауға бір пұшпағын бермеген жер халықтың меншігі екендігін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым айтып келеді. Алайда, Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді түрлі қиырға салып, ел ішін арандатуға ұластыратын әрекеттер жасап жатқан азаматтардың барлығы да алаңдатады. Біздің білетініміз, өзгерістер шаруа мүддесіне орай жасалған. Жерді 49 жылға жалға алған шаруа өзі пайдаланып отырған жерді гектарына суармалы немесе жайылымдылық жағдайына қарай 50 пайызымен он жылға бөліп төлеп, өз меншігіне қарата алады. Сонда диқан өзінің отбасын асырап келген жерді жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін алып қояды деп қауіптенбейді. Атадан балаға мирас болып қалып, үлкен әулеттің басыбайлы жеріне, асыраушысына айналады. Ал, жерді алып, игермеу­ге де тиісті шара бар. Егер жалға алған жерін бес жыл ішінде екі рет пайдалана алмаса ескерту беріледі. Жер инспекциясы арқылы қайтарылып алынып, нағыз жұмыс жасайтын шаруаларға беріледі. Бұл бір жағынан, диқандар үшін өте тиімді болса, екінші жағынан, «алма піс, аузыма түс» дейтін жалқауларға, аузымен орақ орып елдің берекесін алатындарға ащы сабақ болады. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген сөзді аталарымыз айтқан. Жер өз меншігі болса оның жауапкершілігі күшейеді, өнімділігін арттырудың шаралары жасалады, қурай басып бос жатуына жол берілмейді, озық технология жетістіктері пайдаланылады. Бізде игерілмей жатқан бос жерлер көп. Мәселен, Қызылорда қаласынан Жезқазған бағытына шықсаңыз құла дүзді көресіз. Жолда ел жоқ. Көлігі бұзылған адам елсізде табиғаттың тентек мінезімен бетпе-бет қалады. Тусырап жатқан осы жерге төрт түлік мал асырауға болар еді ғой. Қашықтығын қиынсынамыз. Егістік, жайылымдық жерді үй жанынан бергенді қалаймыз. Ал, алақандай жерден өнім алып, жері аздықтан шаруасын өрістете алмай отырған шетелдіктерге жалға берсеңіз осы бедірейіп жатқан Бетпақдала гүл далаға айналып кетер еді-ау, деп ойлаймын. Оны да ойлау керек. Пайдаланылмай жатқан бос жерлерді шетелдіктерге жалға берілуін қаламайды екенбіз, онда неге өзіміз  ондаған жылдар жерді игермей текке тоздырып келдік. Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бо­йынша есеп берді. Елімізге үлкен инвес­тициялар келіп жатқандығын білдік. Томат шығаруға маманданған «COFCO tunhe» деген шетелдік компания облысымызға 2,1 млрд. теңгеге зауыт салмақ. Бұл компанияның ерекшелігі томат жасаудан әлемдегі үштікке енеді екен. Зауыт құрылтайшысы шаруалармен келісім-шартқа отырып қызанақ ектірмек. Жоғары сұрыпты көшет, қажетті минералды тыңайтқыштарды өзі береді. Сонымен қатар, жерді күтіп-баптауды, жоғары өнім алуды қадағалайтын агрономды да өз есебінен қаржыландырады. Былай алып қарасаңыз, пайдаланылмай жатқан бос жерге 2,1 млрд. теңге инвестиция салынып, жаңа зауыт ашылады. Қаншама қазақстандықтар жұмысты болып, кәсіпорыннан түскен салық облыс бюджетін толтырады. Әлеуметтік саладағы талай жыртықты бүтіндейді. Шаруалар өз жерінде еңбек ете отырып, дайын өнімін қайда барып саудалаймын деп бас қатырмайды. Неге біз осындай игіліктерден бас тартуымыз керек?! Шетелдіктерге жалға берілген жерлердің қайтарымы осындай болса елдің игілігі ғой. Өзің қаржы салып, өзің игере алсаң сөз басқа. Кезінде менің әкемнің бауыры, қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенов қазақ жерін бөлшектегісі келген Кеңес империясының көсемі Никита Хрущевқа арыстандай буырқанып қарсы тұрды. Қазақ даласының әркімге үлестіретіндей құрақ көрпе еместігін, қазақтың меншігі екендігін айтты. Жоғары лауазымынан ұлттық намысын, мемлекетшілдігін жоғары қойды. Қазақ жерін бөлшектеуден осылай аман алып қалды. Біздің Елбасымыз да қазақ жері ұстағанның қолы, тістегеннің аузында кетпеуі үшін ұлы істер атқарып жүр. Көршілерімізбен бейбіт келісім орнатып, шекарамызды түгел шегендеп алдық. Ешқайсысының жер дауы жоқ. Бұл үлкен мәселе, ұлы жеңіс. Елдігіміздің басты белгісі. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер ең алдымен диқандардың мүддесіне орай жасалғаны өте дұрыс. Дүниежүзін бүгінгідей дағдарыс салқыны ұрып тұрған кезеңде шикізаттан түсетін аз-маз табысқа малдана бермей жеріміздің несібесін игере білсек, қиын кезеңдердің артта қалатын уақыты келеді. Ұлықпан БАШЕНОВ, Шымкент қаласындағы Абай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы