22 Қаңтар, 2011

Бар байлықтың бастауы

485 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен бұрнағы күні Жер ресурстарын басқару агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда Үкімет басшысы елімізде мал шаруашылығын дамыту мақсатында кең көлемдегі бағдарлама белгіленгенін, бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыру шабындықтар мен жайылымдардың сапасы мен есебіне тікелей байланысты екендігін атап көрсетті. Сонау бір жылдарғы өтпелі кезеңде елімізде мал басының күрт кеміп кетуіне байланысты шұрайлы жайылымдар мен құ­нарлы шабындықтар қараусыз қалды. Олардың есебін алып, малға жайлы жерлердің сақ­талуына да ешбір мән берілмеді. Талай-талай құнарлы шабын­дық­тар мен жайылымдардың басқа мақсаттарға пайдаланы­лып, «көрінген көк аттының» меншігіне өтіп кеткен жағ­дай­лары да аз болған жоқ. Енді Жер ресурстарын басқару агенттігі мал шаруашылығына қажетті жер жағдайымен тікелей айна­лысып, жіберілген олқылықтар­дың орнын толтыру үшін кешенді жұмыстар атқаруы керек. Өйткені ақтылы малдың құнар­лы өрісі мен шүйгін шабынды­ғы орны толмайтын жер қоры болып табылатындығын ескерте келіп, Үкімет басшысы агент­тік­тің алдына нақты міндеттер қойды. Алқа отырысында есепті баяндама жасаған Жер русурс­та­рын басқару агенттігінің төр­ағасы Өмірзақ Өзібеков 2010 жылы агенттіктің аймақтық жер инспекциялары жер қатынас­та­ры заңдылықтарының сақта­луын қадағалау мақсатында 6300 тексеріс жүргізгендігін атап көрсетті. Осы тексерістер бары­сында 3,5 мың кемшіліктер анық­талып, заң бұзушыларға әкім­шілік шаралар қолдану ба­рысын­да 428 миллион теңге айыппұл өндіріп алынған. Сонымен бірге, өткен жылы жер инспек­циялары еліміз бойынша жалпы көлемі 3 миллион гектардан аса­тын пайдаланымнан шыққан 17 мың жер телімін анықтаған. Оның ішінде жалпы көлемі 1,7 миллион гектарды құрайтын 4,9 мың иесіз қалған жер телімдері есепке алынған. Жалпы көлемі 1,1 миллион гектар ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер мемлекеттік меншіккке қайтарылды. Оның ішінде сот шешімі арқылы жалпы көлемі 95 мың гектар 254 жер телімі мемлекет меншігіне алынды. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік меншік мәселесі жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енгеннен бастап мемлекет мүддесі үшін сатып алынатын жер телімдерін бағалаудың жаңа тәртібі енгізілді. Мәселен, жер телімдері бастапқы жер иелерінен олардың мемлекетке осы жер телімдерін сатып ал­ған кезде төлеген бағасынан ас­пайтын сомаға сатылып алына­ды. Бұл ретте жер телімдерін сатып алған кезде мемлекет мүддесі үшін басымдық беріледі. Агенттік төрағасы Ө.Өзібековтің айтуын­ша, жеке меншік тұрғын үйлер салу үшін бөлінген жер телімдеріне ғана бұл орайда басымдық беріледі. Мұндай жер телімдері мемлекет мүдесі үшін рыноктық баға­мен сатылып алынады. Ал жер телімдерін екінші кезекте пайда­ланушы жер иелерінен мемлекеттік мүдде үшін сатып алы­на­тын жер телімдері рыноктық ба­ға­дан аспайтын сомаға өзара жа­са­лын­ған келісім бойынша жүзеге асы­ры­лады. Егер екі жақ мұндай келісімге келе алмайтын болса, жергілікті әкімдіктер мәселені сот арқылы шешетін болады. Өткен жылдың жұмыс қоры­тындысы бойынша есеп берген Алматы облысы және Алматы қа­ла­сы бойынша аймақаралық жер инспекциясының бастығы Әбді­ғали Бегманов, «Жерге орналас­тыру және жер ресурстары мемлекеттік ғылыми-зерттеу орталы­ғы» РММ-нің бас директоры Бағ­жан Сабаншиев, «Казгеодезия» РМК директоры Қадылбек Қа­йымбеков және басқалар салалық ұйымдардың атқарып жатқан жұ­мыстарына жан-жақты тоқтала келіп, өңірдегі инспекциялар мен салалық құрылымдардың жұмы­сына қолбайлау болып отырған кейбір проблемаларды тілге тиек етті. Алқа мәжілісінде барлық об­лыстарда, Астана және Алматы қалаларында аймақтық жер бас­қар­маларын құру туралы ұсыныс айтылды. Қазіргі кезде кейбір аймақтық жер басқармалары үш облыс аумағы бойынша жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде мәсе­ленің тиімді шешілуіне кедергі келтіріп отыр. Баяндамашы со­ны­мен бірге, Мемлекет басшы­сы­ның Қа­зақстан халқына ар­наған Жол­дауын­да айтылған тап­сыр­маларға ерекше көңіл бөлді. Бұл тапсыр­маларды жүзеге асы­ру мақсатын­да «Жетіген – Қор­ғас» және «Өзен – Түркімен­станмен мемлекеттік шекара» темір жол желі­лерінің және «Батыс Қытай – Ба­тыс Еуропа» автомобиль жолы­ның және «Бейнеу – Бозой – Ақ­бұлақ» магистральды газ құбыр­лары­ның құрылысы үшін инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жерге орналас­тыру мәселелері толығы­мен шешілгендігін атап көрсетті. Соны­мен бірге, баяндамашы жә­не ж­арыссөзде шығып сөй­леуші­лер ауыл шаруашылығы ныса­нын­­дағы жерлерді ұтымды пай­дала­ну­ды ұйымдастыру, иесіз қалған немесе заң бұзу­шылық­пен пайда­ланылып келген жерлерді анық­тау, сондай-ақ жер телімдерін пайдалану мен қор­ғауға жан-жақты мемлекеттік бақылау жасау елімізде азық-түлік қауіпсіз­дігін қам­тамасыз ету жолын­дағы Мемлекет бас­шысы белгілеген міндеттерді шешудегі тиімді де негізгі құрал болып табы­ла­тын­дығын ерек­ше айтты. Алқа мәжілісін қорытын­ды­лай келіп, Премьер-Министр Кә­рім Мәсімов Жер ресурс­та­рын басқару агенттігіне және оның өңірлік құрылымдарына нақты тапсырмалар беріп, бір­қатар міндеттер жүктеді. Біріншіден, агенттік барлық өңір­лердің әкімдіктерімен бірлесе отырып, үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы мақсатында пай­даланылатын жерді құжат­тық ревизиядан өткізуі керек. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды қамта­ма­сыз ету мақсатында жер телімдері иелерінен және жер пай­даланушылардан мемлекеттік мүдде үшін қайтып алы­натын жер телімдері жөнінде заңдарға тиісті өзгерістер енгізу мәселесін жеделдету қажет. Үшін­шіден, мал шаруа­шылы­ғын дамыту бағдарламасына сәй­кес белгіленген мақсаттарды құнарлы шабындық және шүй­гін жайылымдармен қамтама­сыз ету үшін кешенді шара­лар­ды жүзеге асыру керек. Каспий теңізінің жағалаулық инфра­құры­лымын дамыту үшін қа­жетті жер телімдері мәселелерін шешу үшін заңнамалық құжат­тар дайындауды қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге, Үкімет басшысы үстіміздегі жылы мемлекеттік жер кадастры жүйесі­нің автоматтандырылған ақпа­ра­тын өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы тапсырма берді. Премьер-Министр агенттік­тің ал­дына еліміздің барлық эко­номикалық салаларының пай­­да­лануы үшін қажетті жер жағ­дайының геодезиялық және кар­то­­графиялық кешенді жо­бала­рын жасау міндетін қойды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.